Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлығы заңға сәйкес болды": ІІМ Бишімбаевтың босап шығуы туралы

Қазақстанның ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев үкімет отырысында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына қатысты пікір білдірді. Ол барлығы заңға сәйкес болғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сурет: sputniknews.kz

«Ол пробациялық қызметтің бақылауында болады. Ол бастапқы үкімге шағымданған. Маған белгілісі, оның жаза мерзімі 4,8 жылға азайтылған. Оның үштен екісін өтеді. Бір жылдан көбірек уақыт қалған болатын. Мұндай жаза түрі анағұрлым жеңіліне өзгертілді», - дейді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Өз сөзінде ол Қуандық Бишімбаевтың кінәсін толықтай мойындағанын растады. Сонымен қатар бұрынғы ұлттық экономика министрінің мемлекет алдындағы қарызын өтегеніне сенімділік білдірді.

«Егер залал болса және Жоғарғы сот осындай шешім қабылдаса, демек Бишімбаев өтемеген материалдық залал қалған жоқ. ... Бұған дейін Жоғарғы сот аталған іске қатысты мән-жайды түсіндірген еді. Жоғарғы соттың шешіміне қатысты пікір білдіруге құқым мен құзыретім жоқ. Барлығы заңға сәйкес болды», - дейді Қожаев.

Еске сала кетсек, мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталып, 2018 жылы наурыз айында 10 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Леңгірдегі қауіпсіздігі жоғары мекемеде жазасын өтеп жатқан еді. Ол жазасын жұмсартуды сұрап, өзін қоныс колониясына ауыстыру туралы өтініш берген. Сот оны қауіпсіздігі төмен мекемеге ауыстырудан бас тартып, жазасын Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеген-ді.

11 қазанда Бишімбаевтың түрмеден босап шыққаны белгілі болды.

Талқылау