Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Далада қалдық": Қызылордада тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметкердің жұбайы жанайқайын жеткізді

Ешкімге керек болмай қалдық! Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшыраған кезде қаза тапқан Өмірхан Қауқаевтың жақындары осылай деп отыр. Ефрейтордың жесірі басшылар уәде еткен соңғы бес жылдағы еңбекақысы былай тұрсын, күйеуінің маңдай терімен тапқан наурыз айындағы жалақысын да ала алмай отырғанын айтты. 

Жақындары жуырда ғана Өмірханның жүз күндік садақасын беріпті. Қара жамылып отырған отбасы әлі естерін жиып үлгермеген. Тек ұлдары қаза тапқаннан кейін берген «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі көңілге медеу дейді. Марапатты артында қалған тұяғы - екі жасар Арсенге көрсетіп қояды. Әкесін ұмытпасын деген оймен. Жесірі Фариза қайғылы жағдайдан кейін ұлын жетектеп, Ақтаудан Ақтөбеге, ата-енесінің жанына қайтуға мәжбүр болған. Өйткені аяғы ауыр келіншек баласымен пәтер жағалап жүруге жағдайы келмепті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап. 

«Наурыздың 27-сінен бастап пәтер, айлық, көрсеткіш бәрі төленбейді. «Өлген адамға несіне төлейміз? Алатын заттың бәрін алты айдан кейін аласың», - деді. Мен енді қайда тұратынымды сұрап, аяғым ауыр екенін айттым. Ол заңды түрде ештеңе берілмейтінін, ештеңе ала алмайтынымды айтып жауап берді. Бәрін әдемілеп, ғаламторға, теледидарға солай шығарып қойыпты. Осы уақытқа дейін не психолог, не басқасы болсын, ешкім келіп есігімізді қаққан жоқ. Сөздің шыны, далада қалдық», - дейді марқұмның жесірі Фариза Назарбаева.

Тұңғышынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан әке тікұшақ құлаған орынға барып қайтыпты. Апат болған жерден оралған Көбейсін Қауқаевтың жауабын таба алмаған сауалдары көп. Бірақ оған қашан, кім жауап беретіні белгісіз дейді. Өйткені, тікұшақ құлаған жерден тауып алған заттар туралы айтқаным сол еді, өзіме сауал қоюшылар көбейіп кетті, деп отыр. 

«Сонда бір майордың киімін тауып алдық. Ішінде 7 мың теңгесі, телефоны бар. Оны Павлодардағы адамдікі екен. Беріп жібердім. Тағы парашют тауып алдым. Ол ашылған. Оны тауып алғанда жоғарыдағылар «неге?», «қайдан көрдіңіз?» деген сұрақтар қойды. «Көрмедім деген бір сөз, көрдім деген мың сөз» дегендей, күнде хабарласады», - дейді марқұмның әкесі Көбейсін Қауқаев. 

Марқұмдардың отбасы тиесілі көмекті неге ала алмай жүр? Осы сауалды Қорғаныс министрлігіне жолдағанбыз. Жауабы мынадай.

«Қаза болған әскери қызметшілердің бәріне заңға сәйкес, мұрагерлік жөнінде және мақұлдаған төлемдерді алу үшін тиісті құжаттарды беру тәртібі туралы түсіндірілді. Қажет құжаттарды өткізген отбасыларға министрлік тарапынан қазіргі кезде 180 млн теңгеден астам төлем төленді. Өмірхан Қауқаевтың отбасы құжаттарын нотариуске тапсырған. Қазіргі кезде жұмыстар жүріп жатыр», - дейді Ақтау қаласындағы №30153 әскери бөлімі командирінің орынбасары Асқар Қарамергенов.

Еске сала кетсек, 27 наурызда Қызылорда облысында Ақтаудан Шымкентке ұшып бара жатқан тікұшақ құлады. Апат салдарынан 13 әскери қызметкер қаза болды. 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр