"Бәрі түсімдегідей болды": Содырға тұрмысқа шығу үшін оқушы шағында үйінен қашып, Сирияға аттанған қыздың оқиғасы
2015 жылы лондондық 15 жастағы мектеп оқушысы Шамима Бегум отбасын тастап, екі құрбысымен бірге содырлардың біріне тұрмысқа шығу үшін "Ислам мемлекеті" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) деп аталатын ұйымның бақылауындағы аумаққа жасырын қашып барған. Соңғы жылдары ол көп сұхбат беріп, содырлардың арасында өткен өмірі мен Сирия лагерінде бастан кешкен күндері туралы айтып жүр. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі BBC сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Үйден қашу
Шығыс Лондоннан үш оқушы қыздың "Ислам мемлекеті" содырларына тұрмысқа шығу үшін жасырын түрде Сирияға аттанғаны туралы оқиға әлемді дүр сілкіндірген. Алғашында олардың отбасылары, британ полициясы және іске қатысқан заңгерлер оларды қолға түсіріп, үйлеріне қайтаруға мүмкіндік бар деп ойлаған.
Алайда олардың іздерін мұқият жасырғаны сонша, артында дым мәлімет қалдырмаған. BBC журналисі Джош Бейкердің қашуды мұқият жоспарлауға кім көмектесті деген сұрағына Шамима оларға ғаламторда белгісіз азамат кеңінен ақпарат бергенін айтқан.
Әлдебіреу (кім екенін білмейді) күдік тудырмас үшін өздеріңмен бірге көп зат алмаңдар деп, "күйеуіңнің көңілінен шығу үшін" әдемі көйлектерді көбірек алуға кеңес берген. Шамима ол азаматтың нақты не жайлы айтып тұрғанын түсінбегенін мойындаған, бірақ ол өзі өте жақсы көретін, алайда Сирияда жоқ жалбыз шоколадының 30 қорабын сатып алған.
Қашу жоспарланған күні Шамима үйінен ерте шығып кетеді. Бұл мектеп демалысы кезі еді, сол себепті ол ата-анасын сендіруге тиіс болған. Соңында ол анасына емтиханға (GCSE) дайындалу үшін қосымша сабақтарға баратынын айтады, алайда ол оны тапсыруға ниетті емес еді.
Анасы оны аялдамаға дейін шығарып салған. "Бәрі түсімдегідей болды", – дейді Шамима, "Мен оны соңғы рет көріп тұрғанымды біліп тұрдым".
- "Күйеуім және бес баламнан айырылдым": Сириядан қайтып оралған қазақстандық әйелдер өз оқиғаларын айтты
- Жеті рет тұрмыста болып, жеңгетайлықпен айналысқан: Сирияға "халифат құруға" кеткен қазақстандық әйел оқиғасын айтты
Басқа жерге сақтықпен жасырып қойған чемодандарын алған қыздар ДАИШ* нұсқаушыларының кеңесімен Гатвик әуежайындағы төлқұжат бақылауынан аман-есен өтіп, Ыстамбұлға бағыт алған Turkish Airlines ұшағына отырады. Түркияда қалың қар жаууына байланысты рейс кешігеді, ал Шамима оларды тауып алып, үйіне қайтарады деп қатты қорқады. Бірақ ұшақ әуеге көтеріліп, үш қашқын Ыстамбұлға аман-есен қонып, автовокзалға жетеді де, "ислами киімдерін" киіп, шекарадан өткізуі тиіс адамды шақырады.
Бұл олардың сапарының бірінші және ең қауіпсіз бөлігінің соңы еді. Лондондық үш оқушы қыздың алдағы тағдыры енді контрабандашылар мен әлемдегі ең қатыгез террористік ұйымдардың бірінің мүшелеріне байланысты болды.
Қазіргі өмірі
Қашып кеткен күннен бері жеті жыл өтсе де, Шамиманың өмірі басқа адамдарға тәуелді. Қазір бұл шешімді "Ислам мемлекеті" емес, Ұлыбритания билігі қабылдайды.
Ол Ұлыбританиядағы қоғамдық пікір оны "өмірге қауіп төндіретін" деп санайтынын түсінеді, бірақ ол осы уақыт ішінде мүлдем басқа адамға айналғанын алға тартады.
Алайда Бейкер оның лаңкестік ұйымның мүшесіне айналғанын түсінді ме, жоқ па деген тікелей сұрағына Шамима: "Ия, түсінемін", – деп жауап берген.
Балалар білімі жөніндегі бұрынғы министрдің орынбасары Тис Лоутон британдық қоғамдық пікір бастапқыда оны исламдық насихаттың құрбаны ретінде қарастырғанын айтады.
- "Бейбіт өмірдің қадірін түсіндік": Сириядағы сергелдеңнен құтқарылған әйелдер бастан кешкен оқиғаларын айтты
- Қоғам белсендісі Атырауда сәләфилік бағыттағы "Ұлттық қыздар мектебі" ашылғанын мәлімдеді
"Көптеген адамдар, шынын айтқанда, біз оған берешегіміз жоқ деп ойлайды. Көпшілігінің пікірі "ол сау басына сақинаны өзі тілеп алды, енді өзі құтылсын" дегенге саяды", – деп қосқан Лоутон.
Бегумның қорғаушылары болса апелляциялық сотты оның қылмыскер емес, оны "Ислам мемлекетіне" баруға азғырған адам саудагерлерінің құрбаны екеніне сендіруге тырысады.
Шамима үш қашқын қыздың ішінде бір өзі тірі қалған, ал Амира Абази мен Қадима Сұлтан қаза тапқан.
ДАИШ* – Қазақстанда тыйым салынған ұйым.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік