Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыл балалары бағдарламалау мен сайт құрастыруды тегін үйренуде

Бүгінде IT маманы атануды армандайтындар үшін керемет мүмкіндіктер жетерлік. Түрлі шеберлік сағаттары, онлайн және офлайн курстар бұл салада білімді жетілдіруге сеп бола алады. Мектеп оқушылары да университетке түспес бұрын, IT жайлы көбірек білу үшін осындай оқу курстарына қатысып жатады. Дегенмен мұның барлығы көп жағдайда тек қала балалары үшін қолжетімді. Осы орайда Jusan ауыл балаларына да IT-дің қыр-сырын үйретіп, оларды бұл мамандыққа баулу мақсатында "Auyl.go" жобасын қолға алып отыр. 

Қазірдің өзінде ұйымдастырушылар екі бірдей ауыл балаларына тегін шеберлік сағаттарын өткізіп үлгерген. Алғашқысы Алматы облысындағы Қарасаз ауылында ұйымдастырылса, жақында екінші рет тәлімгерлер Тараз маңындағы Талапты ауылына барып қайтты. 

"Қазір жобаның жүзеге асырылуына 15 адам атсалысады. Қарасазда біз 17 балаға тәлімгерлік етсек, ал Талаптыда 11 жеткіншекті оқыттық. Олардың барлығы бағдарламалаудың бастапқы курсынан өткені туралы сертификат алды", – дейді жоба бастамашысы Абзал Қожахмет.  

Абзал Jusan Business бөлімінде фронтенд құрастырушы болып қызмет атқарады. 23 жастағы маман негізгі жұмысынан тыс, бағдарламалау шетелдік мектепте бағдарламалау бойынша сабақ береді. Дегенмен ол мұнымен шектелгісі келмегенін айтады. 

"Уақыт жағынан үлгермегендіктен көп адамды оқыта алмаймын, бір мезетте ары кетсе тек 10 адамға ғана тәлімгерлік етуіме тура келеді. Бірақ мұнымен шектелгім келмеді. Қазақстанды IT державаға айналдыру туралы арманыма жеткім келді. Осы тұста бір күні Jusan қолдау білдірген "Кел, балалар, оқылық" жобасы жайлы естідім. Маған бұл жобаның мәні ұнады. Бұл жоба бойынша ауыл балалары тегін түрде операторлық, актерлік және режиссерлік өнерді меңгеріп, соның нәтижесінде бейнебаян түсірген болатын. Риясыз көңілмен өткізілген осы бір жоба маған шабыт сыйлады. Әріптесіме балаларды тегін түрде бағдарламалауға үйрету жайлы ұсыныс білдірдім. Жобаны Auyl.go деп атап, іске кірісіп кеттік", –  дейді Абзал. 

Маман бұл бастама кейіннен тұтас Jusan тарапынан қолдау тапқанын айтып ағынан жарылды.

"Алғашқы ауылға барарда әріптестеріміз бе достарымыз қаржылай жағынан жәрдемдескен еді. Себебі біз үшін бірінші кезекте ауылға жету маңызды болатын. Кейіннен бұл жоба жайлы басшылық естіп, бізге қолдау көрсетті. Себебі бұл бастамамыз Jusan-ның "Әрбіріңізге сенеміз" деген ұстанымымен тұспа-тұс келді. Жоба тек банк тарапына ғана емес, мектеп басшылығының көңілінен шықты. Өз тарапынан олар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Өйткені кей балалардың үйінде интернет немесе ноутбук, компьютерлері жоқ еді", –  дейді Абзал. 

Осы орайда ол ауыл жастары үшін мүмкіндіктер аз екенін атап өтті. Ал елімізді дамыту үшін оларға жағдай жасау қажет, дейді тәлімгер. 

"Негізігі идея – ауыл балаларын бағдарламалауға баулу болды. Себебі баршамызға белгілі, олардың көп мүмкіндіктерге қолдары жете бермейді. Мысалы, IT жайлы әлі де болса бастапқы түсініктері жоқ адамдар да баршылық. Меніңше, Қазақстанды биікке шығаратын да осы IT саласы. Сондықтан бұл мамандықтың елімізде өріс алуына жағдай жасауымыз қажет. Өз басым жеткіншектер мамандық таңдағанда IT мен бағдарламалаудың не екенін түсінгенін қаладым. Егер қандай да бір қызығушылық болса, онда әрі қарай YouTube-тен видеосабақ көрсе де, өздері үйреніп алады", – дейді IT маманы. 

Оның айтуынша, тек теориядан ғана бөлек, екі күнге созылатын интенсив соңында балалар тәжірибе жүзінде не үйренгенін көрсетуі қажет. Мәселен, дәрісті аяқтаған соң олар ауылдың сайтын жасайды екен. 

"Біз шеберлік сағаттары барысында бағдарламалау негіздерін, сайтты қалай құрастыру керегін, қалай код жазатынын үйренеді. Шеберлік сағаттары аяқталған соң олар өз бетінше ары қарай дайындалуы үшін болатын әдістемелер мен кітаптар сыйға тарттық. Алдағы уақытта балалармен ZOOM арқылы байланысқа шығып, құрастырған сайттарын әрі қарай дамыту бойынша кеңес бермекпіз", – дейді Абзал. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 26 Желтоқсан, 2022 09:00