Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды – Президент

2 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Президент жолдауында кейбір теріс пиғылды адамдардың мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Президенттің сөзінше, қоғамдық пікірге ықпал еткісі келетіндер арасында шетелде жүргендер де бар. 

“Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі. Бұған қоса, бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді”, – дейді Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның қоғамында да, билігінде де бұған дейін ешқандай "фобия" болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды.

“Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек. Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін”, – деді президент. 

Сондай-ақ президент қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруы тиіс екенін айтты. 

“Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті", – деді мемлекет басшысы. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 02 Қыркүйек, 2024 11:32