Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"ДНҚ нәтижесінде 13 жігіттің баланың әкесі емес екені анықталды": Қостанай облысында бойжеткенді 14 жігіттің зорлау оқиғасы

Қостанай облысындағы 22 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінген 13 жігіттің ата-анасы жәбірленушінің өзіне шағымданбақ. Себебі, ұлардай шулаған олар балаларымыз жазықсыз деген пікірде.

Осыған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында көтеріліп, қоғамды дүр сілкіндірген бұл істе шым-шытырық жайттар көп екен. Оны істі жүргізіп жатқан адвокаттар айтып отыр. 1 жыл 8 айдан бері сергелдеңге түскен жандар туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бір ғана Арқалық емес, бүкіл елді шулатқан бұл оқиғаға қатысты іс өткен жылы қозғалған. 200-дей тұрғыны бар Екідің ауылының дәрігері 22 жастағы бойжеткенді медициналық тексерістен өткізіп жатып, оның бойына бала біткенін анықтаған. Дереу тұрмыс құрмаған қыздың анасына мән-жайды айтқан екен. Ал, шешесі полицияға арызданған. Күдікке ілінгендердің аналары содан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық деп отыр.    

"Бір жыл сегіз ай болды осындай сергелдеңге түскенімізге. Баламыз екеуміз Қостанайға бірнеше рет келіп, кетіп жүрміз. Мынау қыз баланың айтқандарына мен қосылмаймын. Шындыққа жанаспайтын нәрсе. Балаларымыз да өзіміз де шаршадық. Бір жабылып қалған істі қайтадан қозғап жатыр", - дейді күдіктінің анасы Несіп Жүсіпова.

Атышулы іс бойынша күдікті ретінде тергеліп жатқан 13 өрімдей жігіттің қорғаушысы болса полиция департаментінің әрекетін түсінбегенін айтып шағымданып отыр. Себебі, тәртіп сақшылары дәлелсіз, тергеусіз күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғап жіберіпті.   

"Арқалық қаласының полиция қызметкерлері ешқандай тергеусіз, дәлелсіз менің қорғауымдағы азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғаған. Тек біршама уақыт өткен соң ғана бірқатар сараптамалар тағайындалды. Бірақ, барлық өткізілген тексерістер нәтиже берген жоқ. Бүгінде менің қорғауымдағы барлық адамның туған қыздың биологиялық әкесі еместігі дәлелденді", - дейді күдіктілердің адвокаты Бектас Әміров.

Қазір іс бойынша тергеуде жүрген барлық күдіктілер бірі жұмысын, енді бірі оқуын тастап Қостанай мен Арқалықтың ортасында сенделіп жүр екен. ДНК қорытындысы 13 адамның ешқайсысы өмірге клеген қыздың әкесі еместігін дәлелдесе де іс тоқтатылмағанына ата-аналары наразы.        

"ДНК сараптамасын алды. Кінәсіз болып шықты. Оны алдырттық, енді қайтадан аламыз деп жатыр. Оған біз мысалы қарсымыз. Неге қайта-қайта мазалай береді баламызды? Отбасы барлары да бар, жұмыстары бар. Астанада әне жер, мына жерде жұмыс істейді. Менің балам биыл колледж бітіріп жатыр", - дейді Несіп Жүсіпова. 

Полиция департаменті болса, аталған факті бойынша ең басында 4 қылмыстық іс қозғалғанын, кейін мұның барлығы бір іске біріктірілгенін мәлімдеді. Қазір зардап шегушінің өтініші бойынша 14-адамды іздестіріп жатқанын, оқиғаның ақ-қарасын жақын арада анықтайтынын айтып отыр.

"Арқалық қалалық перзентхансының берген анықтамасына сәйкес, зардап шегуші жүктіліктің 28-ші аптасында болған. Ақ халаттылардың сөзінше, ол қазан айында жүкті болған. Ал, қыз 9 шілде күні және тамыз айында зорлады деп отыр. Мұның барлығы тексерілді. Қазіргі таңда іс қайта қозғалды. 14-ші күдіктіні іздеу үстіндеміз", - дейді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Қайрат Дүйсембеков.

Бұл іс жөнінде қоғам жақында білді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы жиынында

Мемлекет басшысына мұндай жаға ұстатарлық оқиғаны адвокат Айман Омарова жайып салған еді. Ол 22 жастағы қыз өзіне жәбір көргенін жазып, хат жолдағанын айтқан болатын.       

"Тағы да айтатын жағдай ол Арқалық қаласының қасында бір кішкентай ауылда 14 ер азамат кішкентай қызды зорлаған. Ол іс не болып жатқанын білмейміз. Ал, қыз босанып алды. Полиция оларды қамағанда жоқ. Енді, халықтың соңғы үміті ол - сот", - деді Айман Омарова. 

Күдіктілердің сенімді өкілінің сөзінше, қазір оларға қайта ДНК сараптамалары тағайындалыпты. Бірақ күрделі шара Қостанайда емес, басқа қалада жасалады екен. Ал, оның қорытындысы қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Талқылау