Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Достарым маған қарап күлетін": Нұрлан Қоянбаев алғашқы миллиарды және "махаббат туралы кинодағы" рөлдері туралы

Белгілі продюсер, шоумен, актер Нұрлан Қоянбаевтың соңғы туындыларының бірі "Бизнес по-казахски в Корее" фильмі отандық кинопрокатта рекорд қойып, 1 млрд 40 млн теңге тапты. Осының арқасында картина "чемпион" атанып, тіпті азулы Голливудтың өнімдерін артта қалдырып, бүкіл әлемді шулатқан "Мстители" блокбастерін басып озды. "Голливудтық фильмдердің дәуірін тоқтататын кез келді" деген продюсер алдағы уақытта қазақтілді өнімдер тек көбейе беретінін айтады. Рекордсмен фильмнің авторы Нұрлан Қоянбаевпен жүздесудің реті келіп, ол аталған картинаның жалғасы, "махаббат туралы фильмдердегі" рөлі мен отбасы туралы Stan.kz тілшісіне сыр шертті

Нұрлан Қоянбаев

- Нұрлан мырза, сіздің «Бизнес по-казахски» деп аталатын фильміңіз отандық кинопрокатта ең көп ақша жинаған туынды атанып, рекорд қойып жатыр. Қандай сезімдесіз?

- Түсініксіз сезімде, мұндай қаржыны бірінші рет тауып жатырмыз. Бірақ ол миллиардтың барлығын мен алмаймын ғой, 50%-ын кинопрокатпен айналысатын компанияға береміз, 7%-ын дистрибьютер, 20% салыққа кетеді, демеушілерге бөліп береміз. Қатты байып кеттім деп айта алмаймын. Ал рекорд туралы айтсақ, өте күшті сезім, 20-30 жылдан бері голливудтық фильмдер үстемдік құрып келді ғой, оларды тоқтататын уақыт жетті. Менің ойымша алда отандық киноиндустрия жақсы касса жинап, Голливудтың дәуірі тоқтайды. 

- Көрші елдерге өнімдеріңізбен шығу ойыңызда бар ма?

- Мен барлық сұхбаттарда айтамын, біздің фильмдер жекеменшік қалтадан шыққан қаржыға түсіріледі, бұл жерде мемлекеттен ешқандай ақша алмаймыз, тек өзіміз бен демеушілердің арқасында түсірілген дүние. Оның сыртында көп ақша да жаратпаймыз, сол 300-400 мың доллар шамасында, одан көп жаратсақ, ол өзін ақтай алмай ақалады, қолдан келгенше түсіріп жүрміз. Шетелге үлкен дайындықпен шығу керек, бізді онда күтіп тұрған ешкім жоқ. Бюджеттің қаражатына түсірілген фильмдер, менің ойымша, міндетті түрде шетелге шығу керек. Олар мемлекеттен үлкен ақша алады, халықтың ақшасына түсірілгесін, қайтадан ақшаны орнына әкелу керек. Мұны заң бойынша бекіту керек. Жеке компанияларға шетелге шығу қиындау. 

Нұрлан Қоянбаев

- Тағы осы франшиза бойынша түсіресіз бе?

- Біз оны үнемі халықтан сұраймыз, прокаттан шыққаннан кейін, көрерменімізге алғысымызды айтып, жалғасын түсіру керек па деген сауал қоямыз. Осымен үшінші жыл болды сұрап келе жатқанымызға. Менің ойымша, жалғасы болатын сияқты. Өзім әлі тоймай жүрмін, «Бизнес по-казахскидің» үздік бөлімін әлі түсірмеген сияқтымын. 

- Келесі фильміңіз «My love is Aisulu» да комедиялық жанрда ма?

- Бұл мелодрама, арасында комедиялық элементтер бар. Барлық фильмдерге қарағанда осы фильм өзіме ерекше жақын.

- Неге басты рольді сомдау үшін таңдауыңыз Әселге түсті?

- Әселді бірінші рет шақырдым, шығармашылық топпен ақылдасып, кастингке қатысатын бірнеше актрисаның арасында Әсел де болды. Оған хабарласқанда, уақытының ыңғайы да келіп тұр екен. Енді сұрақтар көп, Инстаграмнан «Нұрлан, сіз махаббатты сомдайтын жастан кеттіңіз ғой» деген хаттар түседі. Бізде стереотип бар осыған қатысты. Мысалы ДиКаприо 40-тан молынан асып кетті, махаббатқа қатысты рольдерді сомдайды. Ричард Гир, Уилл Смит. Голливудта махаббат  туралы драмаларға жасы үлкен актерлерді таңдайды, себебі жас баланың көзінен шынайы сезім көрінбеуі мүмкін, өйткені өмір көрмеген. Голливуд қателеспейді ғой, олар драмада тәжірибелі актерлерді көргісі келеді, ал бізде жастарды неге алмайсыз деп ренжиді. Бірақ жастардың ойнап жүрген фильмдері де бар.

