Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас прокуратура: Қазақстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ

Қазақстанның бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев қазақстандықтарға мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Alt

«Ағымдағы жылдың 28 маусымында прокуратура органдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бейбіт митингілер мен жиналыстар өткізудің тәртібі мен шарттары туралы заңға түсініктеме берді. Мемлекет мұндай жария іс-шараларды өткізуге конституциялық құқықты іске асыруды «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Заң шеңберінде қамтамасыз етеді», - дейді Дембаев.

Ол әлеуметтік желілерде аталған заң талаптарын бұзып, 2019 жылғы 6 шілдеде санкцияланбаған митингтерді ұйымдастыруға және оған қатысуға арандатушылық шақыруларды тарату әлі де жалғасып жатқанын атап өтті.

«Жүргізіліп жатқан үгіт - жекелеген адамдардың жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға және елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кезекті талпынысы. Конституция мен ұлттық заңнамаға сәйкес мұндай іс-әрекеттерге тыйым салынады және жауапкершілікке әкеп соғады. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары аталған заңсыз іс-әрекеттердің жолын кесетін болады», - дейді бас прокурордың орынбасары.

Дембаев рұқсат етілмеген жария акцияларды ұйымдастыру және өткізуге шақыру, не оларға қатысқаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы (санкцияланбаған акцияны ұйымдастыру не оған қатысу) бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, онда Қылмыстық кодекстің 400-бабы (санкцияланбаған акцияны ұйымдастыру не оған қатысу, егер олар елеулі зиян келтірсе) бойынша жауапкершілік туындайды.

Бас прокуратура азаматтарды заңды сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.

Талқылау