"Екі өңірді жақындастырып жатыр": Алматылықтар Шығыс Қазақстан облысы өнімдерінен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде сауда жасады
2 қарашада Алматыда Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің бірінші күні өтті. Stan.kz тілшісі жәрмеңкені аралап, сондағы тұрғындардың әсерлерін сұрап білді.

Фото: Stan.kz
Бүгін Алматыдағы Сәтбаев көшесінде (Уәлиханов және Достық көшелерінің арасында) 8.00-ден 18.00-ге дейін қызу қарбалас болып, халық жәрмеңкеде сауда жасады.

Фото: Stan.kz
Жәрмеңке аумағына кіре берісте Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы облысының аркасы тұр. Жәрмеңке екі қанатқа бөлінген. Бір жағында ШҚО-ның Алтай, Глубокое, Катонқарағай, Ұлан, Үлкен Нарын, Самар және Шемонаиха аудандары және Өскемен қаласы, ал екінші жақта Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Атамекен сынды аудандары, Қонаев қаласының сауда орындары мен үстелдері тұрды. Күздің әсерін беру үшін арка маңында асқабақтар қойылған, қызғылт-сары өң берген.

Фото: Stan.kz
Ең қолайлысы – ортада жәрмеңкеде сатылатын барлық өнім мен олардың орташа бағалары жазылған. Өнім ассортименті – 50.

Фото: Stan.kz
ШҚО ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпкерлері Алматы қаласының тұрғындары үшін жоғары сапалы және табиғи, экологиялық таза ет, сүт өнімдері, бал, балық өнімдерін және көкөніс пен жеміс-жидектер ұсынды. Олар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай және сатушыларда өнімдердің шығу тегін, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар.

Фото: Stan.kz
Алматылықтар екі күнге созылатын жәрмеңкенің алғашқы күнінде өте қуанышты. Әсіресе, Данагүл есімді тұрғын мұндай бастамаға риза.
“Өте ыңғайлы. Бар керегіңді бір жерден табасың, кірерде бағалары жазылып тұр екен, әрқайсысынан сұрап жүрмейсің. Өзіміздің Алматы облысының өнімі бар, алыс аймақтан келгені бар. Салыстырып жүрміз”, – деді алматылық Данагүл.

Фото: Stan.kz
Алматы тұрғыны Роза жәрмеңкені өңіраралық коммуникацияны дамытып жатыр дейді.
“Бұл – екі өңірді жақындатудың бір әдісі. Себебі әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар, соған саудагерлердің сату әдісі бөлек, өздері ғана дайындайтын өзгеше өнімдері бар. Бүгін шығыстықтардың жаңаша заттарын көріп, танысып жатырмыз. Мысалы балдан жасалған шарапты көріп таң қалдық, құрттың өзгеше түрін байқап жатырмыз. Өзге мәдениетпен танысып, жақындасқандай әсер қалдырды”, – деді Роза.

Фото: Stan.kz
Ертең, яғни 3 қарашада дәл осылай 8.00-ден 18.00-ге дейін жәрмеңке жалғасады.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады