Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балам өлі туылып, қайта тірілді": Тараздық әйел перзентінің мүгедек болып қалғанына дәрігерлерді кінәлайды

Тараздық көп балалы ана дәрігерлердің салғырттығы құрсақтағы сау сәбиімді сал етті деп зар жылап отыр. Айтуынша, шақалақ жарық дүниеге келмей жатып, жатырда тұншығып қалған.

Сурет: 31 арна/скриншот

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Бір жыл бұрын төртінші перзентіне жүкті Венера ай-күні жетіп, облыстық перзентханаға жолдамамен барған. Алайда дәрігерлер өзінің де, құрсағындағы нәрестенің де жағдайы дұрыс екенін айтып, қайтарып жіберіпті. Жағдайымды айтып, жалынғаныммен, сөзіме құлақ асар жан болмады, дейді. Содан кейін көңілі күпті келіншек үйіне кеткен. Алайда 6 сағаттан кейін перзентханаға ауыр халде қайта келген.

«Акушерлер ауыр халде екенімді көрсе де, ешқандай шара қолданған жоқ. Бала өлі болып туылды. Реаниматолог дәрігерлердің арқасында қайтадан тірілді. Алайда мүгедек болып қалды», - дейді Венера Рахымбекова. 

Венера жазықты жандар жазаланбайынша жаны жай таппайтынын айтады. Бүгінде аталған іске қатысты 2 медициналық сараптама жасалған. Алайда оның бірде-бірінде дәрігерлердің сәбидің денсаулығына қаншалықты зиян келтіргенін дәлелдейтін сөз жоқ.

Ал жауапты мекеме мамандары жазықты жандардың өз тарапынан жазаға тартқанын айтты. 

«Облыстық перинаталдық орталықта жиналыс болды. Біз бірнеше дәрігерге сөгіс, сондай-ақ қатаң сөгіс жарияладық», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жібек Исаева. 

Қазір Венераның қолында Әділет министрлігінің алдыңғы сараптамалар жарамсыз деп танылған қағазы бар. Күні ертең кешенді сараптама жасатамыз, деп отыр. Бастысы, қылмыстық іс аяғына дейін жеткізіліп, айыптылардың лайықты жазасын алғанын қалайды.

Талқылау