AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
AAPL
149.64 $
4.08 %
TSLA
759.63 $
7.33 %
NDAQ
155.64 $
3.12 %
GOOGL
2246.33 $
4.2 %
FRHC
42.55 $
3.15 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәрігерлер әйелдерді күйеуі тастап кетеді деп қорқытады": Акушерлер жатырын алып тастаған келіншек екі жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүр

30 жастағы Алина Әбілева дәрігерлердің қателігінен босанғаннан кейін жатырынан айырылған. Әйел екінші жыл қатарынан "Керуен Медикус" клиникасы мамандарының немқұрайлылығынан болған қателікті сотқа жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айта кетсек, 2020 жылдың шілдесінде Алматыдағы "Керуен Медикус" клиникасының перзентханасында Алина Әбілева кесарь тілігімен кейін сәбиін өмірге әкелген. Дәрігерлердің салғырттығы мен немқұрайлылығының салдарынан отадан кейін қабыну болып, әйелдің жатырын алып тастаған болатын. 

Хаттамалардың сақталмауы және дұрыс тағайындалмаған антибиотикалық терапия әсерінен реактивті гепатит туындап, Алина 20 келі салмақ жоғалтқан. Бұнымен қоймай тек 2,5 ай өткеннен кейін ғана аяғынан тұра алған. 

2020 жылдың қараша айында Әбілева E-Gov үкіметінің электрондық порталы арқылы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне арыз жазған. Алайда ол еленбепті.

Тек оқиға әлеуметтік желілерде резонанс туғызған соң және республикалық БАҚ-та жариялағаннан кейін ғана шенеуніктер жауап берген болатын. Нәтижесінде "Керуен Медикус" клиникасына жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Анықталғандай, клиникада дәрігерлердің денсаулық сақтау министрлігінің емдеу хаттамаларын бұзу фактілері расталды. 

Алайда Алина Әбілеваның айтуынша, нақты дәлелдердің болуына қарасмастан Алмалы аудандық прокуратурасы дәрігерлерге қатысты қылмыстық істі тоқтатқан. Сондай-ақ істі қайта бастаудан бас тартып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері жәбірленушінің электрондық үкімет порталына түсірген барлық сауалдарына күшін жойған заңның нормаларын басшылыққа алып отырған көрінеді. 

"Бұл мәселе әлеуметтік желілерде жариялағаннан кейін маған осындай жағдайға тап болған көптеген әйелдерден өтініштер келіп жатты. Барлығы дерлік босанғаннан кейінгі күйзелісін, жалғыздығын, дәрігерлерге барғандағы қорқыныштары жайында айтады. Мен естіген 30 оқиғаның тек 2-еуі ғана сотқа жеткен. Дәрігерлер перзентханадан шыққан кезде ғана босанған әйелдерге жатырының алынып тасталғаны жайында хабарлайды. Бұл өте қорқынышты жағдай дер едім. Жасаған ісінің жария болуынан және жауапкершіліктен жалтару мақсатында олар жас аналарды қорқытады. Болған жағдайға өздері кінәлі екеніне сендіреді. Егер жағдай белгілі болса күйеуі мен отбасы олардан бас тартады, туыстары бұрылып кетеді деп қорқытады. Дәрігерлер мен денсаулық сақтау жүйесінің ешқайсысы бұндай жағдайға көз жұмып қарамауы тиіс”, – дейді Алина Әбілева. 

Зардап шеккен келіншектің адвокаты Фархад Цай атап өтуінше, бұл істің бір орыннан қозғалмауына полицияның немқұрайлылығы да себеп.  

“2021 жылғы қаңтарда Алматы қаласы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Департаментіне жоспардан тыс тексеру жүргізілгеннен кейін, Алматы қаласының паталогоанатомиялық бюросынан негізгі дәлел жоғалып кетті. Яғни, алынып тасталған орган (бірнеше парафинді блок және 40 шыныдағы тін үлгілері). Полиция тергеу басталғаннан кейін алты айдан  соң ғана,  2021 жылдың күзінде негізгі дәлелдердің жоғалғаны туралы білді. Сонымен бірге, полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғаған жоқ”, – дейді ол. 

Фархад Цай атап өткендей, бүкіл тергеу барысында Алматы қаласы полиция департаментінің тергеушілері тергеу жүргізу мерзімдерін ұзартып жіберген.

“Өз міндеттеріне формальды және бюрократиялық көзқараспен қарады. Іс материалдарымен таныспады, барлық дәрігерлерден жауап алмады. Іске қатысушылармен бетпе-бет сөйлеспеді. Прокуратураның істегі сәйкессіздіктерді жою туралы талаптарын орындамады. Ақыр соңында, қазіргі уақытта іс "қылмыс құрамының болмауы" деген мазмұнмен жабылды”, – дейді адвокат. 

Алина Әбілева мен адвокаты әлі де болса әділеттікке қол жеткізуге ниетті екендерін жеткізді. 

Сондай-ақ қоғамдық құқық қорғаушы Жанна Оразбахованың айтуынша, объективті және жан-жақты тергеудің болмауы кінәлілерге жазадан жалтаруға  ғана емес, жауапкершіліктен де сытылып  кетуге  көмектеседі.

“Біз шенеуніктерге Қазақстан азаматтарының нақты денсаулығынан гөрі есептердегі цифрлардың маңыздырақ екенін кезекті рет көріп отырмыз. Полицейлердің  қылмыстарды ашу статистикасының көрсеткіштері үшін адал және объективті және толық тергеу принциптерін елемейтіндерін көріп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев айтатын тыңдаушы  мемлекет орнына азаматтар әлеуметтік шиеленіс пен әділетсіздіктің кезекті факторына куә болып отыр”, – деп өкініш білдірді құқықтанушы. 

Әбілева қоғамда қайта резонанс болғаннан кейін Алматы прокуратурасы бүгінгі таңда істі қолға алғанын айтады. Енді қайда тергеу жүргізілетін болады. 

Еске сала кетсек, Алматылық Алина Әбілева қаладағы ақылы перзентханалардың бірінде сәбиін өмірге әкелген Алина өлім аузынан қалып, екінші отадан соң, тіпті жатырынан айырылғанын жазған болатынбыз. Қуанышқа қарай, ауыр отадан кейін Алина да, оның бес айлық ұлы да аман.Ол бес айдан соң бар күшін жинап, бұл оқиғаны аяқсыз қалдырмауға шешім қабылдаған. Сөйтіп дәрігерлердің үстінен шағым түсірген.

Келіншек ақылы клиникада босану үшін қомақты қаражат төлегенін айтқан еді.

"Бұл клиникада өз күшіңмен босанатын болсаң, 490 мың төлейсің. Ал кесарь тілігіне 700 мыңнан аса ақша алады. Мені алдын ала тексерген олар табиғи жолмен босана алатынымды айтты, сондықтан, 490 мың төледім. Әзірге, аталған емханадағы ешбір дәрігер маған неліктен бұлай жасағанын түсіндіре алмайды. Өз сөздеріне өздері кереғар келетін тұстары көп. Менің бір ғана амалым бар. Бүгінде басқа дәрігерлермен кеңесіп жатырмын. Тіпті, балалар дәрігерлеріне дейін акушерлік перитониттің аяқ астынан болмайтынын айтады. Демек, бір шикілік бар. Мен әділеттік күтемін. Ешбір анаға мұндай қиындық бермесін", - деген Алина. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр