Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Балалардың үстіне жара қаптады»: Қызылорда облысында тұрғындар цемент зауытынан зардап шегіп отыр

Қызылорда облысында үйлерінің маңынан салынған цемент зауытынан тұрғындар зардап шегіп отыр. Шиелі ауданына қарасты Қодаманов ауылындағы кәсіпорын жұмысын осы жылдан бастаған екен. Жұрт содан бері одан көтерілген шаңға тұншығып, әбден зәрезап болдық дейді. Әсіресе, балаларға қиын тиюде екен. Үстілеріне бұрын-соңды болмаған жара шығып, кетпей жатқан көрінеді. 

«Балалардың үстіне жара қаптады»: Қызылорда облысында тұрғындар цемент зауытынан зардап шегіп отыр

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

"Бетіне дәрі жағасың, қараланады. Сөйтеді де, беті алынғаннан кейін қайтадан іріңдейді. Қайтадан жара пайда болады. Бұл қыз бала өзі. Осы зауыттың кесірі шығар деп ойлаймыз. Мұндай зат шыққан емес", - дейді тұрғындардың бірі.

Тәулік бойы тынымсыз істейтін зауыттан тапқанымыз осы, дейді тұрғындар. Бұл өндіріс орны салынбай тұрып-ақ Қодаманов ауылының жұрты жаппай қарсылық білдірген екен. Алайда олардың назына құлақ асқан жан болмапты.

"Бастапқы кезде осы жердегі тұрғылықты халықпен ақылдасып салынған жоқ. Қоғамдық тыңдау болған жоқ. Ондайға барған жоқпыз. Бұл зауытта санитарлық қорғау аймағы бекітілмеген. Индустриялық аймақ 1000 метрден 3000 метрге дейін бекітілу керек еді. Ол денсаулық сақтау жүйесі мен халықтың денсаулығын сақтау кодексінде жазылған. Біздің барлық құқығымыз бұзылып отыр", - дейді Қодаманов ауылының тұрғыны Алмас Дүйсенбаев.

Ал қытайлық зауытта цементтің 9 түрі шығарылады екен. Оның ішінде ғарыш кешенінде пайдаланылатын сұрпы да бар. Тұрғындар мұның адам ағзасына зияны жоқ дегенге сенбейді.

"Мына балаларды не істейміз? Біздің балаларға келешек қайда? Қандай көмек бар? Бізді көшірсін! ", - дейді ауыл тұрғыны Гүлжазира Райымжанова.

"Осы ауылда тоқсан бала бар. Алды көп болса 7-8 сыныпта оқиды. Жас отбасылар бұрқыраған шаңның арасында отырмыз. Халыққа жаны ашыса, бізді көшірсін, не зауытты тоқтатсын", - дейді тағы бір тұрғын Айжан Қалекеева.

Ал шенділер болса қашандағыдай халық бекер байбалам салуда, уайымдауға еш негіз жоқ дегенді алға тартуда.

"Бұл жерге экология басқармасынан мамандар келіп, зерттеулерін толық жүргізіп, оң қорытындысын берді. Бұл жерде бүгінде шаң шығып, түтін шығып жатқан, ондай көрініп тұрған ештеңе жоқ. Денсаулыққа зиян тигізетін ешнәрсе жоқ", - дейді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов.

Шенеуніктің пайымын зауыт басшылығы да қос қолдап-құптап отыр. Олар өндіріс орнынан ешқандай да шаң көтеріліп жатқан жоқ дейді. Тілшілердің келетінін алдын ала білді ме, төңірегінің бәрін тап-тұйнақтай етіп тазалап қойыпты.

"Цемент зауытынан сондай бір үлкен шаң көтеріліп жатқан жоқ. Бірақ материалдарды, соның ішінде қиыршық тастарды тасымалдаған кезде аздап шаң болатыны рас. Біз мұны болдырмау жағын ойластырып жатырмыз", - дейді "Гежуба Шиелі цемент компаниясы" ЖШС басқарушысының орынбасары Фу Минг.

Бұл цемент зауыты әлі толық қуатына көшпеген. Сынақтан өтіп жатыр екен. Қараша айында толыққанды жұмысқа кіріседі деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде цементке тұншыққан тұрғындар ол кезде тынысымыз мүлдем тарылатын шығар деп алаңдауда.

Талқылау