- Мүмкін, актерлердің гонорарларында үнемдейтін шығарсыз?

- Иә, ондай сұрақтар да келеді, олай емес бірақ. Мен жалпы бұрыннан киноға түскім келген, анаған барам, мынаған барам, өтпеймін. Ешкім шақырмаса өзім түсіремін деп шештім. Басқалар орын берсей деп жазады, мен жылына көп болса екі-ақ рет шығамын, ол көп деп ойламаймын, онда басқа не істеймін, қолымнан келетіні осы?!

Нұрлан Қоянбаев- Фильмдерде кілең әдемі актрисаларды шақырасыз, Гүлнәз Жоланова, Әсел Сағатова, сондай әдеміліктің арасында жұбайыңызға адалдық сақтап қалу қаншалықты қиын?

- Барлық қазақтың қыздары әдемі, сұлу, өнер болғаннан кейін сценарийге байланысты актриса таңдалады. Әр актрисаның өз аурасы бар. Осы қызбен бірге міндетті түрде түсуіміз керек, арманым бар деген ой жоқ. Бұл ойыншық емес. Мен тіпті әр фильмді түсірер кезде өзім ойнаймын –ойнамаймын деп біраз ойланам. Бұл фильмде Данияр Алшынов ойнауы керек болған, бірақ ол басқа авторлық киноға түсемін деп бас тартты. Басқа актерлерге де хабарластым, бірақ бір нәрсесі келмей қалады. Авторлар өзіме ойнауды ұсынды. Қанша бәрін өзім шешемін десек те үйде ақылдасамыз ғой, махаббат туралы киноны ойнауға бола ма деп. Біраз сүзгіден өткіземіз. Махаббат туралы кинода үйленген адамға ойнау оңай емес.  

- Отбасыңыз туралы көп айтпайсыз, немен айналысады? 

- Келіншегім Әйгерім екеуміздің арамыз - 7 жас, үйленгенімізге 12 жыл болды, қызымыз Нұрай, ұлым Нұрсейіт. Әйгерім Инстаграмда көп көріне бермейді, телеарналарға жақын емес. Мен жұмыс істеймін, қаражатты өзім табамын, 5-нші сыныптан бастап жұмыс істейді екенмін. Үйдегілерге көмектесу үшін базарда үш литр сүт сатып отыратынбыз. Қаражат табу үшін мен жауап беремін, ал үйде өсіп жатқан бала-шағам тәрбие көру керек, қастарында анасы болуы керек, сондықтан жарыммен ақылдасып, ең жақсысы, бастысы отбасы, бала-шағамыз деп деп шештік. Келіншегімнің уақыты жоқ, таңертең бірге жарысып шығамыз, бірге қайтамыз, ол кісі де қатты шаршайды, бала бағу оңай емес. 

- Ата-анаңыздың, өзіңіздің сөзіңізге қарағанда, махаббатқа бөленіп өскен сияқтысыз? 

- Дұрыс айтасыз, солай болды. Ата-анамнан көрген тәрбиені қазір балаларыма беруге тырысып жатырмын. Балаларды жақсы көру керек, біз жақсы адамды тәрбиелеп шығаруымыз керек. Олар - одан жақсысын. Біздің міндетіміз – бізден мықты азаматты тәрбиелеп шығару. Мен совет одағындағы мектепті  қатты сағынамын деп ойлайтынмын, бірақ оның себебі ата-анамның сол кездегі маған қарым-қатынасы мен көңілінде екен. Ата-анамыз барынша бізді дамытып, жақсы тәрбиелеуге тырысты. Қазір бәрі бала-шағаның қамы үшін жұмыс істейді ғой, бірақ жұмыстан кейін шаршасаңыз да балаға көңіл бөлу керек. Кейде ұзақ іс-сапарларда жүріп қалғанда, бала-шағамды сағынамын, сол кезде өзіме ұрысатыным бар: «Не бар осының бәрінде, балаларың өсіп бара жатыр» дегендей. Кішкентай кезінде барынша қастарында болғым келеді.  

- Басқа әріптестеріңіздің соңынан көп әңгіме еріп жүреді, сіздің репутацияңыз таза. Себебі неде?

- Келіншегім инстаграмға көп шықпайды, қызықпайды, ата-анам да көп сұхбат бере бермейді. Ата-анам қасымызда тұрып жатыр, Қызылордадан Шиеліден көшіп келді. Әлі жұмыс істейді, өзім ұяламын, үйде отырыңыздаршы, істемей-ақ қойыңдаршы десем, «Нұрлан, біз үйде отырғанда не істейміз. Жұмыс істеген қызық қой» дейді. Кішігірім дүкендері бар, гүлмен айналысады. Қатты шулайтындай себеп жоқ. Демалысқа барғанда суреттеріммен бөліскім келеді, сосын ойлаймын, ол өзімдікі ғой, сырт көзге көрсетіп не қажеті бар? Кемшіліксіз адам болмайды. Шулататындай ештеңе жоқ.

