"Ауғанстанда қыздар 12-18 жас аралығында күйеуге шығады": Қандасымыз елдегі қазіргі жағдай туралы айтты
Ауғанстандағы ұзақ жылғы соғыс салдарынан ондағы этникалық қазақтар да зардап шеккен. Солардың бірі – Гүлмамад Шөмекей. Ол Ауғанстанның Тахар өңірінде тұрады. Оған елдің бұрынғы үкіметі мен тәліптердің арасындағы соғыста аяғына оқ тиген. Отаға дер кезінде қаражаты болмай, аяғын іріндетіп алған екен. Қазіргі жағдайы мен қазақтар тұрмысы туралы кейіпкерімізден сұраған едік.

Гүлмамад Шөмекей отбасымен
Гүлмамад Шөмекей - Ауғанстанның Тахар қаласының маңындағы ауылдардың бірінде тұрады. Тәліптер мен ел билігінің соғысы уақытында қаша алмай қалып, аяғына оқ тиген. Бүгінде ол сегіз перзенттің әкесі.
12 жасында атасы Қазақстаннан Ауғанстанға көшпен келген. Әрбір күніміз қиындыққа толы дейді кейіпкеріміз жағдайы туралы баяндау барысында.
"Ауғанстан қазақтарды керек етпейді. Мұнда тұрақты жұмыс жоқ. Кезінде бабаларымыз Бұхараға орыстан қашып барған. Осылайша, Өзбекстаннан Ауғанстанға өткен ғой. Атамның естелігінде "Қорғантөбе" деген жерде үш жыл тұрақтапты. Түйелермен көшіп келіп, кітаптарына дейін артқан. Ұлы көш кезінде кейбір адамдар суға ағып, жолда ажал құшыпты. "Жанқала" деген жерден де өткен. Ауған үкіметі ең алдымен Бағланнан жер беріпті. Қызылордадағы Қармақшыдан Өзбекстанның Үшқұдығына келіп тұрақтаған ғой. Одан ары қарай Бұхарадан Ауғанстанға кеткен", - дейді ол.
Кейіпкеріміз елдегі қыз балалардың тағдыры қиын дейді. Жеткіншек кезінен отбасылық өмірге дайындайтын көрінеді.
"Ауғанстанда қыздар 12-18 жас аралығында күйеуге шығады. Ұлдарға 15-20 жас арасында әйел алып береді. Ақшасы барлар балаларын тездетіп үйлендіреді. Басқа елдерде 18 жасқа толмай тұрып балаларын үйлендірмейді ғой. Кабулда балаларды азық-түлікке сатты дегенді естідік. Бірақ біздің аймақта болмаған", - дейді Гүлмамад Шөмекей.
Қандасымыздың айтуынша, Шымкент пен Түркістан өңірлерінде туыстары бар.

Гүлмамад Шөмекей соғыс уақытында жарақат алған
"Тахарда онға жуық қазақ отбасы бармыз. Өзімнің туған төрт қарындасым бар. Олардың бәрі де тұрмысқа шықты. Маған "сіз атажұртқа оралсаңыз, бізде бірге барамыз ғой" дейді. Аяғыма тиген оққа 20 жылдай болды. Бір кездері жақсы болып кетіп еді. Кейін қайтадан жара шықты. Еуропа мен Ауғанстандағы қазақтар өз көмектерін қылды. Қазір Кабулдың ауруханасындамын. Кабулда жатқаныма бір ай болды. Аяғымнан ет алып, сараптама ретінде Үндістанға жіберді. Оның нәтижесін 14 күн күттік. Осыдан кейін ғана аяғымның терісін алып, отаны сәтті жасап шықты. Қазір енді гипспен жатырмын. Тағы да 14 күн қозғалмай жатуым керек. Қасымда қарындасымның ұлы жиенім бар", - дейді сұхбат беруші.
Кейіпкеріміз Тахардағы отбасының жағдайынан еш хабарсыз. Балаларының аш немесе тоқ екенін де білмейді.
"Ауғанстанға тәліптер 90-жылдары да келді. Сол кездегі соғыстардың бірінде қанғыған оқ аяғыма тиді. Ауған үкіметінің әскері мен тәліп жасақтарының ортасында қалып қойған едім. Аяғым үш жылдай асқынумен болды. Оқты денемнен алып тастаған. Тек орны жазылмай, жара шығып іріндей береді.

Гүлмамад Шөмекей, жеке архивтен
Аяғымды Қазақстанда емдетуге мүмкіндік болмады. Атажұрттағы белсенділер де қолдарынан келгенше көмектесуге тырысты. Алдымен аяғымды жазып алсам екен. Одан кейін барып, бала-шағамызбен атамекенге оралғым келеді. Ауғанстанда қалған жұмыстарымыз бар. Оларды да бітіру керек", - дейді ер азамат.
Сөзінше, отбасына Алладан басқа ешкім нан беріп жатқан жоқ дейді. Бір шаңырақ астындағы 11 адам күндерін әрең көруде екен.
"Күніміз осы қайтеміз, енді? Бір нәрсе қылып, нан табамыз. Үш жылдай төсек тартып, аяғы іріндеп кеткен адаммын. Өзімнің байлардан алған қарыздарым да бар. Балаларымның аш қалмауы үшін қарыз алдым. Шешем де науқас кісі.
Ауғанстанда күн суық. Биыл қыста қалың қар түсті. Отын суымыз да жоқ. Азық-түлік жағы да қымбат. Дұрыстап тамақ іше алмаймыз. Күндеріміз осылай өтіп жатыр. Биыл мұнда 40 сантиметрге дейін қар түсіпті", - дейді ол.
Гүлмамад мырзаның айтуынша, балаларға тұрақты мектеп те жоқтың қасы.
Мектептер де бір күн сабақ болса, екінші күні сабақ болмайды. Екінші ұлым мектепке барады. Қыздарымыз медрессе де оқуда. Қазақстандағыдай тұрақты мектеп жоқ. Мазари-Шариф, Кабул сынды үлкен қалаларда жүйелі сабақ өтілетін мектептер де бар. Ауылды жерлерде мектептер дұрыс жолға қойылмаған. Тәліптердің билігі де мектептердің жұмысына бөгет болуда, дейді ол.

Атажұртына оралуды қалаған қандасымыз Кабулдағы Қазақстан елшілігіне барып, консулмен де кездесе алмаған.
"Тахардан Кабулға баруға бес-алты сағатымыз жолға кетеді. Мұның өзінде жақсы көлік болса ғана ғой. Кабулға таксилер әр жолаушыға бір мың ауғани (5000 теңге – авт.) алады. Бұл тамақтан бөлек тек жолымызға кетеді. Тамақпен бірге үш мың ауғани (15 мың теңге – авт.) шығып кетеді", - дейді ол.
Гүлмамад мырзаның Тахардағы үйінің жанында тәліптер жиі жүретін көрінеді. Базар бұлардан бір жарым сағаттық алыс жол екен. Еуропадағы Дания мемлекетінде тұратын қандасымыз Қажы Акпар Аюбидің айтуынша, Дания қазақтары Гүлмамадқа көмек ретінде 800 доллар (367 мың теңге – авт.) жинап берген.
Қадірәлі САРЫПБЕК
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік