Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл – экологиялық терроризм": Ресей мен Украина Кахов су электр станциясының жойылуына бір-бірін айыптады

Ресей мен Украина Херсон облысындағы Кахов су электр станциясының жойылуына бір-бірін айыптап отыр. 6 маусымға қараған түні станциядағы тіреуіштердің бірі құлаған соң бөгет опырылып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

станция

Қазіргі таңда Херсон облысында Днепр өзенінің сол жағалауында тұрғындарды эвакуациялау жүріп жатыр. Ал Корабел шағынауданында жарық сөндірілген, алдағы уақытта су да өшіріледі. 

"Құжаттар мен бірінші қажеттіліктегі заттарды жинап, эвакуацияға арналған автобусты күтуді сұраймын. Солтүстік жағалау тұрғындарына жеке үндеу. Өз қауіпсіздіктеріңіз үшін қолдан келгенді жасаңыздар. Қауіпті аймақтан тез кетіңіздер", – деді Херсон басшысы Александр Прокудин. 

Аймақ басшысының кеңесшісі Дарья Заривна Херсон облысында кей елді мекендердің жартылай немесе толығымен су астына кеткенін мәлімдеді. 

Болған жағдайдан кейін Украина президенті Владимир Зеленский ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақырып, өзі де Кахов су электр станциясына жасалған шабуылға пікір білдірді.

"Ресейлік басқыншылар Кахов СЭС-ін бұзу арқылы бүкіл әлемге оларды Украина жерінен қуып шығу керегін дәлелдеп отыр. Оларға бірде-бір метр қалдырмау керек, себебі жердің әр метрін терроризм үшін қолданады. Тек Украинаның жеңісі қауіпсіздікті қайтарады. Сумен де, зымыранмен де Украинаны тоқтата алмайды", – деді Зеленский. 

Ал Ресей тарапы Новая Каховка, Голая Пристань мен Алешкин елді мекендеріне құтқарушылардың үш тобын жіберген. Херсон облысы губернаторының уақытша міндетін атқарушы Владимир Сальдр Кахов су электр станциясындағы жағдай бойынша жедел штабты басқарды. 

Жаңа Каховка мэрі Владимир Леонтьев болған жағдайды "Украина билігі мен оны басқаратын адамдар жасаған ірі террор актісі" деп бағалады. Ол апаттың салдары әлі зерделенетінін айтады. 

Леонтьевтің сөзінше, Украина бір жыл бойы жарып жіберуді көздеген турбина залына зақым келген. Сонымен қатар ол соққы жасалғанда нысанда тек ресейлік әскерилердің болғанын айтады. 

"Новая Каховкада СЭС бұзылған соң су деңгейі 5 метрге көтерілді. Бірнеше арал толығымен суға кетті", – дейді Жаңа Каховка мэрі Владимир Леонтьев.

Кахов станциясындағы апаттың салдары

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Кахов су электр станциясының жарылуы Қырымның сусыз қалатынын білдіреді дейді. Сонымен қатар Запарожье атом электр станциясына да қауіп төніп тұр екен. Себебі реакторды сумен салқындатуда бірнеше мәселе пайда болуы мүмкін.

"Ресейліктердің Кахов су электр станциясын жаруы бірнеше елді мекен мен биосфераның жойылуына алып келеді. Бірнеше елді мекенді толықтай немесе жартылай су басқан. Сондай-ақ станцияның жарылуы Қырымның сусыз қалатынын білдіреді. Бұл – экологиялық терроризм", – деп жазды ол. 

Ал Жаңа Каховка мэрі Владимир Леонтьев су электр станциясының жарылуы экологиялық шығынға ұшыратуы мүмкін дейді. Әрі қазір инфрақұрылым нысандары су астына кеткен. 

МАГАТЭ Кахов су электр станциясындағы жағдайдан хабардар екенін және мамандардың Запарожск атом электр станциясын бақылап отырғанын хабарлады. 

Талқылау