Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байбек Nur Otan партиясын сынды қабылдай білуді үйренуге шақырды

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Сапар барысында ол партияның облыстық активімен кездесіп, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталып өтті. Сондай-ақ аймақтың белсенді жастарымен арнайы кездесіп, партияның жас буынмен жұмысы жаңа деңгейге көтерілетінін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Байбек Nur Otan партиясын сынды қабылдай білуді үйренуге шақырды

Конференция барысында Бауыржан Байбек уақыт өткен сайын қоғамда өзгерістерге сұраныс артып келе жатқанын айтты.

«Халық қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатыса бастады. Бұл үдеріске заманауи коммуникациялар да тың серпін беруде. Жаңа саяси технологиялар өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Бұл бүкіл әлемді қамтып отырған жаһандық үрдіс. Сондықтан қазіргі таңда осы трендтерді игеріп, өзінің жұмысын жаңа үрдістермен байланыстыра білген ұйымдар ғана жетістікке жетеді» , – деді партия төрағасының бірінші орынбасары.

Осыған байланысты Nur Otan партиясы қоғамдағы өзекті мәселелерді әлеуметтік желілерде жан-жақты талқылаудан қашпай, халықтың желідегі пікіріне байланысты жедел әрекет етуді қолға алады.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек партияның сынауды, сынды қабылдауды және сол арқылы барлығын сараптап, оны өзінің алаңында конструктивті сынға айналдыра білуі керектігін айтты.

«Партия ішінде қоғамды толғандыратын өзекті мәселелердің барлығы айтылуы керек. Қазақстандағы барлық саяси партиялардың, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен сындарлы диалог кеңістігін құру қажет. Ол тек саясатты ғана емес, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық салалармен барлық өзекті мәселелерді қамтуы тиіс», – деді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек партиялық жұмыс барлық әлеуметтік топпен бірдей жүргізілуі керектігіне де назар аударды.

«Бұл істе жобалық – нақты бағыттағы тәсілдер қолданылуы тиіс. Жастар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік аз қамтылған топтар, көп балалы аналар және жұмыссыздармен тікелей жұмыс істейміз. Қазірдің өзінде партияның нақты топтарға бағытталған жақсы әлеуметтік жобалары бар», – деді ол.

Бұдан басқа партия алдағы уақытта халықпен кері байланысты күшейтіп, қоғамдық қабылдау жұмысын жетілдіре түспек. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, ақпараттық бағыттағы іс-әрекетті жүйелеу істеріне де басымдық беріледі.

Сондай-ақ Бауыржан Байбек қазіргі жаһандану жағдайында әрбір ұлт өзін сақтап қалу үшін күресіп жатқанына және бұл ретте біздің жастарға үлкен міндет жүктеліп отырғанына назар аударды.

«Біз тәуелсіздік алған кезде болашағымызға сенімсіздікпен қарағандар болды. Елбасының дана саясатының арқасында біз мемлекет құрып, бүкіл әлемге өзіміздің ел бола алатынымызды дәлелдедік. Енді осы елдігімізді күшейтіп, өз құндылықтарымыздың аясын кеңейтуіміз керек. Ана тіліміз бен тарихымызды дәріптеп, әлемдік деңгейге алып шығу біздің міндетіміз. Осы ретте жастарымыз белсенділік танытуы тиіс», – деді Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Осыған орай белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов төл өнерімізді қолдап, айтысты қайта жандандыру жайында өз ұсынысын білдірді. Мұндай ұсынысты ризашылықпен қабыл алатынын айтқан Бауыржан Байбек партияның алдағы уақытта айтысты қолға алып, оның дамуына жағдай жасайтынын айтты.

«Партияның қолдауымен енді ай сайын әр өңірде айтыс ұйымдастырылады. Оның алғашқысы күзде Алматыда өтеді. Ақындарымыз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтуы тиіс. Бірақ барлығы конструктивті болуы қажет», – деді Бауыржан Байбек.

Талқылау