Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ел байлығының жартысы 162 адамның қолында: Қазақстанның ең бай адамдарының табысы қандай

Қазақстандағы ең бай адамдардың қанша табыс табатыны белгілі болды. Finprom.kz сараптамалық порталының мәліметінше, елімізде 12,1 миллион ересек адам өмір сүреді. Олардың 96,6 пайызы немесе 11,7 миллионының ай сайынғы табысы 10 мың доллардан аз, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ел байлығының жартысы 162 адамның қолында: Қазақстанның ең бай адамдарының табысы қандай

Елімізде ересектердің 2,7 пайызының (326 мыңнан астам адам) жылдық табысы – 10 мың мен 100 мың доллар аралығында. 0,35 пайызы немесе 42 мың адамның жылдық табысы 100 мыңнан миллион долларға дейін жетеді. Ал 0,05 пайызы (5,8 мың адам) 50 миллион долларға дейін табыс табады екен.

162 адам (0,001 пайыз) жалпы байлықтың шамамен 55 пайызына ие. Олардың 112-сі жылына 50-80 миллион доллар аралығында табыс тапса, 45-інің табысы – 80-нен бастап 800 миллион долларға дейін, бесеуінің табысы – 2-3 миллиард доллар аралығында. 

Басылымда аталғандай, биылғы жылдың екінші тоқсанында халықтың орташа табысы 169,5 мың теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы дәл осы кезеңмен (153,7 мың теңге) салыстырғанда 10,3 пайызға көп. 

Өңірлер бойынша ең көп табыс табатын – Алматы қаласының тұрғындары. Олардың табысы 234,9 мың теңгені құрайды. Бір жыл бұрын алматылықтардың табысы 218,8 мың теңге болған. 

Ал елордадағы орташа табыс – 226,7 мың теңге. Бұл өткен жылдағы осы кезеңмен (213,5 теңге) салыстырғанда 6,2 пайызға көп. 

Өңірлер бойынша табысы жоғары үштікті Қарағанды облысы аяқтайды. Мұнда халықтың орташа табысы 9,4 пайызға артып, 199,7 мың теңгені құраған (бір жыл бұрын - 182,6 мың теңге). 

Сонымен қатар табыс көлемі бойынша үздік бестікке Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары кірді. Бұл өңірлердегі орташа табыс - 198,4 мың және 191,7 мың теңге. 

Ал еліміздің 8 өңіріндегі халықтың табысы республикалық орташа мәннен төмен екен. Тұрғындарының табысы ең төмен өңірлер – Түркістан (100,4 мың теңге), Жамбыл (128,1 мың теңге) және Қызылорда (137,7 мың теңге) облыстары. 

Кірістер құрылымының негізі бөлігін еңбек қызметі құрайды: 72,8 пайыз немесе 123,4 мың теңге. Бір жыл бұрйын бұл көрсеткіш 115,1 мың теңгені құраған. 

Кірістер құрылымындағы әлеуметтік трансферттер 24 пайызға өсіп, 39,8 мың теңгені құраған. Туыстары, таныстарынан алатын материалдық көмек пен алимент мөлшері 4,3 мың теңгені құрады. Бір жыл бұрын аталған көмек 200 теңгеге көп болған. Ал өзге кірістер 2,1 мың теңгеге тең. 

Талқылау