Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Цифрлық аутизм – ХХІ ғасырдың дерті": сенат депутаты аутизммен күресудің жолдарын ұсынды

Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Бүгінгі таңда ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

аутизм

Депутат қазіргі таңда бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да "цифрлық аутизм" белгілері байқала бастағанын атап өтті. Оның сөзінше, балалар смартфонды ұзақ ұстауы салдарынан есте сақтау, көру және сөйлеу қабілетінен айырылып жатыр. 

"Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Скринэйджер, зуммер, немесе Z – ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елесетете алмайтын жаңа буын. Қазіргі таңда логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына "смартфон ұстап туған" буын өмірге келді", - деді сенат депутаты Нұртөре Жүсіп

Сенатор гаджетизация мен заманауи технологияға қарсы тұру да дұрыс емес екенін айтты. Депутат осыған байланысты мектептер мен балабақшалардағы ата-аналар комитетіне, сондай-ақ салалық үкіметтік емес ұйымдарға киберманияның зияны туралы белсенді түрде айтып беруін ұсынды. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың денсаулығына бақылау жүргізу бойынша ұсыныс айтты. 

"Үкіметке жаңа туған нәрестелерді жаппай ретинопатия және аудиологиялық скринингтен өткізудің сапасына мән беруді, Алматы қаласындағы А.Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4-ші мектеп-интернатқа қосымша ғимарат салуды ұсынамыз. Сонымен қатар, логопед және офтальмолог мамандықтарына бөлінетін мемлекеттік грант санын көбейткен маңызды", - деді Нұртөре Жүсіп. 

Бақытнұр Шерикбай
Бейсенбі, 02 Ақпан, 2023 13:01