Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нысанды дамытуға 10 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр": Орал әуежайын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер келешекке арналған жоспарларымен бөлісті

Жақында ғана күрделі жөндеу жүргізілген Мәншүк Маметова атындағы әуежайдың өзге кәсіпорынға сенімгерлік басқару бойынша берілгені туралы ақпарат әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде тараған еді. Көпшілік стратегиялық нысанның шетелдік компанияның бақылауына өткеніне наразылықтарын білдірген. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Орал әуежайын ресейліктердің сатып алғанын жоққа шығарса да, бұл туралы дау әлі басылар емес. Осы тұста Stan.kz тілшісі Орал әуежайын уақытша басқаруға алған компания өкілдерімен сұхбаттасып көрді.

әуежай

Даудың басы – Орал әуежайы

Батыс Қазақстан облысындағы Мәншүк Маметова атындағы әуежайдың терминалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген соң 2022 жылдың 7 сәуірінде жолаушыларды қабылдай бастады. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде терминал ауданы 4 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бұл үшін барлығы 6,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. 

Күрделі жөндеу аяқталған соң сәуірде әуежай терминалы "Орал" Халықаралық әуежайы" ЖШС-ға сенімгерлік басқаруға берілді. Ал келісімшарт 3 жылға "Aqjaiyq" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен "Орал" Халықаралық әуежайы" ЖШС арасында жасалған. Шарт аясында компания әуе жолаушыларына қызмет көрсетіп, терминалдың жұмысын әрі қарай жалғастыруы керек. 

2023 жылдың қаңтарында терминалды сенімгерлік басқаруға алған "Орал" Халықаралық әуежайы" ЖШС-ның құрылтайшысы ауысып, 100%-дық үлесін "Беркут Аэропорт" ЖШС-дан "Орал Аэропорт Холдинг" ЖШС сатып алды. Сәйкесінше қазір әуежай терминалын "Орал Аэропорт Холдинг" ЖШС "Орал" Халықаралық әуежайы" ЖШС арқылы басқарады. Айта кетері, стратегиялық маңызы бар нысан ешбір шетелдік компанияға сатылмаған. Сондай-ақ ұшу-қону жолағы Азаматтық авиация комитетінің меншігінде екенін естен шығармаған жөн.  

Бүгінгі таңда "Орал Аэропорт Холдинг" компаниясының үш құрылтайшысы бар. Компанияның 49% үлесі кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаевқа, 2%-ы "Уральск менеджмент" ЖШС-ға, қалған 49%-ы "Ретранс" АҚ-ға тиесілі. 

М.Маметова атындағы әуежайды басқарып отырған компания құрылтайшылары арасындағы "Ретранс" АҚ ресейлік компания, дегенмен компанияның үлесі 49%-дан аз, яғни миноритарлы үлескер болып саналады. БАҚ беттерінде және әлеуметтік желіде даудың туындауына құрылтайшылар арасында дәл осы шетелдік компанияның болуы әсер етті.

Компанияны сенімгерлік басқаруға берудің қандай тиімді тұстары бар?

Логист Шыңғыс Жантөриев БҚО әуежайының сенімгерлік басқаруға берілуіне қатысты пікір білдіріп, мұны экономикалық тұрғыдан тиімді шешім деп бағалады. Оның пайымдауынша, Орал батыста орналасқан бірегей қала, сондықтан Еуроодақ пен Түркия, Кавказ бен Таяу Шығысқа жақын. Ал осындай маңызды нысан қазіргі уақытта толыққанды қамтамасыз етілмей отыр дейді. 

"Құрылтайшының ауысуы дамуға жол ашады, инфрақұрылымды жаңартады, жолаушы және жүк тасымалымен шұғылданатын жаңа компаниялар келеді. Географиялық тұрғыдан Еуропада тұрған әуежай арқылы қазақстандық логистер үшін жаңа бағыттар ашылады. Әрине, ресейлік инвесторлар мен санкцияға байланысты қауіп бар. Бірақ осы үшін мемлекеттік орган мен кедендік қызмет, ҰҚК жұмыс істейді. Олар біздің еліміз арқылы алып өткісі келетін заңсыз жүктерді тексереді, жағдайды бақылап, дер кезінде хабардар етіп отыруы керек. Бұл – Қазақстандағы барлық әуежайларға және барлық транспорт түрлеріне қатысты мәселе. Сондықтан даурықпай, жаңа коммерциялық мүмкіндіктер іздеуге, жаңа бағыттарды қалыптастыруға шақырамын. Егер елдің логистикалық инфрақұрылымы дамыса, біздің де жұмысымыз жеңілдейді", – деп жазды ол Linkedin желісіндегі парақшасында. 

