Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әншілер лагерьдегі арыстық балаларға концерт қойып берді

Арыстық оқушылар Алматыдағы балалар лагерінде тегін демалмақ. Қала әкімдігі 225 оқушы мен 21 ұстазға жолдама берген. Бүгінгі күнде мұнда 23 шілдеде келген 75 оқушы мен 7 педагог демалуда. Арыстан шыққан әнші Индира Елемес жерлестеріне демеу беру мақсатында Нұрлан Еспанов пен Арман Дүйсенов сынды әріптестерін ертіп, лагерде концерт берді.

Бірқатар қазақстандық әншілер лагерьдегі арыстық балаларға концерт қойып берді

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Арыстағы алапат жарылысты көрген бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, ойын сергітпек болған Алматы қаласы әкімдігі оларды сауықтыру орталығына орналастырған. Оқушылар түрлі ойын-сауықтық бағдарламаларға қатысып, білімдерін жетілдіруде.

"Маған бұл лагер өте қатты ұнауда. Бұл жерде өте қызықты ойындар өтілуде. Мен бұл лагерге бірінші рет келіп тұрмын. Біз бұл лагерде бос уақытымызда қолөнермен, ағылшын сабақтарына барамыз, сурет саламыз. Маған бұл лагер өте қызықты, ұнайды", - дейді оқушы Аруан Балахмет.

Арыстан келген оқушылардың жазғы демалысын есте қаларлықтай өткізуі үшін жергілікті бюджеттен 15 млн теңге бөлініпті. Үш лекке бөлініп келген балалар Алматының ең көрікті жерлерін аралап, ой-өрістерін кеңейтуде. Бірінші келген оқушыларға Казлегпром-Алматы компаниясы сыйлыққа мектеп формасын тарту етіпті.

"Жалпы Арыстағы жағдайдан кейін Алматы қаласының әкімдігі  Арыстың 225 баласына  тегін 10 күндік демалыс ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұған дейін 75 бала және 7 оқытушы  келіп, 10 күн демалып, Алматының көрікті жерлеріне экскурция жасап, ауылдарына қайтты", деді білім басқармасының орынбасары Ләззат Жылқыбаева. 

Бүгін келген әншілер оқушылармен бірге ән айтып, би билеп, соңында балалар мен ұстаздарға спорттық үлгідегі киімдерді сыйға тартты. 

"Бұл идея негізінде кенеттен пайда болды, оның алдында рас бұл Арыста болған оқиға жайлы естігенде біз өнер адамдары қалыс қалмағанын ел жақсы біледі Индира Елемес те сол Арыстың тұрғыны ретінде мен оны қолдаушы  ағасы ретінде жаңағы Арысқа барып барынша көмегімізді көрсеткенбіз, мейлінше", - деді Арман Дүйсенов. 

Оқушылар өнер иелерімен естелікке суретке түсіп, мәре-сәре боп қалды. Соңғы лек 6 тамыз күні келмек. Еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып жатқан бұл игі шара Арыстық балаларға оң әсерін беріп, көрген сұмдықты сәл де болса ұмыттырары сөзсіз. 

Талқылау