- Өмірден түйген сабақтарыңыз қандай?

- Қатты қартайып, нәтиже жасайтындай, тұжырымдайтындай болған жоқпыз. Әлі де үйрену үстіндемін, қателік жіберіп тұрамыз, кей кезде сабырлық жетпей жатады. Әрине, көп тәжірбие жинадым, дегенмен өзімді мықты бизнесмен деп атай алмаймын. Бұйырғаны болады деп жүрмін, бизнесте кейде жиналғым келеді, қаттылау болғым келеді, бірақ онда ол менің болмысым болмайтын еді. Бір пішінге өзімді салып, қатал бол деп айтайын десем, онда Нұрлан басқа кісі болып кетеді. Ақша деген қолдың кірі ғой, бір жағы дұрыс болмай жатса да, қатты мән берем деп айта алмаймын.

 

- Біраз фильм түсіріп тастадыңыз. Кино сіз үшін бизнес пе әлде өнер ме?

- Өнер, әрине, өнер. Басқа кісілер үшін бизнес болуы мүмкін, мемлекеттің қаражатына түсіріп, пайданың астында қалудың формуласын біледі. Кішкентай қаражатпен кино түсіріп, көрерменнің батасын алу, оған барыңды салу, ол – өнер. Сен түнімен жұмыс жасайсың, үйіңе бармайсың, Кореяға барасың, корей тілін білмейсің, ол жердің продюсерлерімен танысасың, оның барлығы – өнер, бизнес емес. Жалпы «Мстительге» жету – ол ұжымның үлкен жұмысы, өнері. Әрине, ақша түседі, жұмыс болғасын. 

- Сүйікті ісіңмен айналысқанда міндетті түрде қаражаты да түседі ғой...

- Әрине, барлығына айтқым келеді, жағдай болып жатса, қолыңыздан келетін, өзіңізге ұнайтын кәсіппен айналысыңыз. Әлемдегі 7 млрд адамды Құдай ерекше жаратқан, өзіне тән қабілеті бар. 90-ншы жылдары ата-анасы заң факультеті, экономика факультетіне жіберіп, қаншама жастың сағы сынды. Бәлкім, ол ән айтқысы келетін шығар, дизайнер болғысы келетін шығар. Мен 37 жасыма дейін КВН ойнадым, достарым бизнес ашып, жер алып, кәсібін дөңгелетіп жатыр, ал мен әлі «Добрый вечер, Казахстан!» деп сахнада жүрмін. Көздерінен көремін ғой, «Нұрланның басы істемейтін сияқты» деп қарайтын. Мәскеуге бәленбай күн жүріп пойызбен барамыз, қалтада бір тиын жоқ, не нәрсеге сеніп жүрмін?! Бірақ маған қатты ұнады. Сол ұнатып ойнаған ойын маған білім берді. КВН-щиктерді көп сынаса да, олар өздерін жоғалтпайды, қай салаға бармасаңыз, жүрген солар. Телевизия, кино, сценарий, одан қалды вайн түсіреді, инстаграмдары арқылы жарнама алып, ақша табады. КВН-дегі достарымды қолдап жіберейін дегенім ғой, бос жатқан КВН-щик көрмедім, бәрі жақсы жігіттер. Заманына зиян тигізгенін көрген жоқпын. 

- Жарнама демекші, сіз Инстаграм арқылы ақша табасыз ба?

- Кейде қызығам. Бір миллионнан астам жазылушыларым бар. Олар өте күшті, мен ризамын. Рахмет айтқым келеді. Сын жазса да, тарқатып, мәдени жеткізеді. Сосын жарнама беруге ыңғайсызданамын. Бірақ енді-енді тиын-тебен түсіп жатыр, оған дейін дым жоқ қой. «Түнгі студияда» істедік, КВН ойнадық, әйтеуір кішкене-кішкене бірдеңе түседі. Сондықтан жарнама арқылы ақша тапқым келеді. Құпия емес, жарнама беретін болсаңыз (жарнама берушілерге қаратылып айтылған сөзі – ред.) келіңіздер (күледі – ред.).
- Нұрлан мырза, рахмет сізге. Сәттілік тілейміз. Әрі қарай кино саласына үлесіңізді  қоса беріңіз. Голливудтың «Мстители» блокбастерімен тайталаласу деген оңай емес, бәріміз «шок» болдық.

- Мен өзім әлі шок болып жүрмін, менің ойымша Голливудтағы Marvel да шок болып жүр. Қой мүмкін емес деп (күледі-ред.).

 

Жалғасы бар...

 

Сұхбат алған: Жанар Жансейіт

Видео, монтаж: Сәкен Құлман
 

Талқылау