"Әзірге мемлекет өз мүлкін сатуды қарастырып жатқан жоқ"

"Aqjaiyq" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері М.Маметова атындағы халықаралық әуежайдың бірнеше бөліктен тұратынын мәлімдеді. Мәселен, аумағы 45 гектар болатын жасанды ұшу-қону жолы мен жер телімі Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүліктер комитетіне тиесілі. Ал әуежай терминалы мен автокөлік тұрағына "Aqjaiyq" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы иелік етеді. Терминалды сенімгерлік басқаруға алған "Орал" халықаралық әуежайы" ЖШС-ның меншігінде жанармай қоймасы, қонақ үй, кеңсе ғимараты, өрт қауіпсіздік қызметі мен қоймалар бар екен. 

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілдері әуежай терминалын жөндеу үшін бөлінген инвестицияның нысанды сату арқылы ғана қайтарылатынын атап өтті. 

"Қазіргі таңда мемлекет өз мүлкін сатуды қарастырып жатқан жоқ. Инвестиция мемлекетке сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен түскен табыстың бір бөлігі есебінен қайтарылады", – деп жауап берді корпорация өкілдері. 

"Алдағы уақытта әуежайға 10 миллиард теңге инвестиция бөлу жоспарланып отыр"

Кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаев әуежай терминалының бұрынғы басшылығымен келіссөздер 2021 жылы басталғанын айтады. Келісімнің шарттары нақтыланған соң ол 3 ай бойы шағын әуежайды тиімді басқара алатын серіктес іздепті. 

Кәсіпкер Дәулетхан Қилыбаев

"Шағын әуежайдың трафигі төмен, сәйкесінше табыс та аз. Оның үстіне әуежайдың шығыны көп, сондықтан әлемдегі әуежайлардың көпшілігі табыс әкелмейді. Қарапайым стартапер ретінде мен Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Қазақстандағы компаниялармен келіссөз жүргіздім. Нәтижесінде "Аэропорты Регионов" басқарушы компаниясымен ойымыз бір жерден шықты. Бұл кәсіпорын шағын әуежайларды басқару бойынша мол тәжірибеге ие, сондықтан менімен ақша құюға келісті", – деді ол.

Кәсіпкердің пайымдауынша, "Аэропорты Регионов" компаниясы әуе тасымалы саласында талай жетістікке жеткен және тәжірибесі де жетерлік.

"Компания 10 жылдан бері жұмыс істейді, аймақтық әуе байланысы мен тасымалын кеңейтумен шұғылданады. Оның үстіне әуе компаниялары үшін маркетингтік қолдау жүйесін енгізген. Сондай-ақ Skytrax халықаралық рейтингтік ұйымынан 5 жұлдыз алған. Сондықтан "Аэропорты Регионов" компаниясының көмегімен бұған дейін шешімін таппаған түйткілді мәселелерді шешеміз. Мысал үшін, қазірдің өзінде 5 жыл бұрын тоқтатылған әуе почтасын жіберу технологиясын ұйымдастырдық. Өзге мақсаттарды жүзеге асыру үшін тағы уақыт керек", – деп түсіндірді Дәулетхан Қилыбаев. 

Кәсіпкер Оралдағы халықаралық әуежайдың әлеуеті мол екенін алға тартты. Сөзінше, әуе нысаны өте тиімді аймақта орналасқан. Егер мұндай мүмкіндікті тиімді пайдаланса, тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, аймақ тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін де шеше алады. 

"БҚО мен Орал тұрғындары шетелге және Қазақстан ішінде өзге қалалар арқылы ұшуға мәжбүр. Ақтөбе мен Самараға дейін көлікпен барып, әрі қарай ұшаққа мінеді. Әуежай қызметін дамыту тұрғындар тарапынан туындаған қажеттілікті өтейді. Ақтөбе, Атырау мен Самара үшін әуе хабына айналады, жолаушы және жүк тасымалы үшін біздің әуежайды пайдаланады", – деді ол.

"Орал Аэропорт Холдинг" құрылтайшысы Дәулетхан Қилыбаев халықаралық әуежай жұмысын жаңдандырып, одан әрі дамыту үшін арнайы жоспар әзірленгенін мәлімдеді. Кәсіпкердің командасы жұмысты 2 апта бұрын бастаған. Қазір Қазпочта жүктерін тасымалдауды бастап, Оралдан Антальяға тікелей рейстер ашу үшін Turkish airlines компаниясымен келіссөз жасалыпты. Ал жақын арада арнайы техникалар мен қажетті көліктерді жаңарту жоспарланып отыр екен. 

