Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елорда маңынан өлі жылқылар табылды: Іске қорғаныс министрлігі қызметкерінің қатысы бар болуы мүмкін

Нұр-Сұлтан қаласының іргесінен табылған 28 өлі жылқыға қатысты іс туралы жаңа мәліметтер анықталды. Полиция мәліметінше, оқиғаға қатысты екі барымташы тұтқындалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Елорда маңынан өлі жылқылар табылды: Іске қорғаныс министрлігі қызметкерінің қатысы бар болуы мүмкін

Сурет: КТК/скриншот

Ақмола облыстық полиция департаментіндегілердің сөзінше, ұсталған екі барымташы 58 жылқыны ұрлады деп күдіктелуде. Жылқылардың 28-і өлі табылған. Келтірілген залал сомасы 17 миллион теңгені құрайды.

Арна мәліметінше, ұсталған барымташылардың бірі қорғаныс министрлігі бөлімдерінің бірінің бұрынғы басшысы болып шыққан. Ол қазан айының басында қызметінен босатылыпты. Тергеу нұсқасы бойынша, дәл осы азамат барымташылар тобын басқарған.

Ал екінші күдікті туралы мәлімет аз. Оның 26 жаста екені және Целиноград ауданының тұрғыны екені ғана белгілі.

Күдіктілердің сөзінше, олар жол талғамайтын көлікпен ұрланған жылқылар тиелген ауыр жүк тасығыш көліктің соңынан еріп жүрген. Алайда жолда контейнерлердегі жануарлардың көбі тұншығып өліпті. Сол кезде оларды жол бойына лақтырып кеткен. 

Еске сала кетсек, қыркүйек айының соңында елорда іргесінде жолдың маңынан өлі жылқылар табылған еді. Артынша полиция жылқыларды жүк көлігінен түсіріп тастағанын анықтады. Жануарлар жабық кабинада тұншығып қалған.

Талқылау