Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Электр энергиясындағы мәселе мен тұтынушылар санының артуы: Мобильді интернет тарифінің қымбаттауына не әсер етеді

Адамдардың қалтасын ойлап, шығындарын қысқарту мақсатында бағаны ұстап тұру жақсы тәсіл болғанымен, мұның кері салдары да болуы мүмкін. Таяқтың екі ұшы бар демекші, екінші жағын да ескермесе, баға өсіп, жағдай тұрақсыздана түседі. Ал бір салада туындаған мәселе екінші салаға зиянын тигізбей қоймайды. Мысалы, Beeline Қазақстан деректеріне сүйенсек, электр желісінің тозуы және жарықтың жиі сөнуі елімізде базалық станцияларды уақытылы қосуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Энергетика министрі Болаш Ақшолақовтың сөзінше, елдегі электр желілерінің орташа тозу деңгейі 66%-ға жеткен. 2022 жылы технологиялық ақаулар саны бірден 183-ке өскен. Тіпті кей аймақтарда желінің тозуы 90%-ға жуықтапты. Электр желісінің тозуы апаттар санының артуына алып келеді. Ал апаттардың алдын алу үшін қыруар қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Сондықтан еліміз 2015 жылға дейін қолданылып келген "тарифті инвестицияға айырбастау" моделіне қайта оралады. Демек, жылу мен электр қуатының тарифінде электр станцияларына қажетті болашақ инвестиция да есепке алынады. 

Коммуналдық желідегі мәселелер өзге де салаларға әсер етеді. Beeline Қазақстан компаниясының мәліметінше интернет желісіндегі проблемалардың 70%-ы жарықтың сөніп қалуымен байланысты екен. Дегенмен телеком саласы коммуналдық желі саласына қарағанда инвестициялық портфелін көбірек толықтырып келеді. Мәселен, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында ақпарат пен байланыс саласына құйылған қаржы көлемі 24,3 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда 59,8%-ға көп. Ал 2022 жылы телеком саласындағы инвестицияның жалпы мөлшері 2021 жылмен салыстырғанда 39,1%-ға өсіп, 178,9 миллиард теңгеге жеткен. 

Телеком саласына қаржының көптеп құйылуына пандемия мен локдаун себеп болған. Өйткені 2020 жылдан бастап мобильді желінің маңызы артып, оған түсетін ауыртпалық та көбейді. Сондықтан операторлар инфрақұрылымға көбірек ақша құйып, интернет желісін дамытуға кірісті. Қазіргі таңда құйылған қаржының көп бөлігі интернет жылдамдығын арттыруға және осы жылдамдықты ұстап тұруға, соның ішінде 3G-ден 4G-ге өтуге, жаңа 5G желілерін орнатуға жұмсалады екен. Айта кетері, салаға инвестицияны операторлар өз қалтасынан құяды. 

Сондай-ақ, коммуналдық желіде негізгі мәселе инфрақұрылымның тозуы болса, ақпарат пен байланыс саласындағы мәселе – желіге түсетін ауыртпалықтың артуы. Мұны Beeline Қазақстан мен Kcell/Activ операторлары келтірген деректерден байқауға болады. Beeline операторында 2022 жылдың 4-тоқсанында жан басына шаққанда мобильді интернет трафигінің орташа көлемі 16,8 Гб болған, бұл 2021 жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткіштен 19,2%-ға көп. Ал Kcell/Activ операторында жан басына шаққандағы орташа трафик көлемі 13,4 Гб болған, өсім 9%. Оның үстіне, Қазақстанда әр адам тұтынатын орташа трафик көлемі әлемдегі орташа көрсеткіштен де көп. GSMA Intelligencе мәліметінше, 2022 жылдың 4-тоқсанында әр тұтынушыға шаққанда трафик орта есеппен 12,1 Гб болыпты. 

Телеком саласына құйылатын инвестицияның артқандықтанын негізгі көрсеткіштерден байқауға болады. Speedtest дерегіне сәйкес, 2023 жылдың наурызында елдегі мобильді интернеттің медианды жылдамдығы 24,9 Мбит/с жеткен, бұл 2022 жылдың наурызындағы көрсеткіштен 32,9%-ға көп.

Қазақстандағы интернет жылдамдағы Орталық Азия елдерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екен. Мәселен, Қырғызстанда мобильді интернеттің медианды жылдамдығы 23,7 Мбит/с болса, Өзбекстанда 17,8 Мбит/с, Түркіменстанда 16,1 Мбит/с, Тәжікстанда 9,2 Мбит/с.

Операторлар интернет жылдамдығының артуына байланысты 4G және 5G желісімен қамтылған аймақтар санын арттыруға тырысуда. Дегенмен байланыс мұнарасына арналған құралдар шетелден сатып алынғандықтан, доллар бағамы шығынның артуына әсер етеді екен. Шығынның көбеюіне жанар-жағармайдың қымбаттауы мен электр энергиясы тарифінің өсуі де әсер етеді. 

Шығындардың артуына қарамастан, Қазақстан интернет бағасы төмен елдердің қатарында. Интернеттің қолжетімділігі индексіне сәйкес, 2022 жылы елімізде мобильді интернеттің 1 Гб-ның құны 80 цент болған. Осылайша, 164 елдің ішінде интернет бағасы бойынша 8-орынға көтерілді. Оның үстіне BroadbandChoices.co.uk Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстандағы телекоммуникация секторы айтарлықтай дамығанын көрсеткен. 

Атап өткен факторлардың барлығы (операторлардың көптеп инвестиция құюы, желінің дамуы, тұтынушылар санының өсуі) байланыс саласында тарифтің өсуі орынды екенін көрсетеді. Бұлай болмаған жағдайда интернет жылдамдығын арттыру, мобильді желінің ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мүмкін болмайды. 

Талқылау