Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауылда тұрып жатқандаймыз": Шымкент тұрғындары жаңадан салынған тұрғын үйдің сапасы сын көтермейтінін айтып шағымданды

Шымкенттегі Грин сити тұрғын үй кешенінің тұрғындары жаңа баспананың жылуы жиі сөнетінін айтады. Сонымен қатар 1 жылдан бері пәтерлерге газ қосылмаған. Көгілдір отынсыз отырған жұртшылық тамақ дайындайтын электр плиталардың күйіп, өртке орануға шақ қалғанын мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

үй

Сюжеттен скриншот

Арайлым Жабаева жаңа баспасына 2022 жылдың мамырында ғана көшіп келіпті. Алайда жайлы санатқа жататын кешеннен көңілі қалыпты. Сөзінше, үйдің сапасы сын көтермейтінін айтады. Қабырғасы түртсе ыдырап, терезелерінен азынаған жел кіреді екен. Әрі газ атымен жоқ, жылуды да житі сөндіретін көрінеді. 

“Газ мүлде болған емес, бір жылдай болды отырмыз газсыз. Тамақты міне электр плитамен істеп жатқанбыз. Плитамыз да күйіп қалды. Енді әркімнен плитка сұрап жүрміз. Ауылдағыдай өмір сүріп жатырмыз”, – деді тұрғын Арайлым Жабаева. 

Тұрғындар тек пәтерде ғана емес, подьездегі қабырғаларға сызат түсіп жатыр дейді. Ол аздай төбеден су өтеді екен. Жылу берушілер де түрлі сылтау айтып, қазандықты қалаған уақытта өшіріп қосады деп ашынады жұртшылық.

“Газға “Элитстрой” компаниясы қарыз деп кеше жылу желісінен ажыратып кетті. Жылусыз қанша балдар ауырып жатыр. Менің екі балам қызуы көтеріліп ауырып қалды. Жылуды түнгі 23:00-де қосты. Оның өзінде журналистерді шақырамыз деген соң ғана қосып отыр”, – деп қосты Әйгерім Рахметова.

Құрылысқа тапсырыс беруші әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мердігер есебінен кеткен мұндай кемшіліктер барын мойындап отыр. Жұмысты жүргізген компанияның 5 жылға кепілдік мерзімі де бар екен. Алдағы уақытта тұрғындар атаған кемшіліктерді қалпына келтіреді деп уәде етті. Ал жылу мәселесіне келгенде құрылысты жүргізген мердігердің берешегі бар дейді. 

“Бүгінгі күнге газ үшін қаражат төленбегендіктен жылуды өшіріп отыр. Элитстрой компаниясында қарыз жиналған. Келісім жасасқан да осы компания”, – деп мәлімдеді Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы құрылыс департаменті директорының орынбасары Бақытжан Егізбаев. 

Тұрғын үйдегі кемшіліктерді әкімдік өкілдері биыл жоюға уәде берді. Дегенмен шенділер тұрғындарға алдағы уақытта қандай шаралар қабылданатынын түсіндірмеді. 

Назархан Уән
Жұма, 17 Ақпан, 2023 07:37