Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордалық БАҚ өкілдері кәсіби мереке қарсаңында баспаналы болды

Биыл бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында сала қызметкерлеріне жағымды тосынсый жасалды. Қазақстан Республикасы Президентінің тікелей тапсырмасымен осы салада қажырлы қызмет атқарып келе жатқан 65 қызметкер баспаналы болды.

"Журналистер күні тамаша бір тартумен басталып жатыр. Ең әуелі сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен, баспаналы болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Қоғамның барометрі атанған журналистерге, қарусыз майданның көрінбес қаһармандарына Мемлекет басшысы, министрліктің атынан үлкен алғыс білдіремін. Міржақып Дулатұлы атамыздың жақсы бір сөзі бар "Кімнің баспасөзі мықты болса, сол ел мықты" деген, қазіргі заманның тілімен айтқанда, кімнің журналисі мықты болса, сол озар", – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі. 

Президент бастамасына қолдау танытқан "Дара" президенттік бастамалар қоры мен "Халық" қайырымдылық қоры. Нәтижесінде елорданың сол жағалауында заманауи үлгіде, қазіргі талаптарға сай жайлы тұрғын үй кешені бір жылда салынған. 

"Әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды әрі қоғам алдында тұрған өткір мәселелерді көтеріп, алғашқы болып дабыл қағатын да, оның оң шешімін  табуға ықпал ететін де – БАҚ өкілдері. Сіздердің бүгінгі қуаныштарыңызға ортақпыз, бұл  біздің де қуанышымыз. Оқырман мен көрерменге жауапкершілікпен қарайтын журналистер қашанда да құрмет пен қолдауға лайықты. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!" – деді "Халық" қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.

Баспанаға ие болған БАҚ өкілдері бұл кәсіби мереке қарсаңында шын мәнінде күтпеген тосынсый болғанын айтып, ризалығын білдіріп жатыр. Қуанышты хабарды жақын-жуығына сүйіншілеген әріптестердің қуанышында шек болмады.  Соның бірі, Jibek joly телеарнасының тележүргізушісі Әнуар Қарбозов. Ол бірінші кезекте сүйінші хабарды алдымен анасына жеткізді. 

"Баспана деген көптеген замандастарымыздың проблемасы ғой. Алғашқы жарнасын жинайсың, әрі тартасың, бері тартасың – бәрібір жеткізе алмайсың. Ал бүгін күтпеген жерден пәтер кілтін тапсырғанда, қандай күйде болғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Барлығына зор алғыс. Әсіресе "Дара" және "Халық" қорларына мың мәрте рахмет. Бұл – енді сыйлықтың төресі болды!" – деп қуанышымен бөлісті Әнуар Қарбозов.  

Сол қуанышты лектің ішінде ұлттық телеарнада 35 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан Рахима Балтабаева да бар. 

"Бүгінгі күн мен үшін ең бақытты күн десем болады. Өзім екі баланың анасымын. Жіне бұл менің алып отырған алғашқы пәтерім. Мұндай бастама көтерген Президентке, сол игі іске қолдау танытқан Қорға және телеарна басшылығына зор алғысымды айтқым келеді. Осыдан бірер күн бұрын кадр бөлімі бізден бір-екі құжат сұратқан еді, оны біз әлдебір байқауға  тапсырып жатқан шығармыз деп жорамалдадық. Тап сол сәтте осындай үлкен қуанышқа кенелемін, маған пәтер бұйырады деп тіпті де ойламаппын. Міне, қазір ғана баспаналы болғанымды біліп, шыны керек, мұндай үлкен тосынсыйға жүрегім жарылардай қуанып тұрмын", – деп, ағынан жарылды Рахима Балтабаева.  

Екі бөлмелі пәтердің кілтін алып тұрып, қуанышын жасыра алмай, көз жасына ерік берген BAQ.KZ ақпарат агенттігінің бас редакторы Мөлдір Асқар да осы игілікті шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

"Егемен Қазақстан" газетінің журналисі Жолдыбай Базаров бұл қуаныштың күтпеген тосынсый болғанын айтады.

"Дара" президенттік бастамалар қорының директоры Әсел Шілдебаева 
ақпарат саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап: "Бүгін 65 отбасы үлкен қуанышқа кенелді. Баспаналарыңыз құтты болсын! Әрқашан армандарыңыз орындала берсін"! – деген ақ тілегін айтты.

Шынымен де,  биылғы кәсіби мереке қарсаңында 65  отбасының, 65 журналистің арманы орындалғаны ақиқат! 

STAN.KZ
Сейсенбі, 27 Маусым, 2023 11:27