Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты әкімдіктер жұмысын көрмедік - үкімет басшысы

2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 10 пайыздан асырмау маңызды. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Смайылов

“Біздің міндетіміз – 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 10%-дан асырмау. Бұған қол жеткізуге   әбден болады. Тек бұл үшін барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмысы қажет. Сіздерде қажетті құралдардың бәрі бар. Біз өткен жылғы егіннен қажетті қор жинақтап алдық. Сондықтан, белгіленген бағамен көкөніс өнімдерінен тапшылық болмауы тиіс еді. Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ, баға бәрібір өсіп жатыр”, - деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министрдің сөзінше, жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес.

"Мәселен, өңірлерге пияз бойынша келісімшарт жасау тапсырылды. Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттады? Келісі – 400 теңге! Біздің елімізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Біз бірінші кезекте, өнім өндірушілерді қаржыландыру үшін форвардтық сатып алу механизмдерін қайта қарадық. Алайда, әкімдіктер жеткізушілерге қаржы бөлуді доғарар емес. Өкінішке қарай, ол делдалдарды көбейткеннен басқа нәтиже беріп отырған жоқ. Өңірлерге тиімді бағамен тұрақтандыру қорларын толтырып алуға мүмкіндік берілді. Бірақ, атқарылған жұмысты көре алмай отырмыз", - деді премьер-министр Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы барлық әкімдіктерге өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту үшін алгоритмдер мен ұсыныстар жіберілгенін атап өтті. 

"Азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды негізгі міндеті. Жұмысқа немқұрайлы қарау орын алса және нәтиже болмаса тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы бұған дейін де айтылды", - деп ескертті үкімет басшысы. 

Бақытнұр Шерикбай
Сейсенбі, 07 Ақпан, 2023 10:49
Талқылау