Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бала кезінде күтушісі ұрлап кеткен әйел жарты ғасырдан соң отбасына қосылды

АҚШ-тың 53 жастағы тұрғыны Мелисса Хайсмит жарты ғасырдан соң отбасына қосылды. Әйелді кішкентай кезінде бала күтушісі ұрлап кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап. 

Мелисса

Мелиссаның анасы Альта күйеуімен ажырасқан соң бала күтушісін жалдаған. Жергілікті газетке хабарлама берген ол көп ұзамай баласына қарау үшін әйелді жұмысқа алады. 1971 жылы 23 тамызда Альта жұмысына кетер кезде қызын көршісіне қалдырған. Ал көршісі баланы күтушіге тапсырғаннан кейін оны ешкім көрмеген. 

51 жыл бойы ата-анасы жоғалған баланы іздеген. Бұл уақыт аралығында Альта мен күйеуі қайта қосылып, отбасында тағы үш бала дүниеге келіпті. 

"50 жыл бойы анам Мелиссаның жоғалуына өзін айыптап келді. Сонымен қатар қоғам тарапынан айыптаудың құрбаны болды", – дейді жоғалған Мелиссаның сіңілісі. 

Олар балаларын ұзақ жылдар бойы іздеп, тек жарты ғасырдан кейін ғана тапты. 23andMe компаниясының ғалымы Лиза Джо Шиле Альте мен Джеффриге ДНҚ сараптамасынан өтуді ұсынған. Мелиссаның әкесі сараптаманы компанияға жіберген. Нәтижесінде Мелани есімді әйелдің сараптамасымен 100% ұқсастық анықталды. Кейін оның Мелисса екені белгілі болған.

Әйел Форт-Уэрт қаласында тұрады. Отбасы онымен хабарласып, мән-жайды айтқан. Алдымен Мелисса бауыры Джеффпен, кейін биологиялық ата-анасымен танысыпты. 

"Бала күнімдегі арманым әпкемді табу болатын. Егер онымен кездессем, қандай сезімде боламын деп ойлайтынмын. Оны көргенде, жылап жібердім. Біз екі сағат бойы сөйлестік", – дейді Джефф.

Ұрланған соң баланы Патрисия Льюис есімді әйел өзін анасы ретінде таныстырып, өсіргені белгілі болды. Мелиссаның сөзінше, өзінің Льюистің қызы емес екенін білмеген, тіпті күдіктенбеген де. Мелисса ерте тұрмыс құрып, үш баланы дүниеге әкелген. Ал күйеуі ерте көз жұмған. Кейін балаларын әлеуметтік қызметкерлер алып кетіпті. 

"Оның өмірі ауыр болды. Енді әпкемнің балаларымен қосылғанын тілеймін", – дейді Джефф. 

Отбасымен кездескен соң әйел өзінің бұрынғы атын қайта алған. 

Талқылау