Астанада Абай мұрасын зерттеудің тың ғылыми бағыттарына арналған халықаралық конференция өтті

Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және абайтану ғылымының негізі қаланғанына 120 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сондай келелі жиынның бірі 30 сәуірде Астанадағы ақын атын иеленген №87 мектеп-гимназиясында өтті. "Абайтанудың заманауи парадигмасы: пәнаралық байланыстар және жаңашылдық" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға абайтанушы ғалымдар, зерттеушілер және елшілік өкілдері қатысты.
Абай мұрасын зерттеудің тың ғылыми бағыттарын айқындау және Абайтану саласындағы инновациялық әдістерді қолдану мүмкіндіктерін саралау мақсатында ұйымдастырылған шараға 250-ге жуық жұмыс түскен әрі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өңірлерден орта білім беру ұйымдарынан 170-ке жуық педагог қатысты.
Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия
Халықаралық конференция Астана қаласының Білім басқармасы, Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, Астана қаласы әкімдігінің "Әдістемелік орталығы" МКҚК, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы өкілдерінің ұйытқы болуымен өтті.

Фото: Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия
Мектеп әкімшілігі конференцияға арнайы келген қонақтарды білім ордасының ауласына киіз үй тігіп, "Зере" әжелер мектебінің әнімен, оқушылардың күйімен қарсы алды. Сондай-ақ бір мезетте бірнеше бала хакім Абайдың "Әсемпаз болма әрнеге" өлеңін жатқа оқып берді. Мектеп ішіне аяңдаған қонақтарға "Сен де бір кірпіш дүниеге..." жобалар алаңы таныстырылып, ақынның әндері шырқалып, өлеңдері оқылды. Сондай-ақ оқушылар шараға жиналған қауымға "45 қара сөз" абсурд драмасын ұсынды.
Фото: Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия
Салтанатты жиында Астана қаласы "Әдістемелік орталығы" МКҚК талдау және мониторинг бөлімінің әдіскері Күнімбала Баяхметова шараның мақсатымен таныстырып өтті.
"Астана қаласына қарысты білім басқармасында бүгінде 114 мемлекеттік мекеме бар десек, осы білім беретін ұйымдардың 112-сі қазір жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде 15 "жайлы мектеп", 32 колледж, 3 арнайы мектеп, 11 қосымша білім беру орталықтары және 500-ге жуық балабақша бар. Міне, осы білім ордаларының барлығында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгінгі шарада "Абайдың ілім-білімін, шығармаларын бүгінде қалай оқытып, баланың бойына қалай сіңіріп жатырмыз, Абай мұрасын балалар оқушылық функционалдық сауаттылығында қалай қолданады, ХХ ғасырдан ХХІ ғасырда туған тұлғаның ерекшелігі қандай, өскелең ұрпақтың дара тұлға ретінде өзіндік ерекшеліктері, бойына біткен қадір-қасиеті қандай, алған білімін қалай пайдаланады?” деген сұрақтар төңірегінде келелі кеңес құрмақпыз", - деп бастады сөзін Күнімбала Баяхметова.
Жиында Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль мырза сөз алды.
"Абай Құнанбайұылының 180 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлы ойшылдың рухани мұрасы – барша адамзатқа ортақ қазына", - деп атап өтті Ку Бон Чхоль мырза.
Айта кетерлігі, Ку Бон Чхоль мырза Абай мұрасымен Қазақстанға келместен бұрын танысқан.
"Абайды қазақ халқының ұлы ойшылы, данасы, ұстазы деп білемін. Қазақстанға келгеннен бастап бұл елде Абайға деген құрметтің зор екенін байқадым. Абайдың адамдарды байлығына қарап емес, ойына, біліміне қарап салыстыру керек дейтін ойын өзіме түртіп алдым", - дейді құрметті қонақ.
Айтулы шараға арнайы шақыртылған жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай өз сөзінде дарынды балалардың өнеріне тәнті болғанын ерекше атап өтті.
"Бүгін Абай туралы ақыл айтамын ба деп келіп едім, балалардың өнерін тамашалап, Абайдың жан-дүниесін сыртқа шығарған оқушыларды көргеннен кейін мен “мұнда үйренуге келген екенмін” деген ой түйдім. Заманнан түңіліп, "Ей, Абай-ай, ей, қазақ тілі, сенің күнің батып бара ма, шығып келе ме?" дейсің. Қазақ басқа тілде сөйлесе де, жансебіл қылып өмір сүреді. Бірақ тілі өлсе –өзі өлгені, Абай өлсе – қазақтың жүрегі өлгені. Бүгін оқушылар үміт жақты" - деп тебіренді абайтанушы ғалым.
Шарада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы "Абай академиясы" ғылыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір, жас ғалым, Хаджеттепе университетінің PhD докторанты, "Абай өлімінің сынағы" кітабының авторы Фатих Йылмаз, PhD докторы Мәрлен Әділов, журналист, "Толық адам және 4 даму" кітабының авторы Ернат Рахметолла, физика пәнінің мұғалімі Кеңес Дауыл баяндама жасап, Абай мұрасы6 оны бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру мәселесі бойынша ойларын ортаға салды.
Фото: Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия
Жиынның салтанатты бөлімі ақын, Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызының "Абай жолы" кейіпкерлері және Абай" атты Түркияда жарық көрген еңбегінің тұсаукесеріне ұласты.
"Бұл менің көп жылдан бері атқарған жұмысымның нәтижесі. Осы күнге дейін "Абай жолы" романының кейіпкерлері, романдағы негізгі нысандар, қазақтың ұлттық құндылығы, киім үлгілері, жылқы атаулары, Абай мінген жылқылар, Абайдың туыстық айналасы сияқты дүниелерді жинақтап, әрқайсының нақты санын шығарып, екі бөлімнен тұратын кітап шығардым. Бұл кітапты шағын энциклопедия деуге болады", - дейді Алмахан Мұхаметқалиқызы.
Ақын мұрасын, қара сөздерін дәріптеуге арналған еңбектердің қатарында Абай атын иеленген мектептің 11-сынып оқушысы Әділхан Рахымбайдың "Абай shyn" деп аталатын еңбегін атап өткен жөн. Бұл күнделікті Әділхан құрдастарын ойшыл айтқан "толық адам" тұжырымына сай болуға жетелеу мақсатында шығарғанын айтады.
"Сан алуанын көрген соң жігіттерге қызығушылығым мүлде жоғалып кетті": Бодимассажбен айналысқан қазақстандық қыз бастан кешкенін айтты