Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Цифрландыру үдерісі: Jusan Garant киберқауіпсіздік мәселесін шешу тәжірибесімен бөлісті

Алматыда жыл сайын ұйымдастырылатын ең ірі Tech шара - Digital Almaty халықаралық форумы өтіп жатыр. Түрлі қауымдастықтың бірегей алаңына айналған басқосуға бірқатар бизнес өкілдері, халықаралық сарапшылар, ІТ-қоғамдастық және мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысуда. Форумның негізгі тақырыбы – инновациялық технологиялар саласын дамытудың заманауи бағыттары. Ал кез келген цифрландыру үдерісін қуана қабылдайтын Jusan форумға демеушілік етіп отыр.

Жусан дижитал

Қазақстанның IT-нарығында қазірдің өзінде 10 мыңнан астам IT-компания бар, оның 150 мыңы осы салада жұмыс істейді. Еліміз БҰҰ-ның әлемдік электрондық үкімет рейтингі бойынша 28-орында тұр.

Бүгінде Jusan күннен күнге қарыштап дамып келе жатқан IT саласымен қатар жүріп, цифрландырудың жаңа трендтерін үнемі қолдап келеді. Мысалы, оның экожүйесінде банк қызметі, сақтандыру, инвестиция, маркетплейс, байланыс және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге болады. 

Jusan цифрлық бастамаларды белсенді түрде енгізетін салалардың бірі сақтандыру екенін тілге тиек етті. Бұл ретте форумда Jusan Garant сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Абай Егембердив сақтандыру өнімі мен ондағы киберқауіпсіздік жайлы толығырақ айтып берді.

Посткеңестік елдерде сақтандыру мәдениетінің төмен дәрежеде екенін айта отыра Егембердиев сақтандыруды жеке кәсіпкерліктің мызғымас бөлігіне теңеді. 

"Сақтандыру бизнесінде клиент туралы дұрыс ақпараттың болуы өте маңызды, бұл тәуекелдер мен ықтималдылықты дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Еуропа мен АҚШ-та адамдар барлығын: денсаулығын, үйін, көлігін, кәсібін, үй жануарларын, тіпті дене мүшелеріне дейін ықтималды қауіптерден сақтандырады", - дейді ол.

Сөзіне дәлел келтірген спикер Қазақстанда ерікті сақтандыруды халықтың аз бөлігі ғана жасайтынын айтты.  Себебі халықтың басым көпшілігі міндетті сақтандыру түрлерін ғана жасайды дейді.

Сөзін жалғаған Егембердиев сақтандыру саласына қауіптің қайдан келетінін түсіндіріп берді. Қызметкердің қателігі, жүйенің осал тұстары, ақпараттың бөтен қолға өтуі және рұқсаттардың шамадан тыс артық берілуі сақтандыру саласына қауіп төндіреді дейді ол.

Егембердиев қолды болған деректер туралы біраз ақпарат беріп өтті.

"Жыл басында БАҚ беттерінде ТМД елдерінің ішінде "Спортмастер" спорт дүкендері желісінің тұтынушыларының жеке деректерінің тарап кеткені белгілі болды. Оның ішінде 260 мыңнан астам жолда Қазақстан азаматтарының дерегі жазылған екен. Мәліметтердің өзектілігі 2012 жылдың 15 қыркүйегі мен 2018 жылдың 18 мамыры аралығын қамтиды. Құжаттың ішінде адамдардың аты-жөні, туған күні, телефон нөмірлері және электрондық пошта мекенжайлары көрсетілген", - деп қосты спикер.

Жусан дижитал 3

Сонымен қатар ол ақпарат қолды болған жағдайда ұйымның беделі ғана емес, компанияның тұтынушылары да қаржылық шығынға ұшырауы мүмкін екеніне назар аударды, себебі алаяқтар ақпаратты теріс пиғылда пайдаланып кетуі мүмкін. Сол себепті ол компаниялар ақпараттың сыртқа шығып кетпеуі үшін жұмыс істеуі қажет екенін баса айтты. Ол мұны қалай жасаудың бірнеше жолын да көрсетіп берді.

"Мысалы, қызметкерлерді жұмысқа қабылдарда олардан құпия ақпаратты жарияламау туралы міндеттеме алу керек. Осы салада жұмыс істейтін қызметкерлерді үздіксіз оқыту аса маңызды. Сақтандырушылардың қызметін автоматтандыруға келер болсақ, антивирустық және басқа бағдарламаларды үнемі жаңартып отыруы керек. Тағы бір айта кетерлігі, сақтандырушылар жеке деректер қолды бола қалған жағдайда әрекет ету жоспарын әзірлеуі керек", - деп қосты Егембердиев.

Ол банкке ең соңғы қауіпсіздік жүйелерін енгізіп, тұтынушыларды қатерден қорғайтынын жеткізді. Сонымен қоса бүгінгі күнге компания сақтанушыларының ешбірінің дерегі шетке шықпағанын атап өтті.

Жусан дижитал 2

Айта кетсек, форумдағы Jusan стенді де назардан тыс қалмады. Стендті тамашалауға келген қонақтар банк экожүйесінде қаржылық және қаржылық емес өнімдердің бір қосымшада жиналғанын өз көзімен көрді. 
Сонымен қоса аталған банктің жақында жаңа қызмет түрін ашқаны белгілі болды. Банк өкілі Сәбит Шудановтың айтуынша, бұл кәсіпкерлерге көмек үшін ашылған онлайн бухгалтерлік есеп қосымшасы. 

"Бұл кәсіпкерлердің әр 6 ай сайын тапсыратын салық есебін банк қосымшасынан шықпай-ақ жасауын жеңілдетеді", - деп түсіндірді ол.

Jusan басымдықтары қатарынан жоғары технологиялық платформаларды цифрландыру және дамытумен қатар, адами капиталды нығайту, ынталандырылған ұжым мен инклюзивті орта құру, қаржы сауаттылығын арттыруға қатысты атқарған жұмыстарын да көруге болады. Ал цифрландыру, оның ішінде, банк қосымшалары қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлердің өмірін жеңілдетуге бағытталған таптырмас құрал саналады. Банк өкілдері өз кезегінде бұл бағытты әрі қарай да дамыта түсетіндерін айтады.

Ақберен Амангелді
Жұма, 03 Ақпан, 2023 17:04
Талқылау