Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дүнгендер деген кім, мәдениеті мен салт-дәстүрлері қандай?

Дүнген халқының өкілдері Қазақстанға қашан көшіп келді, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі қандай? Мұсылман дінін ұстанатын этностың мәдениеті туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы тұрғыда дүнген халқын тану мақсатында Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия технологиялық университетінің педагогикалық ғылым докторы, профессоры Римма Масыровадан сұхбат алған еді.

дұнған әйел

–    Дүнген халқы қандай?

–    Дүнген халқы өте еңбекқор. Олар мемлекетіміздің ауылшаруашылығының дамуына үлес қосты, әлі де дамыту үстінде. Егін егу технологиясын өздерімен бірге ала келді. Қазақстандағы дүнгендер әлеуметтік-мәдениеттік және қоғамдық-саясат салаларында еңбек етіп келеді. Нарықтық экономиканың құрылу барысында көптеген дүнгендер белсенді түрде бизнес және жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Дүнгендер мәдениетінің ерекшелігі – олар аспаздық жағынан басым түседі. Мұны талай этнографтар да байқаған. Олар өз Отанын сүйеді, қорғайды. Ұрпағына тәлім-тәрбие беріп, біліміне аса қатты назар аударады. Үлкендерді сыйлап, өз музыкасын, тарихын құрметтейді. Ал дүнгендердің ұлттық тағамына келер болсақ, ол айрықша әңгіме. 

–    Дүнген халқының салт-дәстүрі ұлттық тағамымен байланысып келеді екен. Қандай дәстүрлері бар?

–    Дүнгендер тамақ дайындағанды ұнатады. Сондай-ақ, жақсы тамақтана да біледі. Иә, дүнгендерде көптеген салт-дәстүрлер аспен байланыстырылған. Дүнгендер тағамды «Жуэфон» деген жеке орында дайындайды. Ол жерде тазалақ қатаң сақталады. Жуылмаған ыдысты таңертеңге дейін сақтамайды. Ондайды қайтыс болған адамды жер қойнына тапсырмай, үйге сақтап қойғанмен салыстырады. Дүнгендер тазалыққа қатты мән береді, сол жағынан көпшіліктен ерекшеленеді. Олар гигиеналық талаптарға сай өмір сүреді. Дүнген жеміс-жидек көп жейді.  Сол себептен де олар салауатты өмір салтымен туып өседі деп айтуға болады. XIX ғасырда зерттеушілер дүнгендер басқа ұлттармен салыстырғанда денсаулығы мықты әрі ұзақ өмір сүретіндерін анықтаған.

дүнген тойы
–    Дүнгендер үйіне келген қонақты қалай күтеді? 

–    Дүнгендер қазақ халқы сияқты еңбекқор, жайсаң, бейбіт өмірді қалайтын және қонақжай халық. Дүнген тағамы: лапша, күріш, ет және жеміс-жидектерден тұрады. Тек қамырдың бірнеше түрі бар. Жалпы дүнгендер - шайқор халық. Олар қандай тамақ жесе де шаймен бастап, сорпамен аяқтайды. Тамақ ішкенде қасықты сыңғырлатып, таяқшаларды шақырлатуға болмайды. Өйткені олар ондайда байлық қашып кетеді деп түсінеді. Үйге қонақ келсе, оны құрметпен қарсы алады. Оған төрден орын беріп, алдына дәмді ас қояды. Дүнгендер мейрамнан қалған тәттілерді сақтап қояды. Олардың түсінігінше, ол тәттілер үйге бақыт әкеледі. 

–    Сыйлы қонаққа қандай тағамын ұсынады?

–    Дүнгендер келген қонаққа лағман тағамын ұсынады. Жалпы олар лағманды дүниежүзіне өздерінің танытқанын көп айтады. Лағман сөзі «люмян» және «ламян» сөзінен шыққан, яғни созылған қамыр дегенді білдіреді. Тіпті осы тағам туралы аңыз бар. Баяғыда үш аш жолаушы кезігіп қалады. Олар бірігіп тамақ дайындауды шешеді. Сөйтіп ұн, кептірілген ет, шалғам және дәмдеуіштер қосып бір ас әзірлеп шығарады. Олардың жасаған тамағын өтіп бара жатқан бір кісі жеп көріп, дәмді шыққанын айтқан. Міне, содан бері әлгі үш жолушы кедейліктен құтылып, бір-бірімен жақсы достар болып кетіпті. Сол себептен де лағман мерекеде және жәй күндері де дайындала береді. Ол отбасы мүшелерінің барлығын бір дастарханда жинайтын ас ретінде қабылданады.

дүнген тамақ
–    Жалпы дүнген этносында ерте жастан үйлендіру туралы көп айтылады. Осы рас па?

–    Өкінішке қарай бұрынғы кездері қыздарды 15-16 жасында күйеуге берген. Қазіргі кезде жастар білімге құштар. Олар жоғары оқу орындарын бітіріп барып отбасын құрады. Қазіргі кезде бұрынғыдай ерте үйлену арамызда кездеспейді. 

–    Дүнген халқының үйлену пәсімі қалай өтеді? 