"Сонымен қатар әуежайды толығымен жабдықтап, бизнес процестерді тиімді етуді, халықаралық тасымалды дамыту, жүк тасымалының көлемін арттыру, жаңа 4-5 халықаралық бағыт ашу, жыл сайынғы жолаушылар ағымын 150-200 мыңға өсіру мәселелері жоспарланып отыр. Бұдан бөлек қазақстандық және халықаралық әуе тасымалдаушыларымен Орал арқылы жиі ұшу туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сәйкесінше мұндай шара жолаушы тасымалы бойынша билеттің арзандауына әсер етеді", – деді Дәулетхан Қилыбаев. 

Кәсіпкер келешекте әуежай терминалын "Aqjaiyq" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан сатып алу көзделіп отырғанын мәлімдеді. 

"Орал Саратов, Самара, Орынбор, Ақтөбе, Атырау сынды қалалар арасындағы екі ірі әуе магистралінде орналасқан. Бұған дейін Орал хабы мұны толыққанды пайдалана алмады. Қазір БҚО әкімдігі транспорт-логистикалық хаб үшін инфрақұрылым құрылысын бастады. Мұнда кәсіпкерлер өз қоймаларын салып, жүк ағымына қызмет көрсету арқылы табыс табады. Ал біздің әуе-жүк хабымыз мұны тек толықтыра түседі. Жоғарыда аталған жоспарларды жүзеге асыру үшін Орал әуежайына 10 миллиард теңге инвестиция құямыз", – деп қосты ол. 

Дәулетхан Қилыбаев мұндай шаралардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімі де артатынына сенімді. 

әуежай

Әуежай терминалы

"Келешекте халықаралық және Қазақстан ішіндегі ұшу бағыттарын дамытамыз"

Тілшіміздің сауалына жауап берген "Аэропорты Регионов" басқарушы компаниясының өкілдері басқаруға алған М.Маметова атындағы халықаралық әуежайды дамыту жоспарымен бөлісті. Компания өкілдері арнайы техникамен қатар ақпараттық технологиялар жүйесі мен құрылғылар да жаңартылатынын атап өтті. Осылайша әуежайдың бизнес процестерінің тиімділігі артады деп сендірді. 

"Бұдан бөлек келешекте халықаралық және Қазақстан ішіндегі ұшу бағыттарын дамытамыз. Әрі қызмет көрсету сапасын жақсартып, жолаушылар сервисіне жаңалықтар енгізбекпіз. Қазір әуежайдың дамуына жүздеген миллион теңге қаржы құйылды. Келешекте инвестиция мөлшері 10 миллиард теңгеден асып жығылуы мүмкін", – дейді олар. 

"Аэропорты Регионов" компаниясының өкілдері Орал әуежайының географиялық орналасуы ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ жолаушылар мен әуе компаниялары үшін сервисті дамытуда мол жетістікке жетуге болады дейді. 

"Біз дәл осы салады 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз. Шетелде жұмыс істеу үшін арнайы тәжірибе мен білім қажет. Сондықтан жобаны қолға алар кезде серіктестің болғаны жөн деп санадық. Өйткені жергілікті кәсіптің ерекшелігін білетін серіктестің болғаны аса маңызды. Біздің ойымызша, Орал әуежайы аймақтық хабта маңызды орын алады. Сондықтан чартерлік рейстерді дамытып, Еуропаға халықаралық жолаушы тасымалын кеңейтеміз", – деп түсіндірді компания өкілдері. 

"Аэропорты Регионов" компаниясы "Ретранс" АҚ-ның шығынға ұшырағанын жоққа шығарып, штатта неліктен бір ғана қызметкердің барын түсіндіріп өтті. 

"Аэропорты Регионов" басқарушы компаниясы "Ретранс" АҚ-ға тиесілі. "Ретранс" холдингтік компания, сәйкесінше операциялық қызмет жүргізбейді. Штатта қызметкерлердің болмауын осымен түсіндіруге болады. Оның "Аэропорты Регионов" компаниясынан бөлек әуежай саласында өзге де активтері бар. Олардың бір бөлігі инвестициялық кезеңде. Қаржылық көрсеткіштерінің төмен болуы осыған байланысты", – деп аяқтады "Аэропорты Регионов" басқарушы компаниясының өкілдері. 

Назархан Уән
Сейсенбі, 28 Ақпан, 2023 08:47