Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баспана" ипотекалық ұйымы 20,89 млрд теңгеге бірінші облигацияларын өтеді

«Баспана» ипотекалық ұйымы («ВВВ»/болжамы «Тұрақты», Fitch) өзінің бірінші облигациялар шығарылымы бойынша 20,89 млрд теңге жалпы сомасына өтем жүргізді. Оның ішінде негізгі борыш бойынша - 20 млрд теңге, купондық сыйақы бойынша 897 млн теңге уақтылы және толық көлемде төленген. Бастапқы облигацияларды орналастыру 2018 жылдың қазанында 9,59% мөлшерлеме бойынша жүзеге асырылған болатын. Кестеге сәйкес келесі өтеу 32,550 млрд теңге жалпы сомасына 2019 жылдың соңында өтеді.

биржа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) еншілес құрылымы – «Баспана» ИҰ» АҚ ипотекалық кредиттеуді дамыту институты ретінде құрылғанын атап көрсетеміз. Компания облигациялар шығару және екінші деңгейдегі банктерден ипотекалық портфельдерді сатып алу есебінен қор нарығы арқылы қаражат тартумен шұғылданады. Қазіргі кезде қор нарығы арқылы «Баспана» 198,6 млрд теңге жалпы сомасына облигациялар орналастырды.

«Облигациялар орналастыру – ипотекалық портфельді сатып алу» қаржылық моделі мемлекеттік бюджет қаражатын тартусыз «7-20-25» және «Баспана Хит» тұрғын үй бағдарламаларын дамытуға мүмкіндік береді. Ағымдағы сәтте «Баспананың» сатылған облигацияларының 85%-ын жеке инвесторлар – екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру ұйымдары, капиталды басқару жөніндегі компаниялар мен брокерлік ұйымдар сатып алды.

Жалпы алғанда, ҚРҰБ әзірлеген «Баспананың» қаржылық моделі бүгінгі күні өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бір жағынан, қазақстандықтар тұрғын үйді ипотекаға төмендетілген мөлшерлемелер бойынша сатып алу мүмкіндігіне ие болды, екінші жағынан мемлекет субсидиялаудан босатылды, ал инвесторлар кепілдендірілген жоғары кірістілігін алады.

Сонымен бірге, бұл екінші деңгейдегі банктерге өздерінің ипотекалық кредиттеу үлестерін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Егер 2015 жылдан бастап 2017 жылға дейін коммерциялық банктердің ипотека бойынша кредит берудің орташа көлемі жылына 250 млрд теңге болса, онда 2018 жылы «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары іске қосылғаннан кейін банктердің ипотекалық кредиттеуі 520 млрд теңгеге жетті, ал 2019 жылғы 8 айда – 508 млрд теңгеге жуық болды.

Талқылау