Атасынан айырылған Димаш Құдайберген Малайзияда концерт берді
Осыдан он күн бұрын атасы Құдайберген Айтбаевты ақтық сапарға шығарып салған Димаш Құдайберген Малайзияда жоспардағы жеке концертін өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

©instagram.com/kudaibergenov.dimash
Димаш Құдайбергеннің жеке ән кеші Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өтті.
Күні кеше жақынын жоғалтып, шетелде жеке кешін өткізу Димаш үшін қиын болғаны жайлы әншінің әкесі Қанат Айтбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
“Жақын уақытта отбасымызда болған жағдайға байланысты психологиялық тұрғыда қаншалықты қиын болса да 7 ай бұрын жоспарланып, жүздеген адам дайындығына атсалысқан концертін Димаш ойдағыдай атқарып шықты. Сахна сыртындағы көңіл күйің маған аян, Ақ Диком… Папамыз айтпақшы, "Уәде – құдайдың сөзі", "тірі адам тіршілігін жасауы керек". Малайзиялық көрерменге, Куала-Лумпурға түрлі елдерден арнайы келіп, керемет қолдау көрсеткен барлық жанкүйерге мың алғыс”, – делінген жазбада.
Димаштың өнердегі әріптесі әрі ағасы Сәкен Майғалиев те барынша қолдау білдірді.
“Әкем қайтқаннан кейін мен де бүк түсіп жатып қалдым. "Балам, перзенттік парызыңды орындадың, әкеңнің әруағы разы болсын десең басыңды көтер де, алға бас" деп анам ақ батасын берген. Аллаға күпірлік етуге де болмайды. Димашымыз күллі әлемнің баласы ғой. Тірі адам тіршілігін жасайды. Бір Алла қолдап жүрсін”, – деп пікір қалдырды әнші жазба астында.
Еске салайық, бұған дейін Құдайберген Айтбаевтың 82 жасында дүниеден өткені туралы жазған болатынбыз.
"Акушерге, дәрігерге, медбикеге бересің": Қазақстандықтар мемлекеттік перзентханалардың ақша бермесең қарамайтынын айтып, қызу талқылады