–    Дүнген халқының үйлену рәсімі мәдениетінің ерекше тұсы. Үйлену рәсімі ескі салт-дәстүр бойынша өтеді. Құда түсу, сыйлықтармен алмасу дәстүрлері бар. Үйлену тойының алғашқы күні таңертең сағат сегізде басталады. Қонақтарға ұлттық тамақ беріледі. Ол ет, сәбіз, шалғам және қарыннан дайындалады. Үйлену тойы қалай ерте басталса, солай сағат күндізгі екіде бітеді. Дүнгендер дәстүрлі мерекелерін үйде жасағанды қалайды. Қонақты үй қожайынының туыстары күтеді. Бұл ағайындар арасындағы сыйластықты білдіреді. Бір ерекшелігі – дүнген тойларында еркектер мен әйелдер бөлек отырады. Еркектерге ер адамдар, әйелдер жаққа әйелдер қызмет етеді. Үйлену тойына арналған күріш далада үлкен қазанда дайындалады. Тамақты көбінесе ер адамдар пісіреді. Дүнгендер палауға ет көп қосады, сонысымен өзбек тағамынан айырмашылығы білінеді деп айтады. Дүнген халқында да шашу дәстүрі  бар. Қонақтар тәттілер және ақша шашады. Тойда қонақтарға щи тамағы беріледі. Жалпы үйлену тойларында 13 ас түрі дайындалады. Оның көлемін келген қонақтарға байланысты да арттыруға болады. Алайда ол үй қожайынының жағдайына және қонақ санына байланысты.

дүнген шаш
–    Қалыңдық дайындығы қалай өтеді?

–    Келінді дайындау сәті ең маңызды болып есептеледі. Келінге ұлттық шаш үлгісін дайындауға бір сағат кетеді. Ол дүнген шаш үлгісі деп аталады. Оған гель-фиксатор және шашты қысып тұратын үшін жіптер керек. Дүнген ұлттық шаш үлгісін дайындау ұрпақтан-ұрпаққа, яғни анасынан қызына жетіп отырады. Жергілікті әйелдер шашты гель және тіс щеткасы арқылы жатқызады. Олардың айтуынша, онымен жұмыс істеу оңай. Қыздың шашына неше түрлі гүлдер мен әдемі жылтырақтар тағады. Ол жылтырақтар бұрын күмістен жасалатын болған. Оны тек байдың қыздары пайдаланған. Шаш үлгісін жасап болған соң қызды киіндіреді. Дүнген келінінің костюмі ұзын және қысқа екі жейде, мерекелік накидка, жеңі шолақ киім, шалбар, шұлық және арнайы қалыңдық аяқ киімінен тұрады. Үйлену тойына киетін киім қолдан тігіледі. Ал қалыңдық артынан келген төсек жабдықтары есік алдында жайылып көрсетіледі. Әр зат гүлдер және қызыл ленталармен безендіріледі.

дүнген киім
–    Күйеубала жағы қалай дайындалады?

–    Күйеубаланың достары оның костюміне қызыл және жасыл лента байлауға көмектеседі. Ең жақын достары тойдың жақсы, әрі көңілді өтуін қадағалайды. Тойдан кейін күйеубала достарына рахмет айту үшін дастархан жаяды. Би билеп, ән айтудан бөлек үйлену тойда жастар бір-біріне көмір жағып және жаңа кесілген шыбықпен қамшылайды. Қызды алып кетуге келген күйеубала үйдегілер оған қызыл орамалмен белгі бергенше үйге кірмей күтіп тұрады. Ары қарай молда жастардың некесін қыздың үйінде қияды. Қызға орамал жауып, оны үйден ағасы немесе туған бауыры шығарып салады. Жаңа үйге аяқ басқанда болашақ күйеуі де оған орамал жабады. Одан кейін күйеубаланың енесі өз орамалын береді. Келінді үйге кіргізбестен бұрын жер жаңғағы және өрік шашуда шашылады. Жер жаңғағы бала күтіп жүрген келіншектерге таратылады. Егер әйел ұл туғысы келсе, жаңғақ алады. Ал өрік алса, онда қыз туады дегенді білдіреді. 

би
–    Жалпы дүнген халқында аралас неке бола ма? Әлде олар қарсы ма?

–    Бізде аралас неке көп. Қазақпен, ұйғыр, корей, орыс ұлттарымен отбасын құрып жатқандар аз кездеспейді. Және де басқа ұлттардан да бар. 

–    Тарих беттерінде дүнген халқының пайда болуы әртүрлі айтылады. Көпшілік жерде ескі қытайлықтардың ұрпағы деп таныстырады. Жалпы қытай мен дүнген халықтарының ұқсастықтары неде?

–    Совет одағы кезінде Қазақстанда дүнгендерді орыстандыру болса, Қытайда қытайландыру ассимиляциясы жүрді. Сол себептен де олар өздерінің этникалық жаратылысын жоғалтып алды. Ал қазақстандық дүнгендер өздерінің дәстүрлерін берік ұстап келеді. Бұл біздің мемлекетіміздің ұлттық саясатының жетістігі деп айтар едім. Сондықтан қазақстандық және қытайлық дүнгендердің бір-біріне ұқсастықтарын айту қиын. Олардың арасы жер мен көктей. Қытайда тұрақтап қалған дүнгендер сол ұлтқа ұқсап кеткен. 

–    Жалпы дүнген этносы қай тілде сөйлейді?
–    Қазақстандағы дүнгендер көбінесе халықаралық орыс тілінде сөйлейді. Ал жастар қазақ тілінде сөйлей алады. Жалпы барлық дүнген өз ана тілдерін біледі. Дүнген тілі қытайдың диалект тілі (мысалы, қазақ және қырғыз, орыс және украиналық секілді). Қазақстандық дүнгендер өздерінің ана тілін мектепте факультеттерде оқиды. Дегенмен қазіргі кезде көбі дерлігі ол тілді қолданбайды. Көп жағдайда орыс тілінде сөйлейді, ал қазақ тілі - екінші орында. 

 

Сұхбатты дайындаған: Анар Дәукен

Талқылау