Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама": Балғынбек Имашев бір әйелді "жетістіріп" алуға кеңес берді

Айтыс десе Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов немесе ең жасы Сырым Әуезхан еске түседі. Ал осы замандастардан кейінгі суырып салма ақындарды халық неге танымайды? Әлде қабылдамайды ма? Мүмкін расында қазір жастардың арасында мықты айтыскер ақындар жоқ па? Осы тақырыптардың жауабын білу үшін Stan.kz тілшісі айтыскер ақын Балғынбек Имашевпен сұхбаттасты. 

Балғынбек ИмашевСурет: Болат Шайхинов

-    Балғынбек мырза, сәлеметсіз бе! Сұрақты айтыстың бүгінгі деңгейінен бастайықшы. Қалай бағалайсыз? Жас айтыскерлерден кімдерді қолдайсыз?

-    Қазір айтыстың немесе айтыскерлердің деңгейін бағалайтын кез емес. Мықты жастар өсіп келеді. Бірақ, халық оларды танымайды. Себебі, теледидар арқылы көрсетілім жоқ. Әртүрлі айтыс болып жүр, мықтылар суырылып шығып жатыр. Ал оларды насихаттайтын бұқаралық ақпарат көздері мен қолдаулары жоқ. Міне осы мәселе қарын аштырады. 

-    Бәлкім, Ринат Зайытов секілді youtube жаулау керек шығар. Ол кісі жастарға қолдау мен еркіндік көрсету мақсатында онлайн айтыс ұйымдастырған еді. Сондай форматта даму немесе жоба жасау ойыңызда жоқ па?

-    Иә, қазір әлеуметтік желі деген үлкен сұранысқа ие ғой. Қазір теледидар көретін адам аз. Бәрінің қолында телефон, компьютер. Ал ол жерде шектеу жоқ, кесу жоқ. Алайда, бұл жерде де бір әлсіздік бар екенін ұмытпау керекпіз. Әзірге, қазақша контент өте аз және сапасы да төмен. Бәрі әйтеуір, youtube канал ашып, дамытуға тырысып жүр. Алайда, қаралым саны өте төмен. Себебі, қазақ аудиториясы әлі youtube видеохостингіне көше қоймаған сияқты. Ал айтысқа келсек, жағдайымыз тіпті қиын. Себебі, қазақша аудитория қалыптаспаған жерде қазақ өнерінің сұранысқа ие болуы екіталай.

Ринаттың интернет айтысын көрмедім. Бірақ, естідім. Жасалды, өткізілді, ұмытылды. Қазір «онлайн айтысты білесіз бе немесе көрдіңіз бе?» деп сұрап көріңізші. Меніңше, Ринаттың онлайн айтысын ешкім білмейді. Ол жақтағы жас айтыскерлерді, мықты болса да, халық тани қоймады. Неге? Жауап біреу, әлі youtube видеохостингінде қазақ аудиториясы мен қазақша контент қалыптаспаған. Сондықтан, қанша тырыссақ та, оның тез дамуы, өтуі екіталай. Одан бөлек тағы бір себеп бар. Ақжаулықты аналарымыз бен ақсақалды аталарымыз youtube емес, теледидарды көреді. 

-    Айтыскер ақын болу үшін тума дарын керек. Одан бөлек тағы қандай қасиет қажет?

-    Иә, ең бірінші қанмен келетін дарындылық пен суырыпсалма қасиет керек. Ал екіншіден таза қазақилық керек. Өкініштісі, қазір жастарымыз кітап оқымайды. Үшіншіден, қазақша ойламайды. Олар аралас ойлайды. Бұрын «Абай жолын» оқымаған таза қазақ емес деген түсінік болатын. Қазір «Абай жолын» кім жазды деген сұраққа жауап бере алмайтын қазақ көп.

Оны қойыңызшы, тіпті, кәсіби журналистер және қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімдері тұрақты тіркестердің қолдану ретін, мақалдардың түп мағынасын білмей жатады. Айтыскер ақын болу үшін қарт пен кемпірдің қолында өсіп, айран-қымызын ішіп, барлық жыр мен эпосты тыңдап өсу керек. Айтыскер ақынның тек жүрегі емес, тілі, ойы, көзі, құлағы бәрі-бәрі қазақша сөйлеу керек, қазақ тілін сүю керек, тарихты білу керек. Міне, сонда ғана мықты айтыскер ақын болып қалыптаса алады.

-    Бір кездері Жүрсін ағамыз сіз туралы ашулы пікірін айтқан еді. Қазір қарым-қатынасыңыз қандай?

-    Жоқ, арамызда ешқандай ұрыс-жанжал, өкпе-реніш болған емес. Ол кісі менің айтысқа қатыспай жүргеніме өкпелеп, кішкене шағып айтқан еді. «Балғынбектің айтысқа кетуіне намазы мен діні себеп болды» дегендей пікір айтыпты. Бірақ, айтысқа шықпауыма діннің еш қатысы жоқ. Жүрсін ағамыз шағып сөйлейді, қатты айтады. Оны кейбір сіздің әріптестеріңіз үрлеп әкетеді ғой. Қарым-қатынасымыз жақсы, сыйластығымыз түзеу. 

-    Бала тәрбиесіндегі басты қағидаларыңыз қандай?

-    Бала тәрбиесінде мен сөзбен айтпаймын, іспен көрсетемін. Қазақта «Ұяда не көрсе, соны іледі» немесе «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген керемет нақылдар бар. Сөздеріне мән берсеңіз, «не естісең...» деп тұрған жоқ қой. Міне, сондықтан ата-ана ең әуелі өзін тәрбиелеуі керек. Мысалы, өзіңіз темекі шегетін болсаңыз, жүз жерден балаңызға «темекі шекпе, зиян» деп айтсаңыз да тыңдамайды. Себебі, ол әкесінің темекі шеккенін көрді, қалыпты жағдай деп қабылдады.

Тағы бір мысал, үйінде арақ-шарап ішетін отбасының балаларының ойындарына назар салып көріңізші. Ойын барысында стақан түйістіріп отырғанын байқауға болады. Неге? Өйткені, ол әке-шешесінен соны көрді. Ал намаз оқитын еді кішкентай бала тілі келмесе де, шартын білмесе де. жайнамазға басын қойып, әлектеніп жүргенін байқауға болады. Міне, менің бала тәрбиесіндегі басты қағидам осы. Сөзбен емес, іспен дәлелдеу. 

-    Көп әйел туралы не айтар едіңіз? Өзіңіз қолдайсыз ба?

-    Бұл сұрақта менің пікірім маңызды деп ойламаймын. Алла рұқсат етті, шариғат рұқсат етті. Құранда жазылды. Көп әйел алуға еш қарсы емеспін және менің қарсы келуге еш қақым жоқ, Ал өз басыма келетін болсам, «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген мақалды ұстанамын. Түсінетін адам бұл мақал арқылы менің айтпағымды түсінген шығар. Әрине, егер екі әйелдің де, олардан туған балалардың да жағдайын жасайтын азамат болса, «әп, бәрекелді» деймін. Бірақ, біздің қоғамда ондай азаматтар аз шығар. 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау