Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"701 миллиард теңге бөлінген": Қазақстанда "Ауыл – Ел бесігі" жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр

Фото: iStockphoto.com

Президенттің бастамасымен 2019 жылдан бастап елімізде "Ауыл – Ел бесігі" ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның түпкі мақсаты – ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңарту арқылы елді мекендерді өңірлік стандарттарға сәйкестендіру. Жоба аясында әлеуметтік нысандардың құрылысы мен күрделі жөндеуі, жылу, газ, электр, су және кәріз желілерін жаңарту, сондай-ақ ауылішілік көшелерді абаттандыру және жөндеу жұмыстары қаржыландырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

"Ауыл – Ел бесігі" жобасы – елді мекендердің әлеуметтік бейнесін түбегейлі өзгертетін стратегиялық бағдарлама. Ол ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, өңірлердің дамуына серпін береді.

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2019–2024 жылдары бағдарлама аясында 701 млрд теңге бөлініп, 2,2 мың тірек және спутниктік ауылда алты жарым мыңнан астам жоба жүзеге асырылған.

Бағдарлама аясында 772 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, 2,1 мың әлеуметтік нысан салынды, сондай-ақ 3,7 мыңнан астам ауылішілік жол жөнделіп, жаңадан төселді. Бұған қоса, 5,3 мың шақырым инженерлік желі мен 7,9 мың шақырым жол инфрақұрылымы жаңғыртылды.

2025 жылы "Ауыл – Ел бесігі" жобасына бюджеттен 173,5 млрд теңге бөлінді. Оның 73,5 млрд теңгесі республикалық, ал 100 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерден бағытталды. Бұл қаржы есебінен 500 ауылдық елді мекенде 1 мың жоба іске асырылмақ. Оның ішінде 107 коммуналдық нысан, 280 әлеуметтік нысан, және 600-ге жуық ауылішілік жол салу мен жөндеу жоспарланған.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, 2025 жылдың 1 қазанына дейін өңірлерде 100-ге жуық нысанның құрылысы толық аяқталған.

Түркістан облысы

Түркістан өңірі "Ауыл – Ел бесігі" жобасын белсенді жүзеге асырып келеді. Биыл аймаққа 21,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат 142 елді мекендегі 140 жобаны қамтиды, оның 54-і бұрынғы кезеңнен өтпелі, ал 86-сы жаңа бастамалар.

Жобалар аясында 7 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 17 жаңа спорт нысанының құрылысы басталған. Сонымен қатар, 1 спорт мектебі жаңартылып, 10 мәдениет үйі салынып, 6 нысан жөнделуде. Сондай-ақ, 2 су шаруашылығы нысаны мен 7 электр желісі іске қосылады. Ауылішілік жолдарға қатысты 90 жоба қолға алынған.

Сумен қамту саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазір 63 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде 7 қалада, 56 ауылда орналасқан. Жыл соңына дейін 36 жоба аяқталып, 30 ауыл таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.

Сонымен бірге, "Жайлы мектеп" бағдарламасы шеңберінде 29 жаңа мектептің құрылысы қарастырылған. Бүгінде 13 мектеп пайдалануға берілген, 9-ында оқу процесі жүріп жатыр, ал қалған 16 нысан жыл соңына дейін аяқталады.

Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысында да бұл бағдарлама табысты түрде жүзеге асырылуда. Облыстағы 413 елді мекеннің 221-інде түрлі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. 2019–2024 жылдары аймаққа 44,1 млрд теңге бағытталып, 150 жоба іске асқан.

Нәтижесінде 95 ауылда өмір сапасы айтарлықтай жақсарған: 24 білім беру, 20 мәдениет, 10 денсаулық сақтау, 3 спорт және 13 коммуналдық шаруашылық нысаны пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 7,1 шақырым су желісі тартылып, 322 шақырым жол жөнделген.

Биыл облысқа 13,1 млрд теңге бөлініп, 30 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 17-сі өтпелі, 12-сі жаңа, ал 1 жоба қосымша қаржыландырылған. Қаржының 4,5 млрд теңгесі республикалық, 8,6 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Қазіргі уақытта 11 жоба толық аяқталған, 12-сі жыл соңына дейін тапсырылады, ал 7 жоба келесі жылға өтеді.

"Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы соңғы бес жылда еліміздің ауылдық өңірлерін жаңаша қалыпқа түсіріп, халықтың өмір сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарды. Жоба тек әлеуметтік инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, ауыл экономикасын нығайтып, өңірлік теңгерімділікті қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бастамаға айналды.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 30 Қазан, 2025 14:00