Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауыр дертке шалдықтым": Семей тұрғыны жиырма шақты танысын несие алып беруге көндіріп, алдап кеткен

Абай облысында бір адам жиырма танысын несие рәсімдеуге көндіріп, алдап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Абай облысында бір адамға қатысты алаяқтық фактісі бойынша бірнеше тұрғын бірден полицияға арызданған. Ол таныстарынан 400 мың теңгеден бір миллионға дейін ақша алып, алдап кеткен.

"Орталық полиция басқармасына 32 жастағы облыс орталығының тұрғыны хабарласып, бейтаныс азамат қаржылық жағынан қиналып тұрғанын айтып, одан 2 миллион теңге сұрағанын айтты. Жәбірленуші күдіктінің өтініші бойынша банктен ақшалай несие алып берген", –  деп хабарлады Абай облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, күдіктіге қатысты 21 жастағы студенттен де арыз түскен. Студенттің айтуынша күдікті екеуі наурызда танысқан, дос болып сөйлесіп жүрген. Артынша ол өзінің ауыр науқас екенін, қымбат дәрі-дәрмек сатып алу үшін қаржылай көмекке мұқтаж екенін айтып, жақын арада ақшаны қайтаруға уәде беріпті.

"Жаман ойы болмаған 21 жастағы студент көмектесуге бел буып, өз атына жалпы сомасы 449 000 теңгеге онлайн-несие рәсімдеп, досына тапсырған. Біраз уақыттан кейін жәбірленуші оның құрбаны болғанын түсінген", – деді полиция басқармасының қызметкерлері.

Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас 21 фактіге қатысы бар екені анықталды. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 21 миллион теңгеден асады.

"Алаяқтық фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 4-тармағы 3-бөлігінің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жауап алу кезінде ұсталған азамат ақшаны криптовалюта сатып алуға жұмсағанын айтты", –деді облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Абай Нариман Көлдіков.

Талқылау