Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларым үйде тон киіп жүрді": ШҚО-да көп балалы отбасыларға берілген үйлерге қатысты дау шықты

Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданында көп балалы отбасыларға берілген үй төңірегінде дау туды. "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасымен баспаналы болған тұрғындар әкімдік өкілдеріне алғыс емес, наразылықтарын қарша боратты. Stan.kz тілшісі үйлердің жағдайымен танысып, ұландықтардың талап-тілектерін тыңдап қайтты.

Таврия ауылы тұрғындары

"Батареялар бөлмелерді жылытпайды"

Нақтырақ айтсақ, Ұлан ауданының Таврия ауылындағы жағдай. Қыстың көзі қырауда көп балалы аналар мердігер жіберген кемшілікті айтып, кейін соның түзелмегендігін тағы бір сөз етті. 1997 жылға дейін өз алдына Таврия ауданы болып, соның орталығы ретінде бекіген Таврия ауылының тұрмысы қазір әсте тұралап тұрған жоқ. 3000-нан астам тұрғыны бар. Осы ауылдың орталық тұсында орын тепкен төрт үй алыстан көз тартады. "Жаңаның аты жаңа, шатыр-мұржасы бүтін, ауласы кең ғой" дедік. Бірақ үйге кіре бере, мердігер ұйымның құрылыстағы кемшін тұстары анық байқалды.

“Біз орныққан төрт үй көп балалы жанұяларға арналған бағдарламаға сәйкес іргесі қаланды. Бұлар бізге жалға берілген үй болып саналады. Айына 8850 теңгеден төлеп отырмын. Алда-жалда маған немесе жұбайыма бірнәрсе болса, бұл үй балаларыма бұйырмай кетеді.

Себебі, келісімшарт менің атыма жасалған. Жұбайым тұрғылықты мекенжайы бойынша басқа ауылға тіркелгендіктен, оның атына аудару мүмкін болмады. Жалпы берілген үйдің құжаттары бойынша өте көп сұрақ туындады, құрылыс сапасы көңіл көншітпейді”, – дейді бес баланың анасы Еркежан Ерназқызы.

Еркежан Ерназқызы осы және өзге де сұрақтарды аудандық прокуратураға жолдапты. Осы үйлерді салуға қанша қаржының кеткендігі, сметалық құжаттаманың қалай әзірленгені, жоспар бойынша қанша уақытта салынып бітуі туралы сұраған.

Құзырлы орган өкілдері тұрғынның өміріне еш қауіп болмағандықтан, бұған жауап іздемейтіндіктерін жеткізіпті. Қолданысқа беріліп қойған үйді неге құп көрмеді деп сұрағанымызда ең алдымен пештің тым кішкентай етіп салынғаны, одан кейін кәріз суының үйдің астына ағып жатқандығы себеп деді.

“10 секциялы батарея бөлмелерді жылытпайды. Былтыр наурыз айында ауладағы қар еріп, үйімнің астынан арық болып ақты. Биыл да солай қайталанатын сияқты. Барлық кемшілікті Ұлан ауданының әкімдігіне айтқан едік, уақытты созып, ақпанға дейін жеттік, – деді бес баланың анасы.

Жарық жиі сөнеді

Пештің іші тар болғандықтан отын-көмірді бөліп-бөліп салуға мәжбүр. Әйтпесе үйлердің іші тарсылдап, жарылыс болып жатқандай естіледі дейді. Тіпті кейбірі жаңа үй болса да әрі қарай тұра беруге құлшынбайтындығын жеткізді. 

“Жазда бәрі белгілі болады. Басында Қасым Қайсенов кентінде айына 100 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұрдық. Оған қарағанда бұл көрім. Содан аудандық жер қатынастары бөлімінен қоңырау шалып: "Үйді алсаңыздар қазір алыңыздар, әйтпесе баспана кейін Бозанбай ауылынан ғана бұйырады" деді. Үш күнде апыл-ғұпыл көшіп келдік, – деді Арай Мусина.

Пәтер кілтін берерде "егер олқылық байқалса үш жыл ішінде реттеп береміз" дегендері бар. Бірақ кейін Алексей есімді мердігер "Мен нысанды өткіздім, міндетімнен құтылдым" деп келте қайырған көрінеді. Қыста аяз күшейгенде пластик терезеден суық үрлеп, мұз торлап, көпбалалы ананың көңілін алаң билеген. Есіктің жақтаулары ашылып кетіпті. Арай Мусина алға тартқан негізгі кемшіліктер мынау: кәріз жүйесі жиі бітеліп қалмас үшін ыңғайлы етіп жөндеп, төбені жылылау керек. Терезенің резеңкелері ауа райының тосын сыйына төтеп беру үшін мамандар бақылауынан өткені дұрыс.

