Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз әртүрлі Қазақстанда тұрамыз": Депутат елдегі жалақы деңгейіне қатысты пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская 2029 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын талдау барысында ресми статистиканың күмән тудыратынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кучинскаяның сөзінше, статистикаға көз жүгіртсек, азаматтар әртүрлі Қазақстанда тұратындай ой қалдырады. Себебі елдегі орташа жалақы мөлшері 340 мың теңге деп көрсетілген. Оның сөзінше, шын мәнінде халықтың басым бөлігі бұдан 3-4 есе аз жалақы алады. 

Сонымен қатар депутат ресми жұмыссыздық деңгейі туралы да сөз қозғады. 

"Бір қызығы, соңғы 10 жылдан бері пандемия да, экономикалық дағдарыс та Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейіне еш әсер етпейді. Жұмыссыздық деңгейі бізде тұрақты 4-5% көлемінде. Қашан біз елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын шынайы көрсететін шын статистикаға арқа сүйейтінімізді нақтылап алсақ бола ма?" – деді депутат.

Юлия Кучинскаяның сауалына Ұлттық статистика бюросының төрағасы Жандос Шаймарданов жауап беріп, жалақы мөлшерін есептеу кезінде орташа арифметикалық көрсеткіштің назарға алынатынын мәлімдеді. 

"Елдегі ең төменгі жалақы мөлшері – 70 мың теңге, оны жұмысшылардың 5-6%-ы алады. Жоғары жалақы алатын топ-мамандық өкілдерінің жалақысы 565 теңгеден басталады. 1 миллион, 2 миллион, тіпті одан да көп жалақы алатындар бар", – деді Шаймарданов. 

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі қай сала қызметкерлерінің жалақысы артатынын айтқан еді. 

Талқылау