Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігерлер жаңа босанған әйелдің қабырғасын сындырып, асқазанын жыртып алған: Алматы облысында бес баланың анасы көз жұмды

Бір жыл бұрын тағы да ана атануға дайындалып жүрген бес баланың анасы, 34 жастағы Дильмира Максутова дәрігерлік қателік пен сәтсіз жасалған отадан кейін көз жұмған еді. Сот-медициналық сараптамасы сап-сау жас келіншектің өмірін жалмаған бірнеше дөрекі дәрігерлік қателіктің орын алғанын анықтап, Дильмираның өмірін аман алып қалуға болатынын дәлелдеді. Бүгінде дәрігерлердің салғырттығы да дәлелденіп, олардың ісі сотқа жолданды. Қайғылы оқиғаға байланысты отбасының адвокаты Рүстем Гаитов Stan.kz тілшісіне шындығында қалай болғанын бәрін бүкпесіз айтты. 

максутова

Ұйғыр аудандық орталық ауруханасына былтыр күзде 1984 жылы туылған Дильмира Максутова босану үшін келген. Ауруханаға түскен күннің ертесіне босанғаннан кейін қан кетуіне байланысты биологиялық өлім тіркелді. Мәйітті үйге алып келіп, жерлеу алдында туыстары Дильмираның денесінен күйік іздерін тапқан. Бұл сұмдықты көрген туыстары дәрігерлердің үстінен арыз түсірді. 

Осы іспен айналысып жатқан қорғаушы, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Рүстем Гаитовке Дильмираның отасына қатысқан екі дәрігер аты-жөндерін жасыруын өтініп, бүкіл шындықты айтып берген. Адвокаттың айтуынша оқиға былай болған:

- Босанған соң, Максутовадан тоқтаусыз қан кете бастаған. Акушерлер кеткен қанның мөлшерін дұрыс анықтамаған. Анестезиолог келгенде 800 мл қан кетті деп айтқан. Ол жоғалған қан мөлшеріне лайықтап дәрі жазып берген. Кейіннен сот-медициналық сараптамасы дәлелдегендей, іс жүзінде 1 100 грамм қан кеткен.  

Анестезиологтың жазған емінен кейін де қан тоқтамаған соң кезекші дәрігер ота жасау қажеттігін айтады, ота жасалғанша әйелден 2 литр қан кетіп қалады. Сол аралықта екі акушер-гинеколог 15 минутқа сыртқа шығып кетеді. Ал хирург қоңырау шалып, келе жатқанын айтып, отаны бастай беруін сұрайды. Екі акушер-гинеколог жатырын алып тастап, хирургты күтіп тұрады. Кезекші дәрігер не істеп тұрсыздар деп сұрағанда: "Біз ары қарай не істеу керектігін білмейміз" деген.

Жарты сағатқа кешігіп хирург келеді. Ол отаны жалғастырып, алған жатырдың екі тамырын тігу керек болады. Бірақ сол жақ тамырын тігіп, оң жағын тігуді ұмытып кетеді. Арадан 15 минут өткенде тіккен жерден қайтадан қан шыға бастады. Ота жасаған жерін қайта ашып, екінші хирургтың көмегімен тамырды тігеді. Сөйтіп екі операция жасалады. Реанимацияға шығарған кезде қыз қайтыс болады. Ота барысында үш рет қыздың жүрегі тоқтайды. 

максутова

Қорғаушының айтуынша, ертеңіне таңертең дәрігерлер бәрін жинап "арттарын тазалайды". Дәрігерлерге екі ота жасалғаны туралы тіс жарып айтпауға бұйрық түседі. Науқастың құжаттарын қайтадан толтырып шығады.

Құжаттардың барлығын фальсификация жасайды. Туу тарихын өзгерткенде анализ нәтижелерін де өзгертуге тура келеді. Аурухана директоры Долаева зертхананың орынбасарын шақыртып, анализ нәтижелерін өзгертуге бұйрық береді. Олар анализ кітаптарын жыртып тастап, қайта жасап шығады, - деген адвокат алғашында дәрігерлер өз істерінен жалтарғанын жеткізді.

- Тергеу жұмыстары басталғанда дәрігерлер өз кінәсін мойындамады. Тек жеті айға созылған сараптама нәтижелері белгілі болған соң ғана кінәсін растады.

Сараптама қорытындысы бойынша, марқұм болған келіншек босанғаннан кейін көп қан кеткенін, оның мөлшерін дұрыс анықтамағанын, қыздың асқазаны жыртылып, төрт қабырғасы сынғаны, аяқтарында термиялық күйік іздері бары белгілі болды. Нәтижесінде дәрігерлер кінәсі дәлелденді, - деген адвокат Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасынның "өлімнің алдын алауға болар еді" деп анықтама бергенін айтады. 

Сараптама нәтижесі шығып, ақ халаттылардың кінәсі дәлелденсе де, бір акушер "мен қолымнан келгенін істедім, менің кінәм емес" деп әлі де қарсылық танытып отырған көрінеді. Ал дәрігерлік дөрекі қате жіберген хирург өз сөзінде бір тамырын тігіп, екінші тамырын қан көп кеткен соң таба алмағанын айтып ақталуға тырысқан.

Бүгінігі сот нәтижесі бойынша сот ісі кейінге қалдырылғаны белгілі болды. Stan.kz тілшілері сот барысын жіті қадағалуда ұстап, үкімінен хабардар етеді.  

Айта кетейік, Ұйғыр орталық ауруханасында дәрігерлердің салғырттығынан болған қайғылы оқиға бұл ғана емес. Дәл осы ауруханада Динара Мусаева есімді жас келіншек кесар тілігін жасатып, 9 ай комадан кейін қайтыс болған. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау