Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Білікті мамандар қудаланады": Шымкентте емхана қызметкерлері мекеменің мемлекеттік меншікке өткеніне қарсы

Шымкентте үш жыл бұрын жекеменшік сенімгерліктің басқаруына өткен емхананың қызметкерлері мекеменің  қайтадан мемлекеттік статус алуына қарсы деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

дәрігерлерТүсірілімнен скриншот

Олардың айтуынша, емхана мемлекеттен қаржыландырылса, сол кездегі бас дәрігер қызметіне қайта келеді. Ал бұрынғы басшы емханаға қайта келсе, былық басталады. Білікті мамандар қудалауға ұшырап, тиесілі қаржы төлеуде алалау болатынына сенімді. Оның үстіне сенімгерліктің қол астында еңбекақыларын уақытылы алып, үстеме мен сыйақыға да қол жеткізіп үйреніп қалған.

Ал қалалық денсаулық басқармасының өкілдері мекеме сенімгерлік басқаруға заңсыз беріліп кеткенін мәлімдеді. “Қамқор" емханасының отызға жуық қызметкері мекеменің статусы қайта өзгергеніне түбегейлі қарсы. 

Мекеме қызметкерлері аурухана қайтадан қалалық №13 емхана болып қайта құрылып, оны басқаруға бұрынғы бас дәрігер келеді деп алаңдаулы. Себебі сол басшының тұсында мамандар қудаланып, үстемақылар мен сыйақылар дұрыс төленбей, жалақы да кешігетін дейді. Ал сенімгерлікте құқықтары толық қорғалады.

“Мәселен айлығымызды кеш, түнгі 1-2-де түсіреді. Ынталандыру компоненті бар. Қазір 30-40 мыңнан алып жүрміз. Бұған дейін 3-4 мыңнан түсіп жүрген. 10 есе аз. Ол келсе, қазір наразылық білдірген адамдарды жұмысқа қабылдамайды. Жұмысынан айырып, кейін қудалаулар пайда болады”, – дейді емхана қызметкері Айнель Байбекова.

Қызметкерлерге емхана мәртебесі өзгеретіні алдын ала ескертілмепті де. Ұжымның қазірден бастап екі тарапқа бөлінді. Бірі – сенімгерлік басқару жүйесін қолдаса, енді бірі емхана мемлекет арқылы қаржыландырылсын деп оты.

“Амал жоқ. Бізге жұмыс керек. Бірақ 13-емханаға болыспадыңдар, арыз жазбадыңдар деп қысым жасаудың қажеті жоқ”, – деді емхананың гинеколог-дәрігері Меруерт Наурызбаева.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы №13 емхананың жекеге өтуінде шикілік болғанын айтты. Сондықтан заң тұрғысында ол қайтадан мемлекеттік коммуналдық меншікке өтеді. Ал қызметкерлердің штаты сақталып, ешкім жұмыстан шығарылмайды деді.

“Қорқудың еш қажеті жоқ. Себебі барлығы заң аясында шешіледі және әлеуметтік көмектің барлығы міндетті түрде беріледі, – деп мәлімдеді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева.

Наразылық білдіргендер мәселе емхананың статусында емес екенін айтады. Бастысы денсаулық сақтау басқармасы жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы заңдылықтың қатаң сақталуын, кейін негізсіз қудалаудың болмауын қадағалауын сұрайды.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 02 Ақпан, 2023 07:47