Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі партиялардың бір күндік үгіт-насихат жұмыстарына шолу

Елімізде парламент мәжілісі мен мәслихатының кезектен тыс сайлауына түсетін барлық кандидаттар мен партиялардың насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Додаға түсіп жатқан партиялар кезекті үгіт-насихат жұмыстарын қалай жүргізді. Бір шолып шығайық.

"AMANAT" партиясы

Аманат агитация"AMANAT" партиясы сайлауалды штабының мүшелері 28 ақпан күні үгіт-насихат жұмыстарын Арқалық қазақ жасөспірімдер театрында жұртшылықпен кездесуден бастады.

Одан кейін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Арқалық қаласының шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Партиялықтар бизнесті жүргізу бойынша қарапайым ережелерді қамтамасыз етуге ұмтылатынын атап өткен.

2027 жылға дейін кем дегенде 15 мың артық реттеуші кедергі жойылады. Сондай-ақ “аманаттықтар” ауыл шаруашылығы субсидияларын бөлуге байланысты проблемалық мәселелерді бақылауға алуға уәде берді.
Штаб мүшелері Арқалық жылу энергетикалық компаниясының еңбек ұжымымен кездесіп, тозығы жеткен коммуналдық желілердің жай-күйін талқылады.

"AMANAT" төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, 2027 жылға дейін партия Арқалықта 40 шақырым электр және су құбыры желілерін, сондай-ақ 65 шақырым кәріз желілерін қайта жаңартуды қамтамасыз етеді.

"Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы

Ауыл партия 2

"Ауыл" партиясынан ҚР парламентінің мәжілісі депутаттығына кандидаттар Қайрат Айтуғанов, Николай Арсютин, Серік Егізбаев, Рабиға Тоқсейітова мен София Әбдіразақова Қазақстанның солтүстігіндегі үш облысты ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған "Есіл су" РМК ұжымымен кездесті.

Құрамына Булаев, Есіл, Соколов, Преснов топтық су құбыры кіретін "Есіл су" РМК Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облысының 250-ге жуық елді мекенін, 200 мыңға жуық тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз етеді. "Ауыл" партиясы атынан ҚР парламенті мәжілісінің депутаттығына кандидаттармен кездесуге аталған мекеменің жүзден астам жұмысшысы келді. Жиында сөз сөйлеген мәжіліс депутаттығына кандидаттар әлемдігі таза су тапшылығы жайлы жалпы мәлімет келтіріп, аталған үш өңір халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын қызметкерлерінің жұмысын ерен еңбек деп бағалады.  

"Ауыл" партиясының басты мақсаттарының бірі – сіздердей еңбек адамына деген құрметті қайтару. Біз тек сіздермен ғана елімізді индустриалды-аграрлық державаға айналдырамыз және сол арқылы бақуатты ауыл, дамыған қала мен қуатты мемлекет қалыптастырамыз", – деді "Ауыл" партиясы атынан мәжіліс депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов.

Партия сайлауалды бағдарламасы бағыттарының мақсат-мүдделерімен қабысатынын айтты. Өздерін толғандырып жүрген мәселелелерді де ортаға салып, сұрақтар қойды. Кандидаттарға ұсыныстарын аманаттады.  

"Respublica" партиясы

Республика агитацияПартия өкілдері сайлау додасының 9-шы күнін аяқтады. Қызылордада партия көшбасшылары мен кандидаттары 700-ден астам адам қатысқан бірнеше кездесу өткізді. 

Respublica партиясымен кездесуге Қызылорданың 200 кәсіпкері келген. Respublica партиясының көшбасшылары Қызылордада кәсіпкерлікті дамытудағы проблемалар мен кедергілерді талқылады. Қатысушылар жоғары салықтар мен несие мөлшерлемесі, сондай-ақ бюрократия мен мемлекеттік кедергілер мәселелерін көтерді.

Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау өңірлердегі халықпен кездесулердің бірінде ауылдағы медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің жұмысын жеңілдету керектігін айтты.

"Біріншіден, қағазбастылықтан бас тарту керек. Олар ауылдағы мұғалім болсын, дәрігер болсын, бюрократиялық мәселелерге немесе әлеуметтік жағдайына алаңдамай, тек тікелей жұмысымен айналысуы тиіс. Сонда ғана білім мен медициналық көмектің сапасы мықты болады", – деді ол.

Қазақстан Халық партиясы

Халык партиясы 227 ақпанда мәжіліс депутаттығына кандидат, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев әріптестерімен бірге Шығыс Қазақстан облысында ҚХП активімен үгіт-насихат кездесуін өткізді.

