Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұдырықтап ұрып, мұрнын сындырды: Балабақша тәрбиешісі екі жасар ұлды ұрып-соққаннан кейін анасына ақша ұсынған

Екі жасар бүлдіршінді соққының астына алған тәрбиешінің видеосы желіде тарағаннан кейін, білім басқармасы әйелді қызметінен босатты. Осы жағдайға дейін тәрбиешіні білдей бір балабақшаның басшылығы осындай іс-әрекеті үшін жұмыстан шығарып жіберген екен. Бірақ әйел тегін ауыстырып, қайтадан басқа балабақшаға орналасқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Баланың денесінен соққының көкпеңбек іздерін байқаған ата-ана тәрбиешінің жұмысына үлкен күдікпен қарай бастаған. Бүлдіршіннің мұрны балабақшадан сынып келгеннен кейін ұлдың анасы мекеменің басшылығына барып, шағымданады. Балабақша меңгерушісі мән-жайды анықтау үшін оған камера бейне жазбаларын көрсетеді. Видеодан тапа тал түсте тәрбиешінің кішкентай ұлды жұдырықтап ұрғанын көрген ананың жүрегі екіге қақ айырыла жаздаған. Қазір ол жанын қоярға жер таппай жүр.  

"Мұрны көгеріп қалғанын, оны біреу тырнап алғанын байқадым. Тәрбиеші мен күтушіден оның қалай жарақаттанғанын сұрадым. Білмейміз дегендей қолды бір сілтеп қоя салды. Меңгерушіге кірдім, видеоны көрдік, ол маған бала еркелеп жатқан видеоны көрсетті. Тіпті оған менің көзімше ұрысқысы келді", — дейді анасы. 

Ашынған ананың сөзінше, балабақша басшылығы мұндай жағдайдың орын алғанын жоққа шығаруға тырысты. Бірақ түбінде кінәсін мойындады. 

 "Ол мені алдағанын бірден айтты. Баланы ұру фактісі болған. Сол кезде ол маған шу шығарып, дау тудыртпауым үшін ақша ұсынды. Басқа ата-аналардың айтуы бойынша, Ираның ақыл-есі дұрыс емес, үнемі ашулы жүреді", — дейді әйел. 

Баланы соққыға жыққан тәрбиеші ажырасқан, жалғыз өзі үш баланы асырап отыр. Балабақшада ол жарты жылдан аз уақыт жұмыс істеген. Дәл  осылай бір баланы ұрғаны үшін бұрынғы жұмысынан шығарып жіберген. Алайда әйел тегін ауыстырып, басқа балабақшаға жұмысқа орналасқан. Жаңа жұмысында әріптестері оның істі болғанын білмеді. 

"Ол үйде отырғанын, кафеде ыдыс жуғанын айтты. Бізде үлкен таңдау жоқ қой. Тәрбиешінің көмекшісіне қоятын талап та жоқ. Ол үш айға жұмысқа қабылданып, сынақ мерзімінен өткен. Жұмысқа алғанда психдиспансер, тубдиспансерден анықтамалықтар алынды", — дейді Алматы қаласы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Әлия Сағиева. 

Бұл оқиға тәрбиешіні қызметінен босатумен аяқталмайды. Оны прокуратура өз бақылауына алып зерттейді. Жәбірленген баланың ата-анасы кінәлі адамдардың қатаң жазаланғанын қалайды. 

Дәл осы балабақшада екі ай бұрын тәрбиеші ұл баланы ұрлап алуға тырысты. Ол бүлдіршіннің туысымын деп өтірік айтқан. Әйелдің баланы анасына сатқысы келгені белгілі болды.

 

 

Талқылау