Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көпбалалы аналарға бөтелке лақтырған: Астанада әкім орынбасары кешірім сұрады

О дүниелік болған анама тіл тигізді! Баспана талап еткен көп балалы аналарға бөтелке лақтырып, басы бәлеге қалған елорда әкімінің орынбасары өз әрекеті жайлы түсіндіріп берді. Бақтияр Мәкеннің айтуынша, үй сұраған әйелдер оған дөрекі сөйлеп, тіпті бақилық болған шешесінің атына балағат сөздер айтқан. Шенеунік шыдамы таусылғандықтан қатты сөйлеп, оғаш әрекетке жасағанын мойындап отыр. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен осы лауазымға дейін парламент мәжілісінің депутаты болды, оның алдында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ең белсенді, кез-келген тақырыпқа пікір білдіретін депутаттың бірі еді. Алтай Көлгінов елордаға әкім болып тағайындалған соң, көп кешікпей Бақтияр Мәкен де оның командасына тартылды. Қашанда идеология, әлеуметтік мәселелердің айналасында жүретін шенеуніктің шыдамы таусылды ма, жуырда көп балалы аналармен дауласып қалды. 

«Енді, әрине, ол жерде ашуланғанда көптеген эмоция болды. Мен оны қазір айтқым келмейді, себебі жеке әйел адамның ғана маған білдірген наразылығы. Ол кісі әйел адам болғаннан кейін, мен ер адам болғандықтан кешірім сұрадым. Мен де шыдаммен отырып, ол кісіні мүмкіндігінше тыңдадым. Бірақ ол кісілер сондай эмоцияға кеткеннен кейін, мен де кішкене ашуға берілдім», - дейді Бақтияр Мәкен.

Бақтияр мырзаның айтуынша, көп балалар бұған дейінде ауыр сөздер айтып, бірнеше рет оның ашуын келтірген. О дүниелік болған анасына да тіл тигізіпті. Эмоцияға берілген шенеунік шыдамы таусылып, әйелдерге шөлмек лақтырды.

«Мемлекеттік қызметшінің этикасына сәйкес келмейді, әрине. Адамдар қандай ашулы сөз айтса да шыдауы керек. Дегенмен, біздің агенттік әкімнің орынбасарына шара қолдана алмайды. Себебі оны тағайындайтын адам әкімнің өзі. Сондықтан ол мәселе бойынша әкімге арыздану керек те, сол кісі шара қолдану керек», - дейді мемлекеттік қызмет істері агентігінің төрайымы Анар Жайылғанова.

Алайда, қала әкімі бұл оқиғаға қатысты «өсектерге пікір білдірмеймін» деп қысқа қайырды. Ал Бақтияр Мәкен өз кемшілігін мойындады. Бірақ орынбасар болған үш айдың ішінде оның көп балалы аналардан көрмегені жоқ екен. 

«Ана жерде бөтелкені өздері лақтырды. Оның алдында стақандар лақтырды, қолды да кескен кездер болды. Әрине, мемлекеттік қызметкер ретінде, менің тарапымнан да кемшілік болған шығар. Бірақ бұл менің бүкіл көпбалалы анаға  қатысты айтқаным емес. Бұл жеке сол адамның маған берген наразылығы үшін айтылды», - дейді Бақтияр Мәкен.

Еске сала кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында әкімнің орынбасары көпбалалы аналарға бөтелке лақтырып, оқиғаның видеосы желіде тараған еді.

Талқылау