Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында бұрын мүлде кездеспеген ерекше жәдігерлер табылды

Атырау облысындағы жерлеу орындарынан бұрын мүлде кездеспеген ерекше жәдігерлер табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Атырау облысының әкімдігінен

Қарабау-2 қорғанынан бұрын-соңды елде кездеспеген алтын тұтқасы бар екі сынама тас табылды.

“Бұрын сарматтар алтынның түпнұсқалығы мен сапасын осы таспен анықтаған. Қазір мұндай тастарды алтын сатып алушылар пайдаланады. Сондай-ақ жерлеу орындарынан адамның киімінен алтын жапсырмалар табылды. Олардың салмағы екі грамнан басталады. Ең ауыр алтын зергерлік бұйым-екі жағында тау барысы бейнеленген білезік. Оның салмағы шамамен 370 грамм", – деді Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының археологиялық ғылыми-зерттеу қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ғаламат Базарбаев.

Қабірлерді зерттеу кезінде олардың біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда салынғаны анықталды. Олардан әртүрлі зергерлік бұйымдар, заттар, қару-жарақ пен қыш ыдыстар, сондай-ақ адамдардың қаңқалары табылды.

"Табылған артефактілердің жалпы саны мыңға жуық. Олардың тек 100-і алтын зергерлік бұйымдар. Олар жануарлар стилінен жасалған. Сол дәуірде аймақты мекендеген жыртқыштардың суреттерін (барыс, қабан, жолбарыс, ақбөкенді) табылған заттардан көруге болады. Осы зерттеу жұмысының бір бөлігі ретінде бұрын-соңды кездеспеген екі ағаш тостаған жақсы жағдайда сақталған. Қазір олар қалпына келтіріліп жатыр", – деді археологиялық топтың жетекшісі Марат Қасенов.   

Фото: Атырау облысының әкімдігінен

Мәліметтерге сәйкес, үш оба қазылған, олардың әрқайсысында шамамен 10-15 қабір болған.

Археологтар сарматтар діни көзқарастарына байланысты тұрмыстық заттармен және қару-жарақпен, сондай-ақ олар қолданған бұйымдармен бірге жерленгенін алға тартты.



"Қарақұдық-1" және "Қарақұдық-2" қорғандары Қарабау ауылынан солтүстік-батысқа қарай 9,7 км жерде орналасқан. Қорғанды зерттеу барысында күміс пиктограммалар, зергерлік бұйымдар, тұрмыстық заттар, темір және қола қарулар табылды.

Археологтардың айтуынша, қазір Атырау облысында 500-ге жуық сарматтық оба бар. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 28 Қаңтар, 2025 16:03
Талқылау