“Біз халық билігін қалпына келтіру үшін жұмылып еңбек етуге әзірміз! Парламент шенеуніктерден емес, халықтан құрылуы тиіс!” – деді Е. Ертісбаев.

Парламент мәжілісінің депутаттығына кандидат, ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков сайлауалды үгіт-насихат жұмысын Шымкент қаласындағы "Нұр Авто" базарында жалғастырды.

Асхат Асылбеков Шымкент жұртшылығына партияның сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстырып, халықпен пікір алмасты.

“Халық партиясының сайлауалды бағдарламасы әлеуметтік сала мен кәсіпкерлік бағытқа басымдық береді. Қазақстандықтар бітпейтін қарыздан, өтірік айтатын биліктен шаршады. Халық жаңа Қазақстанда қолайлы өмір сүргісі келеді. Біздің партия мемлекетімізде қалыптасқан жүйенің мәнін түбегейлі өзгерту қажет деп санайды”, – деді ол.

"Baytaq" Жасылдар партиясы

Байтак партия 3"Байтақ" жасылдар партиясының өкілдері мен қоғам белсенділері қосылып Шымкент қаласының орталығында тұрғындарға үгіт-насихат жүргізді.

Тұрғындарды толғандыратын сауалдарына жауап беріп, өз сайдауалды бағдарламамызды түсіндіріп, сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырған.

"Ақ жол" партиясы

Ак жол партияАзат Перуашев бастаған "Ақ жол" демпартиясының республикалық штабы Алматы облысы Іле ауданындағы "Dolce -Pharm" ЖШС фармацевтикалық компаниясының және Алматыдағы "Имсталькон" зауытының еңбек ұжымдарымен кездесті.

Кәсіпорын басшылығы мемлекеттік "СК-Фармация" ЖШС-мен жылдық келісім-шарттың үзілуіне байланысты кейбір құрал-жабдықтардың қолданусыз қалғаны туралы айтты. Ары қарай да мұндай жағдай қайталанса кәсіпорын "Ақ жол" партиясы депутаттарының көмегіне жүгінетіндігі келісілді.

Бұған дейін компанияның осы тектес өтініштері үнемі парламенттегі "Ақ жол" фракциясының қолдауына ие болып, туындаған мәселелер шешімін тауып отырды.

Қызметкерлер тұрғын үй және жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер теліміне әкімдік кезегінің кері өсуіне, жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген аудандарда қолжетімді мектептер мен балабақшалардың жоқтығына, баға тұрақсыздығы мен несие пайызының жоғары болуына наразылықтарын білдірді.

Сондай-ақ, сайлаушылар жемқорлардың шетелге шығарған қаржысын халыққа қайтару жұмыстарын күшейтуді талап етті. 

Перуашев көтерілген мәселелерді шешудегі партия ұстанымын баяндап, әкімдіктердің әлеуметтік тұрғын үйді заңсыз беруіне қатысты фракцияның депсауалдары, жемқорлыққа жол берген шенеуніктердің жазасын өтегеннен кейін де елден шығуына тыйым салу туралы талаптары туралы айтты. Аталған шаралар жиналған қауымның қолдауына ие болды.

Сол күні "Ақ жол" демпартиясы республикалық штабының мүшелері Алматыдағы "Имсталькон" зауытының жұмысшыларымен кездесті. Кәсіпорын құрылыс саласы үшін металл конструкцияларын шығарады.
Атап айтқанда, қызметкерлердің жалақысын көтеру жолдары, мемлекеттік сатып алулардағы отандық тауар өндірушілерді қорғау, БЖЗҚ-ның шығынға батқаны мен зейнетақы жинақтарының сақталу мәселелері талқыланды.
Пікіралмасу емін-еркін әрі қызықты өтті, жұмыскерлердің көбі сайлауда "Ақ жол" партиясы мен оның кандидаттарына дауыс беруге ниетті екендіктерін айтып, алған беттен айнымай, көтерілген мәселелердің шешімін табу үшін табандылық таныта беруді сұрады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы

ЖСДП

Партия өкілдері Алматы қаласында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. ЖСДП-дан ҚР парламенті мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидаттар Тазабек Самбетбай, Ирина Алимжанова және Айдар Алибаев бастауымен бірнеше брендтелген автокөліктер Алматы көшелерімен жүріп өтті.

Еске салайық, 19 наурызда елімізде парламент мәжілісі мен мәслихаттығының кезектен тыс сайлауы өтеді. Айта кетейік, үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда басталған. Науқан 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.

Ақберен Амангелді
Сейсенбі, 28 Ақпан, 2023 16:00