Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елорда тұрғыны тапсырыспен докторлық диссертация жаздырамын деп 1,5 миллион теңгесінен айырылған

Астаналық әйел докторлық диссертация жаздырамын деп 1,5 миллион теңгесінен айырылған. Алаяқ өзі талап еткен сомасын алғаннан соң телефонын өшіріп тастап, байланысқа шықпай қойыпты. Кейінгі уақытта интернетті ашып қалсаңыз реферат, курстық жұмыстан бастап, докторлық диссертацияға дейін жазып беремін деген жарналамарды көруге болады. 

Елорда тұрғыны тапсырыспен докторлық диссертация жаздырамын деп 1,5 миллион теңгесінен айырылған

Ғылыми жұмысты, дипломды тапсырыспен жаздыру деген жаңалық болмай қалды. Интернетті ашып қалсаңыз ұсыныстар қаптап тұр. Осылай ғалым атанып, доктор болып жүргендер қаншама?! Егер де мұндай үрдіс жалғаса беретін болса мемлекет тарапынан шығынның  бара-бара көбейе беретін түрі бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап. 

«Ешбір білім-ғылым саласына жоламай, айдалада жүретін адам көп. Ал сол диплом алу үшін, дәреже үшін оқып, әрі қарай ол ғылыммен айналыспаса, мемлекеттің бөлген білім гранты, оған төлеген стипендиясы, шетелге шығарған тағылымдамаға бөлген ақшасы бәрі далаға кетті деген сөз», - дейді журналист, ұстаз Қуандық Шамахайұлы.

Жалпы, кейінгі уақытта «қазақстандық ғалымдар мынадай өнертабыс жасапты» дегенді бірлі-екілі ғана естиміз. Неге? Себебі ғылымға шын берілген фанаттардың аздығы себеп болар. 

«Жәй бір жұмысының өсуі үшін керек болса сатып ала салады. Оған ол ештеңе емес те. Әрине бұл дұрыс емес. Былайша айтқанда қиянат. Өйткені ол мемлекеттің стипендиясын алып отыр. Соған сай білім алып жатқан жоқ. Пара қолданып, жаздырып отыр. Ол дұрыс емес». 

«Ол мүлдем дұрыс емес нәрсе деп ойлаймын. Атүсті жасалынған нәрсе  ешқандай да нәтиже бермейді».

Білім мен ғылым саласын бір кісідей білетін Сағдат Әділбеков көпшіліктің көкейіндегі күдіктің бекер еместігін растады. Иә, таныспен түсіп, ақшамен шешіп кететіндер бар екен. Әдістері де таң-тамаша. 

«Диссертацияларды біреуді жалдап жаздырып жатады. Бірақ ол тіптен керек емес нәрсе. Қазір антиплагиат деген нәрсе бар. Тексеруден өтеді. Соның өзінде айналып өтетін жолдары бар. Мысалы, әрпін ауыстыратын болса, плагиат оны танымайды. Мүлде ерекше болып шыға келеді. Өзі жазғандай болады. Осындайды комиссия мүшелері білу керек, реттеу керек», - дейді саясаттану ғылымдарының кандидаты Сағдат Әділбеков.

Әлбетте, барлық магистр мен доктор диссертациясын сатып алады деуден аулақпыз. Бірақ проблеманы айтпасаң тағы болмайды. Жалпы, ғылыми дәрежені түйіндеме үшін алып жатқандар көбейсе, ертең мамандардың арасында вакуум пайда болады. 

«Ең басты қателік ғылыми мамандарды таңдауда болып отыр. Мысалы, ЖОО-да оқитын студенттерді студент кезінен ғылымға бейімдеу керек.  Соның ішінде қабілеті бар, болашақта шын ғалым болады, ғылыми жаңалық аша алады деген жастарды ғана қолдауымыз керек. Ал енді кім-көрінген таныстарын әкеліп магистратура, докторантураға стипендия үшін сала беретін болса, онда біздің ғылым болашақта тоқыраудың  ең үлкен шегіне жетеді», - дейді Қуандық Шамахайұлы.

Мамандар айтты. Бірақ, құлақ асатындар аз. 1,5 миллиондап танымайтын адамға беріп, сан соғып қалып жатқандар да бар. Ақыры заңсыз әрекетке барады екенсіз, алаяқтарға ұрынуыңыз мүмкін екенін біле жүріңіз.  Ал жаңағы «ғалымдарды» алдағандар ұсталса мынадай жаза күтеді:  

«Аталған әрекет ҚР Қылмыстық кодексі 190-бабымен, яғни алаяқтық бойынша сараланады. Осы ретте алаяқтық бабының бірінші бөліміне сәйкес мүлкі тәркіленіп, 1 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл  салу,  не сол мөлшерде түзету жұмыстарына тарту, не болмаса 600 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту, не екі жылға дейінгі мөлшерде бас бостандығын шектеу,  не сол мерзімге бас бостандығын айыру жазасы беріледі», - дейді заңгер Айдос Шарипов. 

Талқылау