Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауылда мал бақсын": Алматыда қызметкер "Торговый дизайн" компаниясы қазақтарды қорлап, оларға қысым көрсететінін айтты (видео)

Алматыдағы тамақ өнеркәсібіне арналған жабдықтарды сататын компанияның қызметкері басшылық қазақтарды кемсітетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл туралы Диана Кабирова есімді блогер өз TikTok желісінде мәлімдеді. Қазақ әйел өз оқиғасын блогерге баяндап, басшылық тарапынан қысым көргенін, бірнеше рет соттасқанын айтады.

Әлия 2016 жылы “Торговый Дизайн” компаниясына есепші болып жұмысқа кірген. Айтуынша, қазақтардың арасында әкімшілік қызметте Әлия жалғыз болған. Қалған менеджмент қызметкерлері, бухгалтерлер славян ұлтының өкілдері екен. Қазақтар онда тек қара жұмыс істегенін айтады.

Әлия алғашында бәрі жақсы болғанымен, кейін тікелей кемсітулер, ұлтты қорлау, қазақ тілін менсінбеу фактілерін байқаған. Қазақ тілінде емес, орыс тілінде қызмет көрсетуін талап еткен. 

“Қазақтарды сөз қылады. Мұның бәрі ойдан құрастырылған тарих дейді. “Көшеден бұзақы Қайратты тауып алып, соны батыр етіп көрсетті” деп тілдеді. Латын әліпбиіне көшу жобасын мазақ етіп, “оларға сауат ашып не керек, ауылда мал бақсын” деп мысқыл етеді. Жастары қырыққа келген әйелдер адамның бет әлпетін, түсін талқыға салады. Қазақтардың қаралығын сөз еткендеріне қатты таңғалдым”, – деп жазды Әлия. 

Әлия оларға қарсылық білдіргендіктен, компания тырнақ астынан кір іздеп, оған тиісе бастаған. Жеті есепшінің ішінен оны ғана салқын қоймаға ауыстырыпты. Ал ол артрит болғандықтан, суық жерлерде отыруға болмайды. Бұл кезде Әлия сотқа жүгініп, өз құқығын қорғап шықты. 

“Осыдан кейін оның жұмысы қысқартылғанын айтқан. Компьютердегі С1 бағдарламасын сылтауратып, енді есепші керек емес деген.  Бұл маңызсыз сылтау екенін Әлия түсініп, тағы да сотқа жүгінді”, – деді блогер қыз.

Солай қызметкер өз жұмысына оралды. Десе де оған әлі күн бермейтін көрінеді.

“2020-дан бері дауласыз келеміз. Қысым көрсетеді. Жеті есепшінің ішінде жалғыз мен қазақпын  және маған екі есе төмен жалақы береді. Қалғандары 470 мың алады”, – деген Әлия бейнежазбада. 



Есепші жұмыс орнындағы бірнеше диалогты бейнежазбаға түсіріп алған. 

“Біз жеке компаниямыз, сондықтан мемлекеттік тілде құжат жүргізуге міндетті емеспіз. Ол үшін айыппұл қарастырылмаған. Иә, бізге қазақ тілін қолдану туралы ұсыныс айтылады. Мемлекеттік мекеме болсақ, қос тілде жүргізер едік. Ал былай жоқ, бізде орыс тілі”, – дейді бейнежазбада компания өкілі.

Блогердің айтуынша, әйел қызметтік орны үшін емес, ұлттық намысы үшін шыр-пыр болып, күресуде.

“Осындай жағдайда үн-түнсіз шығып кетіп, кейін шегіне берсек,  қазақ тілін құрметтемейтіндер көбейеді”, – деп түсіндірді блогер Кабирова. 

Диана Кабированың баяндауынша, Әлия қазір компаниямен соттасуда. Оның заңгері блогердің танысы болғандықтан, әрі көмек сұрап келгендіктен, ол бұл туралы қоғамдық пікір туғызып, желіде жариялауды жөн көрген.

“Жұмыста Әлияға қызметкерлердің тарапынан буллинг қарқынды түрде жүріп жатыр. Әрдайым оны шеттететіндерін, сөзін мүлдем елемейтіндерін байқадым. Қазақтарды қалай кемсітетіндерін естігенде, оған көмектесуді жөн көрдім. Сот оларды татуласуға шақырса да, олар Әлияны өз заңгерлерімен бопсалады. Кешірім де сұраған жоқ”, – деді блогер.

Блогердің мәлімдемесінен кейін “Торговый дизайн” компаниясына жағымсыз пікірлер көптеп айтыла бастады. Сол себепті олар өз парақшаларын жауып тастаған. Осыған дейін ресми сайттары тек орыс тілінде болса, бүгін кей бөлімдерін қазақшалауға тырысқан.

“Торговый дизайн” компаниясы оқиғаға түсініктеме берді.

“Сөйлемді контекстіден жұлып, ашықтан-ашық жала жауып, фактілерді бұрмалағанның кесірінен үлкен сынның астында қалдық. Қазіргі таңда компанияға өте ауыр және жағымсыз пікірлер жазылуда. Бар жігерімізді ақпараттық шабуылдарды тойтаруға арнадық. Міндетті түрде компаниядан мәлімдеме жасалады”, – деді компания өкілі Ольга Герасименко.

Бір күннен кейін компания өкілі екі тараптың жанжалы таусылып, мәмілеге келгендерін айтты. Ол, сондай-ақ, ресейлік компания екендерін жоққа шығарды.

“Біз қазақстандық компаниямыз, бізде тек ҚР азаматтары, сонымен қатар украиналық босқын ерлі-зайыптылар жұмыс істейді. Бұл жағдай бізді алаңдатуда”, – деді ол.

“Торговый дизайн” Қазақстанда 19 жыл жұмыс істеп келеді. Алғашында ресейлік компания болды, кейін отандық кәсіпкерлер сатып алған. Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент қалаларында және Өзбекстанда филлиалдары бар.

Талқылау