Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда 39 миллионға қондырылған электрондық таблолар жұмыс істемейді

Атырауда 2015 жылы 39 миллионға қондырылған электрондық таблолар жұмыс істемейді, енді жауапты органдар оларды алып тасмақшы. Өйткені жөндеуге келмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Жас Алаш сайтына сілтеме жасап. 

Электрондық таблолар «Қоғамдық көлікті интеллектуалдандыру» бағдарламасы аясында орнатылыпты. Бюджеттен 39 млн қаржы жұмсалып, 20 ақпараттық табло, 250 GPS-трекер мен 250 автоинформатор сатып алынған. Аялдамаларға орнатылған электронды таблолар жергілікті уақытты, ауа температурасын, аялдаманың атауы мен маршруттың кестесін, келетін уақытын көрсетіп тұруы керек болған. Бірақ орнатылған құрылғылар бірер айдан соң істен шығып, мәліметтерді қате бере бастаған. Содан соң тіпті істен шыққан. Белгілі болғандай, олардың үздіксіз қызмет етуі үшін кететін шығын да аз емес көрінеді, электр тоғы мен интернет сапасы жақсы болуы, көліктер түгелдей GPS-навигаторлармен қамтылуы тиіс.

«Смарт Атырау» КМК директоры Әділбек Танкиевтің сөзінше, электрондық таблолар алынып тасталады. 

«Олар қайта жөндеуге келмейд», - дейді ол.

Таблолардан қайыр көрмеген тұрғындардың ақшаның шығын болғанына ашынады. 

«Бізге сол таблолар аса қажет те болмаған сияқты. Бұрын қалай автобус күттік, солай күтіп келеміз – таблолардың жұмыс жасаған кезін де көрмеппін. Егер дұрыс жүзеге аспайтын болса, басшылықтың ананы-мынаны ойлап тауып, ақша шашпай-ақ қойғаны дұрыс еді. Әйнек аялдамаларды алып келді, қыста суық, жазда ыстық, қазір жақын жердегі талдың астын көлеңкелеп тұрмыз. Таблосы мынау, енді электрондық билет енгізіп жатыр, оның арты не боларын көрерміз», – дейді қала тұрғыны Арман ӘНЕС.

Талқылау