Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Орал әуежайы ресейлік олигархқа тиесілі ме –  Батыс Қазақстан облысының әкімі жауап берді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Орал әуежайының 49 пайызына иелік ететін компанияның Ресейлік миллиардерге тиесілі екенін жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін БАҚ-та Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың 49 пайыз акциясы Ресейлік миллиардер Виктор Вексельбергпен байланысы бар компанияға сатылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ақпаратты жоққа шығарды.

“АО “Ретранс” шынымен ресейлік компания. Қазір әуежайдың 49 пайызы соған тиесілі. Ал 49 пайызына қазақстандық азамат Дәулетхан Қилыбаев иелік етеді. Тағы екі пайызы Қазақстан азаматында. Ал Вексельберг бүгінгі таңда АО “Ретранс” компаниясының құрылтайшысы болып табылмайды. Себебі, әуежайдың үлесін бөлу кезінде Азаматтық авиация комитеті бүкілін егжей-тегжейлі тексерді. Қайсы компания кімге тиесілі екенін немесе қай акционерлік қоғамға кіретінін толық қарады. Одан басқа органдар да тексеру жүргізді. Менің ойымша, уәкілетті органдар осы жағдайдың бәрін қарастырды. Содан кейін ғана барып үкіметтің қаулысы шықты. Жалпы, әуежайдың ұшып-қону жолағы, терминалы мемлекет меншігінде. Олардың меншігінде тек қана ұшақ ұшып келгенде бұрылатын шағын учаске мен тұрақ бар. Қалған барлық стратегиялық нысан мемлекет меншігінде”, – деді ол. 

Сондай-ақ әкім “әуежай ресейлік компанияға тиесілі болғандықтан санкцияға ұшыраса не болады?” деген сұраққа жауап берді. 

Бізде әуе кеңістігі туралы заң бар. Сол жерде “егер ұлттық қауіпсіздікке зиян тигізген жағдайда” уақытша басқару мемлекетке өтеді” деген бап бар. Яғни, компаниялар бірден шеттетіледі”, – дейді БҚО әкімі. 

Сонымен қатар әуежайдың терминалы былтыр күрделі жөндеуден өткізілген. Оған мемлекеттен 6 миллиард 600 миллион теңге бөлінген болатын. Осы тұста Батыс Қазақстан облысының әкімі жалға берген компанияның қаражатты қашан қайтаратыны туралы айтты. 

“Біз аталған компаниямен әуежайымызды қалай дамытуға қатысты немесе авиарейстерді көбейтуге қатысты нақты жол картасын жасап жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз әуежайдағы талаптардың қазіргі халықаралық талаптарға сай болуын қамтамасыз ету. Екіншіден, қажетті құрал-жабдықтарды жол-картасы арқылы талап ретінде қойып жатырмыз. Соның ішінде, 6,6 миллиард теңгені қайтару мәселесін бізде көтеріп отырмыз. Нақты уақыты мен мерзімін сұрап отырмыз. Егер қайтармаған жағдайда жаңа терминал мемлекет меншігінде қала береді. Оған ешқандай алаңдаушылық жоқ. Қайтарған жағдайда біз қаражатты алып облыстағы басқа да қажеттіліктерге жұмсайтын боламыз. Бұл мәселені көтеру, біріншіден – облысымыздың мүддесі, екіншіден – халықтың сапалы қызмет алуына қолайлы жағдай жасау”, – дейді ол. 

Талқылау