Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бекінісін жауға бермеген қазақ: Кеңес Одағының батыры Мақаш Балмағамбетовтың ерлігі

Мақаш Балмағамбетов Ұлы Отан соғысының қатысушы, Кеңес Одағының Батыры, Дала майданының 7 армиясының 73-гвардиялық атқыштар бөлімі жеке оқу батальонының 2-ші рота бөлімшесінің командирі, аға сержант. Ол Днепр өзенінің жағасындағы шайқаста өшпес ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ азаматы. Ол туралы көп айтылмағанымен, халық олардың ерлігін ешқашан ұмытпайды. Осыған орай, Stan.kz ақпарат агенттігі есімі көпшілікке таныс емес батырларды еске түсіре отырып, бекінісін жауға бермеген қазақ батыры Мақаш Балмағамбетовтың ерлігі туралы сыр шертеді. 

Мақаш Балмағамбетов 1914 жылы 29 қыркүйекте Қазалы ауданындағы №17 ауылда, малшының отбасында дүниеге келген. Малшының шаңырағында өссе де, хат танып, 4 сыныпты бастауыш мектепті бітіріп шығады. Кейіннен өзінің туған колхозында есепші, техник болып жұмыс істейді. 

Жасы 30-ға таяған шағында, 1943 жылы Қараөзек аудандық әскери комиссиартынан майданға шақырылды. Сөйтіп,  1943 жылдың наурызынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысты. 

1943 жылғы 25 қыркүйекте гвардия сержанты Мақаш Балмағамбетовтың басшылығымен жеке оқу батальонның 2-ші рота бөлімшесі алғашқы болып, Украинаның Днепропетровск облысының Жоғарғы Днепр ауданы Бородеевка кентінің маңындағы Днепр өзенінен жылдам өтіп, гитлерлік пулеметшілермен қанды шайқасқа түседі.

Бір күнде сержант Балмағамбетовке сеніп тапсырылған бөлімше атқыштар ротасының басқа бөлімшелерінің өткелден өтіп кетуін қамтамасыз ете отырып, қарсыластың 3 бірдей қарсы шабуына тойтарыс берді. 

Ал түнгі шабуылдар кезінде жауынгерлер Бородаевка кентінің шетіне шабуылдап, қосымша күш келгенге дейін өздері басып алған шабуыл шебін ұстап қалды.

1943 жылдың 28 қыркүйегінде жарым түнде сержант Балмағамбетов жаудың бірнеше атыс орны тұрған үйді жарып жібереді. Соның арқасында батальон алға жылжып, ауылды басып ала алды.

Бұл ерлігі үшін Балмағамбетов жоғары марапатқа ие болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 ақпандағы қаулысымен фашистік-неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны және ерлік пен қаһармандық танытқаны үшін гвардия сержанты Мақаш Балмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалі тағылды.

1945 жылы аға сержант Мақаш Балмағамбетов демобилизацияланды. Соғыс аяқталғаннан кейін ол Қарақалпақ АСКР-ның астанасы Нүкіс қаласында тұрып, сонда қызмет етті. Соңына дейін неміс басқыншыларына қарсы тұрып, бекінісін бермей қорғап қалған қазақтың батыр ұлы 1977 жылы 29 қыркүйекте дүниеден озды.

Талқылау