Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мыңдаған қазақстандық тұрғын үй кезегіндегі орынынан айырылады: "Отбасы банк" ескерту жасады

Фото: freepik.com

Мыңдаған қазақстандық тұрғын үй кезегіндегі орындарынан айырылудың аз-ақ алдында тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазір Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 642 мың адам бар. Алайда олардың тек 14%-ы ғана пәтер алу құқығын растау үшін деректерін жаңартқан.

Бұл туралы “Отбасы банк” басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

“Біз 642 мың кезекте тұрған азаматқа қатысты деректерді алған кезде, соңғы екі жылда ешқандай санақ жүргізілмегенін біле тұра, қиындықтарға дайын болдық. Яғни, кезек тізімдері тек нөмірлер мен ЖСН арқылы ғана берілген. Бірақ мәселе бұдан да терең болып шықты. Бізде азаматтардың жарамды телефон нөмірлері жоқ, тіркелген мекен-жайылары туралы мәліметтер де сәйкес емес, отбасы құрамы туралы ақпарат та сәйкес келмейді”, – деді Ләззат Ибрагимова мәжіліс жанындағы қоғамдық палата отырысында.

Осыған байланысты “Отбасы банк” кезекте тұрған азаматтардың деректерін жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

“Қазір біз бұл деректерді жаңарту үшін төрт ай бойы ауқымды жұмыс жүргізіп келеміз. Алайда кезекте тұрған азаматтардың бір бөлігі келісім беруден бас тартуда, себебі олардың көбісі қазір мемлекеттік қолдау талаптарына сәйкес келмейді. 2025 жылдың 30 қарашасындағы жағдай бойынша бар болғаны 14%, яғни кезектегі  642 мың адамның ішінде 92 092 азамат қана өз келісімін берді”, – деді “Отбасы банк” басшысы.

Банк басшысының айтуынша, кезекте тұрғандардың көпшілігі қазір әскери қызметкер, мемлекеттік қызметкер немесе басқа да жеңілдік алушылар санатына сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, көпшілігінің балалары ержеткен немесе отбасы мүшелерінің бірі баспана сатып алған.

Ләззат Ибрагимова деректерді жаңартуға келісім бермей отырған кезектегілердің кесірінен тұрғын үй беру процесін жалғастыру және кезектегі келесі қатысушылар үшін конкурстық рәсімдерді өткізу мүмкін болмай отырғанын атап өтті.

Оның сөзінше, жүйе 2008 жылғы кезектегілерге баспана беруге 2007 жылғы кезекте тұрғандардың деректерін жаңалау толық аяқталмайынша өте алмайды.

Дана Русланқызы
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 19:54