Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала деген – қып-қызыл шығын": Елімізде балалы болудан бас тартатын жастар саны артуда

Перзент сүюден бас тартамын! Елімізде баласыз өмірді тандаған жастардың қатары артып барады. Араларында, тіпті, балаларды жек көретін деңгейге жеткендері де бар екен. Ана болуды азап, әке болуды әлек көретіндер неге көбейіп барады? 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

Қарағандылық Гүлім Оразбаеваның жасы 35-те. Тұрақты жұмысы, басында баспанасы бар. Өмірде біраз жетістікке жеткен ару отбасы құрып, балалы болуды ойына мүлдем алмайды екен. 

«Бала – ол үлкен міндет. Ол үлкен, қып-қызыл шығын. Бала асырау оңай емес. Біреудің маған масыл болғанын қаламаймын, сондықтан өмірімді өзіме арнаймын», - дейді Гүлім Оразбаева. 

Сонымен қатар ол балаларға тым қатты екенін, оларды жақсы көрмейтінін айтады. 

«Бала көп ортаға бармауға тырысамын. Бұл мәселенің түбі де өте терең. Қазір білім, денсаулық және тағы басқа салаларға қарап отырсам, жағдай онша емес. Сондықтан менің баламның мынадай жағдайда өсуіне қарсы болар едім. Сондықтан мен одан мүлдем бас тарттым», - дейді 35 жастағы Гүлім.

Гүлім сияқтылар өздерін «чайлдфри» деп атайды. Елімізде әзірге олардың нақты қанша екені белгісіз, өйткені әлі күнге дейін статистика жүргізілмейді. Бірақ әлеуметтік желідегі парақшаларына 50 мыңнан астам адам жазылыпты. Бұл ретте сарапшылар, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын, сондықтан тез арада шара қолдану керектігін айтып отыр. 

«Көбіне қазақ отбасыларында ең көп дегенде 3 баладан. Саны да азайып жатыр. Бұл тенденция бізде жылдан-жылға өсе бастайды. Оған қоса, әйелдердің тұрмыс құру жастарының жоғарылауы бар. Яғни бұрын 25 жас болса, қазір бұл – 35-40 жас. Ол да өзінің үлесін тигізбей қоймайды» , - дейді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова. 

Депутаттар да алаңдауға негіз барын ескертіп отыр. Өйткені баласыз өмірді таңдаған жастардың көбеюі ел демографиясына үлкен зиянын тигізеді, дейді. 

«Ананың өзінің физиологиялық қасиеті бар. Ер жетіп, бала көтеріп, оны босанып, емізіп, өзінің аналық қасиетін атқарады. Себебі ана болу өте жоғары қасиет қой», - дейді мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова. 

Айта кетерлігі, елімізде бала туу көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. Тіпті Орта Азия елдері арасында антиүздіктердің қатарына еніппіз. Ең өкініштісі, ата-ана болудан ерікті түрде бас тартқандардың барлығы балалы болуға қауқарлы екен. Мұндайда қанша жылдан бері бір перзентке зар болып жүргендерді көріп, еріксіз мұңаясын.

Бұл ретте мамандар, шетелде қанша жылдан бері белең алған «чайлдфри» ағымы елімізге ертелі-кеш болсын, бәрібір келетін еді, дейді. Дегенмен...

«Қыз баланың осы өмірге келгендегі негізгі міндеті, борышы – өмірге ұрпақ әкелу. Бұл оның аналық борышы болып саналады», - дейді тұрғын Жарықгүл Құрманбаева.

Талқылау