Бұдан соң Галина Юсупованың үйіне бардық. Жеті баланың анасы білдірген шағым әлдеқайда көп. Үйге кіреберіс қолайсыз етіп салынған әрі құрылыс біткен соң ауланы жинап, тегістеу, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілмепті. Сыйымдылығы аз болған соң пешін өздері ауыстырыпты. Онымен қоса, бір бөлмедегі батарея сол аумақты жылытуға жетпейді. Ал терезесі тым үлкен. 

“Қыста тоңып қалмас үшін түрлі амалдар жасадық. Кіреберіс бөлмеде күйеуім, бір бөлмеде қыздарым, басқа балаларыммен бірге өзім қонақ бөлмеде жатамын. Әйтпесе суық. Белгілі бір уақыт жылылық сезіледі де, іле балалар тоңа бастайды. Қабырғалардың ары жағынан көршілердің айтқан әр сөзі естіледі. Жуықта ғана Алексей (мердігер) хабарласып, "Галина, жұмысымды аяқтап қойғам. Енді бұған қатысым жоқ" деді. Сөйтіп таяқтың бір ұшын аудандық тұрғын үй қатынастары бөліміне бұрды. Оларға қоңырау шалғанымда жарық жиі сөнетінін айттым. Себебі, плита мен шәйнекті бір уақытта қоссам, тоқ шыдас бермейді, – деді көп балалы ана.

Сөйтіп, электр желілерінің кемшілігі көрініс берді. Егер жарық сөнсе, жылу беретін мотор да істен шығады. Сондай сәттің бірінде пеш гүрілдеп жанып, үйдің іші астан-кестең күйге түсіпті. Осы үйдің бүлдіршіндері далаға сүріне-қабына жүгіріп шығып, электрикке: "Ағай, тезірек жөндеп беріңізші, үйде жарылыс болатын сияқты" деп безек қаққан.

"Қып-қызыл шығынға баттық"

Галина Юсупова келеңсіз жайттар осымен екінші жыл жалғасып келе жатқанын айтты. Бетоннан төселген еден бетіндегі линолеум сызды шама-шарқынша көлегейлеп тұр. 

“Сол үшін де пештегі от өшпеуі керек. Жарықсыз отырған қыстың күні балаларым үйде тон киіп жүрді. Кемшіліктің барлығын әуелі прокуратураға жеткіздік. Осындай сапасыздықтың салдарынан әр жылы 10 тоннадан артық көмір жағамыз. Пәтер мен жарыққа төлейтін ақшаны қоссақ, қып-қызыл шығын. Өтініш-шағымыма аудан әкімдігі әлі жауап берген жоқ. Үйдің өзі 13 миллион 600 мың теңге деп бағаланды. Бұл ақшаға Таврияда салынып жатса, коттедж сатып алуға болады”, – деді жеті баланың анасы.

Аталған үйлердің кемшін тұсына көз жүгірту үшін бірнеше апта бұрын аудан жер қатынастары бөлімінің өкілдері барған көрінеді. Көпбалалы аналар осы үйді жалдап тұрып жатқандар ретінде емес, өз аттарына аудару әдістерін сұрап, бүгінге дейін төлеп жатқан ақшаларын соның ақысы ретінде ресімделуін өтініш еткен.

Олардың айтқаны: "Бұл үйлер ешқашан да сіздердікі болмайды" деді. Сонда бізді неге алдады? Өз атымызға аудара алмайтынымыз бар, соншама уақыт кезекке не үшін тұрдық. Өзі бар-жоғы үш-ақ айда тұрғызылды, – десті көп балалы аналар.

Аудан әкімдігі ұсынған жауапқа сүйенсек, жаңа үйлердің кілті 2021 жылдың желтоқсанында берілген. Алты ай ішінде салыныпты. Құрылысты "Исабаева Д.С" жеке кәсіпкер жүргізген. 

“Пәтер кілтін табыстамас бұрын үйдің жағдайын тексерту, таныстыру әрекеттері жасалады. 2021 жылы бір шаршы метрдің бағасы 140 мың теңге болса, үйлердің ауданы 85 шаршы метрді құрайды. Барлық кемшіліктер ескеріліп, қысқа уақытта шешіледі”, – деді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Руслан Қисембинов.


Әділхан ЕСІМХАНОВ

STAN.KZ
Сейсенбі, 28 Ақпан, 2023 12:25