Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда Республика күніне орай түнгі азық-түлік жәрмеңкесі өтуде

Атырау қаласындағы Сарайшық коммуналдық базарында Республика күніне орай "Жеңілдіктер түні" атты түнгі азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Жәрмеңкеге облыстың барлық ауданынан келген 70-ке жуық кәсіпкер мен шаруа қожалықтары қатысып, өздерінің жергілікті өнімдерін – ет, сүт, балық, құс еті және өзге де азық-түлік түрлерін ұсынуда.

Облыстық Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Ризабек Мусағалиевтің айтуынша, жәрмеңкенің негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандырып, тұрғындарға тиімді бағада сапалы өнім ұсыну.

“Барлық өнімдер нарықтағы орташа бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен сатылуда. Мұндай форматтағы жәрмеңкелер тұрғындарға қолжетімді бағада отандық өнім алуға мүмкіндік береді”, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, түнгі сауда форматы алдағы мереке күндері де жалғасын табады.

Дана Русланқызы
Жұма, 17 Қазан, 2025 21:35