Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеген бес маман препаратты өздеріне сынап көрді

COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеп жатқан бес маман препаратты өздерінде сынап көрді. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында (БҚПҒЗИ) мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенеттігі. 

вакцина

"2020 жылдың 26  шілдесінде вакцинаның 5 әзірлеушісі тірі вируспен жұмыс жасау кезінде жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін вакцинаны өз еркімен сынап көрді. Бірнеше күннен кейінгі жағдайлары жақсы, температура мен аллергия жоқ. Клиникаға дейінгі сынақтар 2020 жылдың 20 тамызында аяқталады, нәтижелері денсаулық сақтау министрлігіне беріледі", - делінген ақпараттық хабарламада.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатын алғаннан кейін, 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап, Алматы клиникасы базасында COVID-19 (I кезең) антиденесі жоқ 44 еріктіге клиникалық сынақтар басталады деп күтіледі. 

2020 жылдың қазан айының ортасында ДДСҰ талаптарына жауап беретін 200 еріктіге клиникалық сынақтардың II кезеңіне шығу жоспарланып отыр. 

Клиникалық сынақтардың II кезеңі 2020 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс. Көптеген елдердің (Қытай, АҚШ, Ресей) тәжірибесін және халықты вакцинамен қамтамасыз ету қажеттілігін назарға ала отырып, клиникалық сынақтар фазаларының санын IV-ден II-ге дейін қысқарту көзделеді. 

"ДДСҰ кандидатты вакцинаның клиникалық сынақтарының нәтижелерін растаған жағдайда, Қазақстан БҚПҒЗИ жанындағы иммунобиологиялық препараттарды өндіру бойынша салынып жатқан зауыт базасында вакцина өндіруді жүзеге асыруға дайын болады. Зауыттың жобалық қуаты - жылына 60 млн дозаға дейін, құрылыстың аяқталуы - 2020 жылдың желтоқсаны", - деп қорытындылады БҚПҒЗИ-да.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 тамызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында кандидаттық вакцина ретінде биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының екінші қазақстандық вакцинасы сәтті тіркелгені белгілі болды. 

Бұған дейін қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцинаның сынақтан сәтті өтіп жатқаны хабарланған болатын.

Талқылау